Home » Айдарлар » Қоғам » Комиссияға дастархан жайған мұғалімдер 20 тәулікке қамалуы мүмкін

Комиссияға дастархан жайған мұғалімдер 20 тәулікке қамалуы мүмкін

Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ атындағы мектеп мұғалімдері облыстық білім басқармасына қарасты мекемеден келген қонақтарды бай дастарханмен қарсы алған. Бұл заңға томпақ екен. ҚК-тің 247 бабына сәйкес 80 АЕК айыппұл төлейді немесе 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Яки 20 тәулікке дейін қамауға алынуы да ықтимал.

Осылайша облыстық білім басқармасы бастығы Ләззат ОРАЗБАЕВАНЫҢ қарамағындағы ақтөбелік меймандардың іс-сапары аудандағы мұғалімдерді алаңдатып тастады.

Облыстық педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесінің 10 қызметкері  балаларды арнайы білім беру ұйымдарына түзету жұмыстарына жолдама беру үшін тексеру жүргізуге келген екен.

«Аудан мұғалімдері дастарханды өздері ақша жұмсап жаймағандарын айтты. Ол дастархан облыстан келген қонақтардың есебінен жайылыпты. Бірақ дастарханға қарап: «Олар үйде де осылай әдемі тамақтана ма, байғаниндік ұстаздар неге стөл жасау керек,  санитарлық нормаға сәйкес мектеп кабинеттерінде дастархан жаюға рұқсат бар ма?» деген сұрақтар туындады», – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің  сараптама кеңесінің төрағасы Жанболат ТҰРТАЕВ.

Қазір барлық аудан орталықтарында ғана емес, тіпті кейбір ауылдарда жақсы тамақтануға болатын  мейрамхана, дәмхана, асханалары бар. Дастарханды мектепте жаюдың қаншалықты қажеті бар дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне қарайтын «Адалдық алаңы» кеңсесінің өкілдері.

Әрбір тексеріске дастархан даярлайтындар көбіне мұндай жағдайды қазақтың қонақжайлылығымен түсіндіреді екен.

Иә, бір жағынан ол да дұрыс, біз өзіміздің салт-дәстүрімізді және оның маңыздылығын жоғалтпау керекпіз. Бірақ өзіміздің туыстарымызбен мемлекет толық түрде барлық іс-сапар шығындарын өтейтін тексерушілерді шатастыруға болмайды. Оның үстіне тексеріс көп, егер олардың барлығына, яғни іс сапармен келушілерге, күніне бірнеше рет молынан дастархан жайылса ол шектен шыққандық деп түсіндіреді «Адалдық алаңының» баспасөз қызметі.

«Тексерушілер келген сайын  дастархан жаю онсыз да аз жалақы алатын қатардағы жұмысшылардың қалтасын қағатыны анық.  Өз кезегінде, олар жекелеген кәсіпкерлерді еріксіз «кешкі ас» жаюға немесе  бақылаушыларға түнеуге орын ұсыну арқылы сыбайлас жемқорлық қаупін тудыруы мүмкін», – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сарапшылар кеңесінің төрағасы Жанболат Тұртаев.

Қазір аталған оқиға бойынша ақпарат облыстық білім басқармасына қарауға және тиісті шара қолдануға жолданған. Жобалық  кеңсе осы бағыттағы жұмысты әрі қарай белсенді түрде жалғастырамыз деп отыр. Ол үшін жоғарыда аталған оқиғаға бей-жай қарамайтын және осыған ұқсас жағдай орын алғанда хабарлай алатын тұрғындардың көмегі қажет екенін айтады.

Жанар Қожанова

“Жас Алаш”

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Марзия Бекайдар: Қыздар тұрмысқа шығарда неден қателеседі?

Жүрегіңізде реніш болса, ер азаматқа тартымды емессіз Әр адамның бойында ішкі түйсігі, ішкі түсінігі бар. ...