Ермек елден кеткенін ескертті

1732
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/11/ermek-tұrsynov-foto-960x500.jpg?token=a25de7cceeda544b077c990eb15035c5

Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов әлеуметтік желіде Қазақстаннан кеткенін жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, ол өз еркімен елден кетуге мәжбүр болған, себебі қысым күшейіп, бостандығына қауіп төнген.

«Продюсеріме қатысты қылмыстық іс қозғалғаны өткен шақты еске түсіруге мәжбүр етті. Бір сөзбен айтқанда, мен мұның бәрін бұрын да бастан өткердім. Қазір снарядтар маған барған сайын жақындай түсуде. Сондықтан біржақты билет сатып алуыма тура келді», – деп жазды Тұрсынов.

Ол продюсері Қанат Төребайды тергеуге шақырғанын, бірақ нақты қандай себеппен екенін ашып айтпады.

«Мені бір ақымақ дау-дамайларға араластырғысы келеді. Ақталуға, түсіндіруге мәжбүрлейді. Ал мен ондайды қаламаймын», – деп мәлімдеді режиссер.

Ермек Тұрсынов қай елге кеткенін нақтыламағанымен, «алыста жүрмін» деп қысқа ғана жазды.

«Білесіздер ме, бұл әрине, қайғылы жағдай. Бірақ мен басқа жол көріп тұрған жоқпын.  Мені бұл елден жай ғана қуып шығарды», – деді ол.

63 жастағы Ермек Тұрсынов – журналист, сценарист, жазушы және кинорежиссер. Оның фильмдері екі рет Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылған. 2010 жылдардың соңында Қазақстан Кинематографистер одағын басқарды. 2019–2021 жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған.

Комментарии