Қызылбай көтерілісі

2551
Adyrna.kz Telegram

Қарағаштың батысында «Қызылбайдың қырманы» деген жер бар. «Бұл жерде Сыбаннан шыққан Қызылбай егін егіп, қырман салған деседі. Кейіннен мал-мүлкі кәмпескеленіп, қызылдарға қарсы көтерілісті басқарған...» деген әңгімені бала кезден жиі естуші едік. Осы кітапты жазу барысында Аягөзде тұратын Қызылбайдың Тұрдыбай атты тікелей ұрпағымен жүздесіп, төмендегідей деректерді алудың реті келді:

«Қазақ жерінде 1928-29 жылдары басталған ірі байларды кәмпескелеп, жер аудару және тап ретінде жою науқаны халқымыздың басына үлкен апат әкелді. Шаруақор қазақтың ата кәсібі – малы тартып алынып, халық аштық құрығына ілінді. Міне, ел басына осындай қаратүнек орнаған кезде, Кеңестік империяға ашық қарсы шығып, қолына қару алған ерлер де болды.

1929 жылдың қыс ішінде Ақсуат –  өңірінен шыққан руы Малтүгел Қатыран, Мақатай, оқыған азамат мұғалім Ақанғали, Сыбан Қызылбай, Серікбай, Әліпби секілді  60-70 беделді адам қасына ақсуаттық Бейсенбайұлы Төлеубайдың жігіттерін қосып  көтеріліске қатысады. Қисықтың Қаражалында бекінген олар қыс бойы әлденеше рет келген қызылдардың бетін қайтарған. Көтерілісшілер 1930 жылдың жазында өзінен күші әлдеқайда басым үкімет әскерінен жеңіліс табады. Ерлікпен шайқаста біразы оққа ұшып, біразы қолға түсіп, Төлеубай, Қызылбай  қоршаудан аман құтылып кетеді. Осының жалғасын Жәкула болыс, Шәріп Садыхан бастаған қарулы қақтығыстары тапқан.  1931 жылы Қытайға өтпек болған 700-ден астам шаңырақты Көкпекті аудандық ГПУ бастығының орынбасары Ростченко бастаған қызыл жендеттер Тарбағатайдың Сарышоқы асуында тосып жатып, үш жүз сексен адамды пулеметтің жеміне ұшыратады. Ал Төлеубай болса сол беті Қытай асып кетіп, сонда дүние салады.

Осындай атыс-шабыстың бірінде бір жігіт мерт болады. Қызылдар теріс насихат жүргізу пиғылымен, өздері өлтірсе де, «ағаңды өлтірген бандылар» деп өтірік жала жауып, марқұмның қарындасы Мәруа қызға ел аралатқызып, жоқтау айтқызған:

Төлеубай басшы, Қатыран,

Мақатай залым, антұрған.

Момынға тиіп залалың,

Нақақтан ағам атылған.

Ақанғали, Серікбай,

Көзім көрді шерікті-ай.

Осыларға өкімет,

Не қылса да ерікті-ай.

Қасымның ұлы Әліпби,

Қаражалдан тіктің үй.

Өкіметке оқ атқан,

Осыларда бар ма ми?

Сыбаннан келген Қызылбай,

Қайғымен көңілім бұзылды-ай.

Қолға түспей кете ме,

Мың жасаған құзғындай?![6]

Осылай деп сол қоғамда жағымсыз адам қылып көрсетуге тырысқанымен бүгінгі таңда Қызылбайдай батырларымыздың шынайы бейнесі қайта ашылып, руһымыз оянып, тарихымыз жаңғырып жатыр.

Қарағаштың төңірегінде аталас Шектібай, Ішпекбай,Тоқтанайлардың бейіттері бар, «Қызылбайдың зираты қайда?»  деген заңды сұрақ туындайды. Тікелей ұрпағы Қызылбаев Тұрдыбайдың айтуынша: «Қызылбай бабамыздың  жатқан жері Үржар ауданындағы тауларда. «Қызылдар» оның басына ат басындай алтын тігеді. Қызылбай Қытайға асып бара жатқанда кенеттен хәлі нашарлап, «Менің сүйегімді жерлеген соң, жермен-жексен қылып тегістеңдер», – деп өсиет қалдырыпты».

Аягөз ауданы, Ақшәулі ауылының тұрғыны Бекбаев Бейісхан Қайырханұлы 1948 жылы ҚХР Шағантоғай жерінде туған.1968 жылы Мыңбұлақ орта мектебін бітірген.1974-75 жылдары Семейдің бір жылдық көркем өнерпаздар жетекшісін баян аспабы бойынша бітірген. 1973- 2010 ж.ж. ауылдық мәдениет үйінде клуб меңгерушісі, Ақшәулі орта мектебінде музыка пәнінен сабақ берген.  Көптеген әндердің авторы.  Осы таңда зейнеткер, ақылман ақсақалдардың санатында. Ол өзінің үлкендердің айтуымен жадына тоқыған келесі деректерді көлденең тартады: «Қалың Найманның Сыбан руынан тарайтын Тәңірбергенұлы Қызылбайдың Еңсе, Мұса, Иса деген үш ұлы және Гүлжан, Гүлғайша, Нұрғайша, Биғайша есімді қыздары болған. Менің атам Бекбай Қызылбайдың  Гүлжан есімді қызын алған.

