Қытайдағы студенттер көтерілісінен Қазақстанның алар сабақтары

5040
Adyrna.kz Telegram

  Қытайдағы “4 маусым студенттер қозғалысының”  cебептері мен сабақтары

Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1989 жылдың көктемінде Қытай студенттерінің көтерілісі бұрқ ете қалды. Бұл ауқымы жағынан Қытай тарихында бұрын-соңды болмаған деморатиялық қозғалыс еді. 3 маусымнан 4 маусымға қараған түні үш айға жуық жалғасқан ереуілді билік танкімен пулеметпен аяусыз жаныштады. Сол қозғалыстың қатысушысы ретінде,оқиғаның 30 жылдығында  аз-кем мойын бұруды, оның туу себептері мен қалдырған сабақтары, еліміздегі түртіп қалсаң жарылғалы тұрған бүгінгі жағдайда ескерер тұстары жайлы сөз етуді жөн санадық.

1989 жылдың 15 сәуірінде, 1986 жылы “капиталистік еркінсуге ырық беріп, комунистік биліктің әлсіреуіне жол берді” деген айыппен ҚКП бас секретары қызметінен босатылған Ху Яубаң кенеттен қайтыс болды.  1975 жылы ҚКП орталық комитеті ұйымдастыру секторының меңгерушісі  болып тағайындалғаннан кейін, Ху жұмысын атышулы мәдениет төңкерісі кезінде нақақтан жазаланған кісілерді ақтаудан бастаған-ды. 1984 жылдың аяғында нақақтан күйген 3 млн адам ақталып, оңшылдыққа қарсы науқан тұсында қараланған 550 мың зиялының атағы қалпына келтірілді. Бұл жағдай Худы халықтың шексіз ықыласына бөледі. Онымен қоймай, Ху қатып-семген комунистік идеологияның тоңын жібітіп, әлеуметтік сана мен баспасөзге, комунистік тізгіндеу шеңберінің ішінде, мейлінше еркіндік берген басшы болды. Сонысымен де зиялы  қауым мен жастардың риясыз қошаметіне ілікті. 1981 маусымында ҚКП төрағасы болып тағайындалғаннан кейін, Ху халықтың билікті сынау, еркін пікір білдіру құқығы, баспасөз бостандығы сияқты комунистік режим қабылдай алмайтын жағдайларға аса төзімділік, тіпті, қолдау танытты.

Нәтижесінде, халық, әсіресе, жастар жағы, зиялы орта саяси реформа жүргізу, адам құқықтарын сыйлау, демократиялық сайлау, тұрғындардың еркіндігін әлі де қамтамасыз ету, бөтен көзқарасына байланысты қамаудағы  тұрғандарға бостандық беру сынды талаптармен университет аудиториялары мен үндеу парақшаларын таратуды місе тұтпай, көшелерге ереуілге шыға бастады.  Бұған ҚКП одан ары төзе алмас еді. Жұрттың талабын “буржуазиялық еркінсу” деп бағалаған ҚКП, осыған жол берген Худы қызметінен шеттеті (16.01.1987.).

Осындай халықтың қалаулысына айналған кісінің қазасы әлеуметті қайта топтастырды. Өйткені, халық оның қазасына,  екі жылдан бергі үнсіздігі үшін өздерін қарыздар санаған болатын. Сондықтан да, оны ақтық сапарға шығарып салумен бірге, оның орындай  алмаған арманын қайта көтеруді мұрат тұтты. Сол тұстағы елдегі әлеуметтік жағдай да халықты бас көтеруге итермеледі. Соңғы жылдарғы реформалар елдің бай-кедей болып екі жаққа жіктелуін асқындырып, саяси шиеленісу фактілерін көбейтіп жіберген-ді.

Жұмыссыздық етек алып, заттардың бағасы шарықтап кеткен еді (1989 жылы 18.5%-ке жетті). Осылардың барлығы жинала келе халықтың наразылығын асқындырып, көшеге жетеледі. Сол тұстағы саяси кеңістік те бұған жол берді. Өйткені, Худың орнына тағайындалған Жау Зыяң да көзқарасы анағұрлым кең, саяси ұстанымы мeйілінше либерал, нағыз реформатор тұлға еді. Осындай жылымық  саяси ортаны оңтайлы пайдаланған студенттер, Ху Яубаңды аза тұту орайымен неғұрлым еркіндік пен демократияны талап еткен ынталарын білдіруге Тиянанмин алаңына бет түзеді. Мұның ақыры Қытай астанасындағы студенттердің алаңды тұтасымен басып алуына, ЖОО студенттерінің өзін-өзі басқару бірлестігін құрып,  билікпен текетіресуге, биліктег саяси жүйені түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеуге тықсырған шын мәніндегі демократиялық ереуілге ұласты.

