Облыс әкімі дарынды оқушылармен кездесті

1711
Adyrna.kz Telegram

2018-2019 оқу жылында «жүзден жүйрік шыққан» халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен спорттық жарыстардың, дүбірлі өнер додаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін алқалау шарасы өтті Өскеменде. Бұл салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы қатысты.

 

Кездесу басталмай тұрып аймақ басшысы Даниал Ахметов оқушылардың ғылыми жобалары мен өнербатыстары назарға ұсынылған көрмені аралап көрді. Көрмеде не жоқ дейсіз? 3D модельдеуден бастап роботтық техниканың алауан түрі, химия мен инженерияның жетістіктері, күн батареясымен ұшатын ұшақ, автоматтандырылған әуежай, тіпті Шолпан планетасындағы бұлтты қаланың нобайы да осы жерден табылады.

– Сіздер алтын кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Кейінгі 10-15 жыл көлемінде адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы түйінін таба алмай келген жаңалықтар ашылып, игілікке айналуда. Бүгінгі көрмеден сіздердің әрбір іске шығармашылықпен, тың идеямен, ерекше ынта-қызығушылықпен кірісіп жатқандарыңызды байқадым. Біз облыста сіздер сияқты қабілетті балалардың бойындағы дарынын ұштап, қандай да бір жетістікке жетуі үшін кешенді іс-шаралар атқарып, барынша жағдай жасап отырмыз. Бүгінгі күні елімізде ІТ-сыныптар ашылып жатыр, бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Жыл сайын оқушылар өздерінің қарым-қабілеттерін Skills for geeks чемпионатында, ІТ-фестивальде көрсетіп, жетістіктерге жетіп жүр. Осының бәрі ел ертеңі – жастар үшін істеліп жатқан жұмыстар, – деп атап өткен облыс әкімі Даниал Ахметов дарынды оқушыларға алғыс хаттар мен грамоталар, сондай-ақ бағалы естелік сыйлықтар сыйлады.

Кездесу барысында алдағы жоспарларымен бөліскен оқушылар аймақ басшысына туған өлкемізді зерттеуге бағытталған археологиялық мектептер мен экскурсиялық сапарлар, IT- технология саласындағы мамандықтардың қаншалықты сұранысқа ие екендігі, стартап-жобалар байқауы жайлы өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды.

«Үздік оқушы-2019» аталымына информатика бойынша ұлттық құраманың мүшесі, жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, Еуразия халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Темірлан Байболов лайық деп танылды.

«Жыл серпіні-2019» аталымы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиаданың жеңімпазы, Өскемендегі №12 мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Хонкуловқа берілді.

Айта кетейік, өткен оқу жылында зияткерлік білім сайыстарына қатысқан шығысқазақстандық оқушылар жиыны 148 медаль иеленген, оның 43-і алтын болса, 50-і күміс, 55-і қола жүлде. Мұның ішінде ерекше атап өте кетейік, 39 медальді оқушылар Оңтүстік Корея, Нидерланды, Бразилия, Индонезия, Австралия, Жапония, АҚШ, Беларусь және Ресей сынды шетелдерден еншілеп қайтқан.

Қуан Сейіт

Пікірлер