АРМАН ӘУБӘКІР: Ертегінің құдіреті

2600
Adyrna.kz Telegram

Бүгін бір-екі ойға алған тәуекелдерімнің ақталғанын шын сезініп, шаттандым. Ішкі әлемімді айрықша қуаныш кернеді. Тағы да бір тәуекел идея келді…

Тәуекелдерімнің көбі ақталып жатыр. Ақталмағандары да, атқарылуы қиындары да жоқ емес, бар. Бірақ түбі орындаларына сенемін. Бәлкім, жылдар кететін шығар. Оған әбден дайынмын. Бірақ, мақсат - айқын.
Ал енді мен неге солай арманшылмын? Және тәуекел етуден еш қорықпаймын. Оның сырын бүгін ғана түсінгендеймін. Сіз білесіз бе? Оның сыры әкемнің қиял-ғажайып ертегілерінде екен. Иә, иә, жәй ғана ертегілер. Әкем марқұм ертегі айтқанда көркем, шебер тілмен, қызықты оқиғалармен құлпыртып айтушы еді. Сол сиқырлы ертегі әлемінің қалай өзім басты қаһарманына айналып кеткенімді де байқамай қалушы едім. Бүкіл қым-қиғаш, шытырман оқиғалар көз алдымнан өтеді. Әкем бір ертегіні айтқанда екінші жолы оқиғаларын мүлде бұрынғы айтқанына ұқсатпай құлпыртып басқаша өрбітіп жіберер еді. Әкем “Тұйғын жігіт” деген ертегіні жиі айтатын. Менің бала қиялым “Тұйғын жігіттей” батырлықты, тапқырлықты, мәрттікті аңсайтын.

Ертегі кейіпкерлерінің бәрі де түрлі-түрлі кедергілерден, қиындықтардан өтеді, қорықпай тәуекел етеді. Бірақ түптің-түбінде жеңіске жетеді, жетістіктің жемісін жейді. Менің бала санама, анығрақ айтқанда түп-санама сол қиындықтың бәрі де ұлы арман, ұлы мұрат жолындағы уақытша кедергілер, барлық оқиға жақсылықпен, игілікпен аяқталады деген сенім нық орнап, “бағдарламаланған” екен. Әкем менің, асыл да ардақты әкем, қарапайым қазақтың ертегілері арқылы менің баянды болашағымды, кемел келешегімді қалыптастырып жатқанын сезді ме екен, сезбеді ме екен, білмеймін. Бірақ дәл қазір мен соның жемісін, нәтижесін көріп жүргенімді 100 пайыз сеніммен айта аламын. Әлгі ертегердің ғаламат та ғажайып қуаты сол, кез келген соққыдан оп-оңай орнымнан тұрып, бастаған істерімді одан сайын жігерлене жалғастыруға қуат, күш-жігер табамын. Өйткені, санаға әбден сіңген ертегі әлемінде басқаша болуы да мүмкін емес қой.
Әкем өмірде де қиыстырып өтірік айтатын. Бірақ ол өтіріктері ешкімге зиянсыз еді. Көңілсіз, жайсыз жайттарды жақсы дүние ретінде жеткізетін. Болмаса да болдыға санайтын. “Керемет болғалы тұр!” деп бәрімізді алдағы бір жақсылыққа сендіруге тырысатын. Тұнып тұрған позитив еді. Тек қана игілікке ұмтылған аппақ көңілін түсінбеген біз пақыр “жоқ нәрсені айтпаңызшы”, “болмайтын дүние ғой” деп өтірікке балап, ыңғайсызданушы едік. Сөйтсем, ертегішіл әкемнің де көңілі ертегі әлемін аңсайды екен ғой, сүреңсіз өмірді бір сәт болса да ертегілер еліне жақындатқысы келіп, шамалы қалыпты тіршілікке бояу қосады екен. Мұны ұға қоятын бізде сана ол кезде қайдан болсын. Кім білсін, кейде әкем жазушы болса, тәп-тәуір жазушы болар ма еді деп те ойлаймын.