Оның үстіне Қытайдың күллі аумағын шарпып, тұтас мемлекеттік қозғалысқа айналды. Әу баста жастарға жанашырлық пейіл білдірген ел халқы бірте-бірте оларға рухани қолдаумен бірге материалдық көмек ұсынатын қуатты қайнарға айналды. Олардың талаплары да әлеуметтік теңдік сұрау, жемқорлықтың жолын кесу, бағаны қолжетімді ету сияқты алғашқы арнасынан асып, түпкілікті саяси өзгерістерге бет алды. Бұл енді ҚКП түбегейлі режиміне соқтығу болып табылатын. Бұған жол беру ҚКП үшін өліммен тең еді.

Сондықтан да, “барлық тәсілді іске қосып, керітөңкерістік сойқанды” басу туралы шешім қабылдап, 3 маусым күні Тиянанмын алаңына әскер кіргізіп, 4 маусым таңғы 6-ға дейін, алаңды тап-тұйнақтай қылып тазартуға пәрмен берді. Барлығы солай тынды да. «Дың Щяупиң заманының» авторы EZRA F. VOGEL-дің  жазуынша, армия кірудің алдында алаңда 100 мың ереуілші болған екен. Таңғы сағат 2-де олардың неше мыңы қалыпты. Сағат 4-те алаңның жарығы сөндірілген. Сағат 5.40-та жарлық талабындағыдай, алаңда бір де бір ереуілші қалмаған. Алаңдағы кісі шығыны жайлы деректер сан-саққа жүгіреді. Бірнеше күн өткеннен кейінгі үкіметтің есебінде 200 адамның өлгені, 2000-ының жараланғаны айтылады. Іле шала Дың Щяупиң көтерілістің басылуы  Қытайға 10-20 жылдай тұрақты дамуға уақыт сыйлағандығын мәлімдегені бар. («Дың Щяупиң заманы», 588,597 беттер, Қыт.)

30 жылдық дербес дамуымызда ел есебінде  айтарлықтай жетістіктерімізбен бірге пұшайман болар тұстарымыз да бар. Төңірегімізде болып жатқан үдерістер  және оның салдары мен сабақтарына бажайлап, одан қортынды шығарудың пайдасы болмаса зияны жоқ. Оның үстіне біздің қоғамда да екі тапқа жіктелу, билік пен қоғамның өзара алыстауы, әртүрлі әлеуметтік наразылықтардың белең алуы мен етек жаюы, қара халықтың әділдікке деген шөліркеуі т.б. мәселелер күн тәртібінде тұр. Ең өзектісі, түрлі әлеуметтік топтардың ереуілге деген сұраныстары артып барады. Ол әрине, осы топтардың тиісті сұраныстары мен үміт еткендерінің қанағаттанбауынан туындап отыр. Оның аяқ астынан ілікке алғысыз себеппен үлкен лаңға ұласып кетуі бек мүмкін. Адамдардың пікір білдіру, қалауын жеткізу еркіндігін құрсаулай беру оның тілегін басқаша жолмен білдіруіне мәжбүрлеуі ықтимал. Қытай ҒА саясаттану институтының сол тұстағы директоры, студенттер қозғалысын астыртын үрлеген “қара күш” деп танылып, АҚШ-на депортацияланған Ян Жиячидің бағамдауынша, “Қытайда тиісті БАҚ еркіндігі мен сөз бостандығы болмағандықтан, халықтың қалауын жеткізетін қандай да бір жол  тапшы болды. Сондықтан, алаң нұсқасы, яғни жиылып көшеге шығу халықтың ерік-тілегін білдірудің соңғы форматына айналып қалды”(BBC). Демек, билік халықпен, қоғаммен үзіліссіз диалогта болуы, жұртқа олардың талап-тілектерін жеткізетін арналарын аршып отыруы, керек болса, осындай жолдарды мақсатты түрде ұсынып отырғаны ләзім.

