Ұстаздар сыны орынсыз, отставка президенттің қолында – Министр

1745
Adyrna.kz Telegram

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің отставкаға кетуін президент шешетінін айтты, деп хабарлайды adyrna.kz.

Жуырда елімізге есімі белгілі бір топ ұстаз отставкаға кетуін талап еткен болатын. Мәжіліске келген Ғани Бейсембаевқа дәл осы мәселе сұрақ ретінде қойылды.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жаңа аттестацияның ережесі «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Сол жерде құжатпен танысуға болады.

«Құжаттарды мұқият оқысаңыздар, ондағы негізгі идеология – оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген еді. Бұған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылған. Біз сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім беруді, саналы тәрбие беруді көздейміз. Аттестация ережесі мен жобасы ұстаздар мен педагогтардың талабына сәйкес келеді», - деді министр.

Журналистің «Сонда сіз отставкаға кетпейсіз бе?» деп сұрағанына «Жалпы кез-келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді, - деп жауап берді.

Сондай-ақ ол «Олардың хатынан орынды сын көріп тұрған жоқпын. Олармен кездесіп те жүрмін. Әрбірінің өз ұятына қалдырдым”, - деді.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын бір топ мұғалім президент пен Мәжіліс төрағасына ашық хат жолдап, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап еткен болатын. Мұғалімдердің айтуларынша, Ғани Бейсамбаев жаңа қызметке кіріскеннен кейін министрліктің басшылық құрамына ауыс-түйіс жасаған.

Пікірлер