Әкем домбырамен ән де салатын. Анам да ән салғанды ұнатушы еді. Электр сөңіп қалғанда май шаммен бір дастархан басына жиналамыз. Сондағы отбасымызбен ән айтқан кездеріміз нағыз бақытты шақтарымыз екен. Әкем домбырамен әлдебір әуендерді шертіп орындайтын. Шебер орындаушы болмаса да, әкемнің шерткен әуендерінде ішкі жан-дүниесіндегі бір тұңғиық терең мұңы, әлдебір қол бұлғаған сағынышы, бәлкім жеткізбеген армандары аңғарылатын. Қалай болғанда да сол домбыраның қоңыр үніне құлақ түріп тыңдағанды ұнататын едім. Көбіне сол сиқырлы әуенге тербетіліп жатып ұйықтап кететін едім. Бәлкім, әкем сол домбыра әуенімен маған өз армандарын аманаттап кетті ме екен? Атымды да “Арман” деп сол үшін қойған шығар…

4 жасымда әріп таныдым. 5 жасымда ертегі кітаптар оқыдым. Кітап оқуға деген құмарлық сол ертегі оқуға қызығушылықтан басталды. “Әлем халықтарының ертегілерінің” 2 томдығы - менің өмірімдегі ең алғашқы жеке кітаптарым. Мал бағып жүріп сол кітаптарды оқимын деп талай сиыр, бұзау жоғалтып әкейден таяқ та жеп едім…

Әке туралы айтқанда анамның аялы алақанын, шексіз махаббатын, даладай дархан мейірімін қалай атамай өтуге болады.
Мектепке жиі-жиі барып, жарыс атаулының кестесін біліп алып мені аудандық сайыстарға күні-түні дайындайтын. Ұялшақ едім, сахнаға шығуға, көпшілік түгіл бір кісі алдында сөйлеуге ыңғайсызданатынмын.
Мал бағып жүріп қиялдаймын, өзімше бір әлем құрып, сол әлемде өмір сүремін. Өзімше сол әлемнің патшасымын. Бала кезімде көбіне өзіммен-өзім ғана ойнаушы едім. Кісікиік дей ме, сондай болдым. Алдымнан кісі шықса, қиялым, ойымдағы оқиғаларды бұзғым келмей, әлгі адаммен сөйлеспес үшін қашып, басқа жақпен айналып өтемін. Сөйтіп жүріп тіпті адамдарды жатырқайтын жағдайда жеттім. Ал анам жарыстарға жиі қатыстырып, бойымдағы сол қасиетті өзгертті. Ел алдында тайсалмайтын күйге жеттім. Соңғы оқу бітерер жылы ҰБТ-ға дайындық кезінде де таңғы 4-ке дейін менімен бірге ұйықтамай тест сұрақтарын қойып, қырандай баптады.

Әкем қатал еді, анам өте жұмсақ болды. Әке қаталдығы өмірде оңай берілмеуге, бекем болуға тәрбиеледі, ана мейірімі ізгілікке, қайырымдылыққа баулыды.

Басқа балалар жарысқа ұстазымен барса, мені анам жарыстарға өзі жетелеп апаратын. Сайыс барысында менен артық уайымдап жүреді. Кейде әділетсіздіктер жанымызға жара салады.

Біз анамыз екеуміз үйден ауданға жарысқа шығарда әкеміз алақан жайып бата беретін. Әкей ақ батасын берген күні көбіне-көп орын аламыз, кемінде ынталандыру сыйлығы бұйырады. Ал анаммен ренжісіп қалған күндері бата бермей теріс қарап жатып алатын. Ондай күндері жүлде де жоқ, басқа да жоқ, босқа шаршап-шалдығып қайтушы едік.

Қайран, балалық шақ! Ата-ананың ыстық махаббатымен, ерекше сенімімен өскен біз ертегілердегі батырларша “отқа салса, жаңбайтын, суға салса, батпайтын” рухты тәрбие мектебінен өткен екенбіз. Қарапайым ғана ата-ананың өз перзентіне деген алғаусыз, шексіз сүйіспеншілігі арада қаншама уақыт өтсе де қоғамға қызмет етіп келеді. Кішкентай үйдегі май шамның жылуы бүгінде лаулап жанып, айнасына жылу таратып келеді. Сол үшін тізерлеп тұрып ата-анамның әруағына тағзым етемін! “Мен сіздердің өмірлеріңіздің жалғасымын!” деп бар дауысыммен айқайлағым келеді.

Суретте: Ата-анам, дәл қазір есімін ұмытып тұрған бір ағам және әкейдің тізесінде отырған мен.

Пікірлер