Әділін айтар болсақ, 1989 жылы Қытайдың экономикасы болсын, қоғамдық дамуы болсын, адамдардың рухани шырайы болсын, 10 жылдың алдымен салыстырғанда, көш ілгері-тін. Алайда бұл жұрттың бәрінің разы-қош екендігінен дерек бермесе керек. Практика көрсеткеніндей, қарыны тойып, киімі бүтінделе бастаған Қытай халқы басқа сұраныстарының барлығын, комунистік қапырықтан безініп еркін тыныстауға зәру екендіктерін паш етті. Қозғалыстан кейін АҚШ-на жер ауып, онда «Қытай көктемі» басылымын шығарушы Ху Пиң ''қоғамдағы өзгерістердің өзі адамдардың тұрмысын онан ары төзгісіз жағдайға келтіріп, оларды бастарын бәйгеге тігуге мәжбүр етті деуге келмес. Қайта жағдайдың жақсаруы олардың реформаны онан ары тереңдетуге деген талаптарын жани және пәрменді ете түсті''(BBC) дейді.

Қытайдың студенттер ереуілі, әлеуметтік теңсіздікті жою, бағаны тұрақтандыру, жемқорлықты ауыздықтау, жалпылама демократияны дәріптеу сықылды талаптардан басталған-ды. Осылардың бастау көзіне үңілген сайын, мәселенің түп тамыры тағайындаулы билік, авторитарлы жүйе, құрсауланған бостандық сынды сірескен жүйеде екендігі мағлұм бола берді. Студенттер талабы да кезегінше осы аңғарға ауысты. Біздің елде де “алдымен экономика, соңынан саяси жаңғыру” дейтін ұстаным басшылыққа алынып келді. Жақындағы жағдайларды зерделесек, өте-мөте, көктемгі билік ауысымынан кейін, халықтың жүйелі саяси өзгерістерге ықыласты, тіпті зәру екендігін бағамдар едік. Балалы әйелдер әлегі, ұшқындаған жеке бас көтерулер, сайлау нәсихаты барысындағы оппозиция өкіліне алабөтен көңіл-күй, осылардың барлығы да түбегейлі саяси жаңғыруларды қолқалайды.

Қазір саяси тақырыпта ең көп ауызға алынатын термин---арандату болса керек. Билік үшін де, өзгеріс күткен көп үшін де, екеуінің өзара ықпалдасуы мен сенімі үшін де, шын мәнісінде, үшінші күштің көрінеу және жасырын әсер етер әлеуетін төмен бағалауға болмайды. Қытай студенттерінің демократиялық қозғалысы кезінде АҚШ елшілігі қызметкерлерінің немен “қанжілік болғанын” жазсақ та жеткілікті.

David Shear : “елшілік қызметшілерінің бөлісілген қызметі болар-ды. Бірақ, сол көктемде ешкім өз жұмысымен айналысқан жоқ, біздер бірте-бірте велосипедпен көшелерді кезіп, Қытайдың саяси  жағдайынан хабар беретін тілшілерге айналып шыға келдік. Біз көтерілісшілерді жақыннан бақылауға құлшындық, өзіміздің елшілік адамдары екенімізді білдіруге тырыстық”(BBC).

Осы жүргендерінде олардың Қытайлықтарға шынымен емешегі езіліп бара жатты деуге келмес. Ал, сөйткен “жанашырлардың” жантәсілімде кірерге жер таппай пана сұраған Қытайлықтарға мәмілесі мынадай болған. АҚШ Қытайдағы елшілігінің саяси бөлімінің қызметкері James Keits: “aдамгершілік тұрғысынан, Америка студенттерге қол ұшын беруге тиісті еді, бірақ олай істей алған жоқ. Бұлай етсе Қытай мен АҚШ қатынасының келешегіне ықпалы жаман болар еді”(BBC). Мұнан алатын сабағымыз сол, жұртшылықтың өз талап-шағымдарын білдірерде, қашанда өз ақылдары мен түйсіктеріне жүгінуге, үшінші біреуге сенім артпауға дағдыланғаны абзал. Өйткені, анау үшін оның өз мүддесі алғашқы кезекте болмақ та, сенің қалауың оның құралы болып қалуы мүмкін.

Құрмет Қабылғазыұлы     

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер