54 жыл жанған. Түркіменстандағы «Тозақ қақпасының» жалыны бәсеңсігені айтылды

306
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/1d106bd3-2dfc-4bc0-9921-19493530ceb5-960x500.jpeg?token=16c7b828e8da84d5f1b6e11bc539d337

Түркіменстандағы Дарваза кратеріндегі жалынның қарқындылығы үш есеге төмендеді, енді от тек жақыннан ғана көрінеді. Бұл туралы Interesting Engineering жазды, деп хабарлайды “Адырна”. 

1971 жылдан бері Қарақұм шөлінде жанып тұрған газ кратері — Дарваза, жұрт арасында «Тозақ қақпасы» деген атпен танымал. Қазір ол газ қорының азайып бара жатқанын айқын көрсетіп отыр. 2025 жылы Ашхабадта өткен TESC халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Түркменгаз» мемлекеттік компаниясының зерттеушілері кратердегі жану белсенділігінің айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді.

Дарваза 1971 жылы болған апат нәтижесінде пайда болған. Сол кезде кеңестік геологтар жер астындағы газ қабатына кездейсоқ тап болады. Адам мен мал үшін қауіпті улы газдардың таралуының алдын алу мақсатында, олар газды жағып жіберуді шешкен. Бұл жалын бірнеше күн, әрі кетсе бірнеше апта жанып барып өшеді деп болжанған. Алайда кратер 50 жылдан астам уақыт бойы жанып тұрды.

https://youtu.be/dQ84fHXpL0U?si=ylGLGw5kxVbrKzVd

«Түркменгаз» табиғи газды зерттеу институтының зертханалар директоры Ирина Лурьева кратердің қазіргі жағдайындағы айтарлықтай өзгерістер туралы хабарлады. Оның айтуынша, бұрын бұл жерден шыққан алып отты бірнеше шақырым жерден көруге болатын. Сол себепті оны «Тозақ қақпасы» деп атаған. Қазір тек әлсіз жану көзі ғана қалған.

Оттың көлемі үш есеге азайған. Ал кратердің маңында қалған метанды ұстап қалу үшін арнайы ұңғымалар бұрғыланған. Ғалымдар жану белсенділігінің төмендеуін жер астындағы жанғыш газ қорының таусылуымен байланыстырады.

Диаметрі шамамен 70 метр, тереңдігі 30 метр болатын бұл кратердегі оттың температурасы 1000 °C-қа дейін жетеді. Ұзақ жылдар бойы Түркіменстан үкіметінде бұл кратерге қатысты пікірталастар болған. Билік бірнеше рет жалынды сөндіру жоспарын жариялаған еді — бір жағынан құнды табиғи ресурстың жоғалуын тоқтату, екінші жағынан атмосфераға бөлінетін метан шығарындыларын азайту мақсатында.

Комментарии