Бүгін 1929 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген Бибігүл Төлегенова 94 жасқа толды. Танымал әнші туған күнінде өз ізгі ниетін білдірді.
«Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, шаңырақтарыңызға амандық, төбемізде таза, ашық аспан, тыныштық, жан дүниемізде бүгінгі қардай қуаныш пен нұр болуын тілеймін. Тәуелсіздік күні - Қазақстан үшін өте үлкен мереке. Осы күні бәріміздің денсаулығымыз үшін тост көтерулеріңіз керек деп ойлаймын», - деді туған күн иесі.
Бибігүл Ахметқызы өзінің 70 жылдан аса шығармашылық жолында жүздеген опералық партияларды орындап, «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған», «Тақиялы періште» фильмдерінде өзіндік бейнелер жасаған, ал аты аңызға айналған әншінің орындауындағы «Бұлбұл» әні дүниежүзіндегі өнерсүйер қауымның есінен мәңгі ұмытылмас.
1958 жылы Москва қаласында қазақ өнерінің онкүндігінде әншілік биігінен көрініп, сол жолы Қазақ ССР халық артисі атанады. Әнші Ленин ордені мен Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1966), СССР халық артисі (1967).
Бүгінгі күнге дейін Бибігүл Төлегенова атындағы 11 халықаралық вокалдық байқау өткізіліп, ондаған өнерпаздың өркендеуіне серпін беріп, әлемдік аренаға жолдама берілді.
«Адырна» ұлттық порталы