 

                                                                Гүлжан   Қызылбайқызы       

       

  Нұрғайша Қызылбайқызы

 

Мен Гүлжан әжемнің тәрбиесінде болып, әңгімелерін бала жасымнан жадыма құйып өстім. Әжем ер мінезді, сұңғақ бойлы адам еді. Зұлмат жылдары біздің Бекбаевтар әулетін аман алып қалып, өсірген әжеміздің басынан өткен ауырпашылығы жайлы айтқан әңгімелері әлі есімде: «1932 жылы «компескелеу» басталғанда Сыбанның Еділ деген атасынан, оның ішінде  Жиреннен тарайтын Мамырбек Тәуірбекұлы, Төкенбайдан тарайтын Шәріпұлы Тілеухан аталарымыз да үркінмен бірге жиырма шақты отбасыны бастап амалсыз Қытайға көшеді. Тарбағатайдың Өкпеті тауларына жетіп, түнде жасырынып жатқан кезде Тортай деген туысы шауып келіп: «Қазір сендер бір амал таппасаңдар, таң ата салысымен Сергиопольдегі «НКВД» бастығы Сергей Чипицин бастаған отряд, ішінде екі пулеметшісі бар, қарулы топпен келіп сендерді бесіктегі балаларыңа дейін қырады. Алдымен сол ажал шашқан екі аждаһадан арылмасаңдар, жер құшасыңдар», – дейді.

Қолына бесатар мылтығын алған Мамырбек «Мен саған бейкүнә сәби мен қауқарсыз қарияларға оқ атқанды көрсетейін», – деп  бауыры Тілеуханды алып, биік таудың басына шығып, жол ториды. Айтқандай -ақ, таң ата салысымен шауып жеткен қызыл отряд  аттарынан түсіп, жолдың шетіне пулеметтерін орната бастайды. Құралайды көзге атқан екі мерген екеуін қалпақтай түсіреді. Есі шықан Чипициннің қарулы отряды апыр - топыр кері қашқанда тағы да бір-екеуін жайратады да, тұтқынға түскен бір сарбазын байлап-матап өздерімен бірге алып кетеді. Мінезі қиқарлау Тілеухан атамыз оған тісін қайрап: «Мына көккөз иттің баласын тамаққа ортақ қылмай атып тастайын ба?», – деп тап - тап береді екен.  Мамырбек атамыз жас сарбазға араша түсіп, шекараға жеткенше (кепілдік ретінде) бірге ұстап, шекараға жақындағанда оны босатып жіберіпті. Қуғыншылар қаптап, тұс –тұстан қоршай түседі. Нұрғазының 90 жастағы Қалайы деген бәйбішесі әбден қалжырап, жүруден қалады. «Менің кәрі сүйегімді сүйрелемей осы жерде қалдырып, өз бастарыңның амандығын ойлаңдар, балаларым!», – деп кемсеңдейді. Амалсыздан Қалайы әжейді тастың қуысына отырғызып тастап кетуге мәжбүр болады. Гүлжан апамыздың астындағы аты да болдырып, жүруден қалады. Сол кезде Мамырбек: «Гүлжан, Бекбайдың шаңырағын құлатпайық, Қайырханды бізге бер», – деп бес жастағы Қайырханды Қызылбайдың жиырма жастағы Оразбай деген ұлына міңгестіріп жібереді. Гүлжан апамыз атын жаяу жетектеп келе жатқанда Сергейдің әскеріне ұсталып, Үржардың түрмесіне қамалады. Одан босап шыққанда, қызылдар «Әй қатын, Қытайға қарай кетсең атамыз, Аягөзге қарай кері қайтсаң тірі қаласың», – дейді. Содан Гүлжан апамыз Аягөзге қайта келіп Қызылбайдан қалған екі сіңілін тауып алып, соларды паналайды. Баласы  мен туыстарын сағынған ол тәуекел деп қайтадан Қытайға  өтуді жоспарлайды. Сол кездері Сергиопольде Қызыл әскердің маңызды казармаларының бірі орналасқан еді. Сол бекіністің маңынан ағатын  Аягөз өзенінің жағасындағы қалың шілікке жасырынып, әскердің кіріп-шығатын уақытын, ат байлайтын жерлерін, мініске күйлі жылқыларын анықтап алады. Су тасып жатқан көктем мезгілде жолға қоржын, киім-кешегін дайындап, казармадағы күзетшілерге білдірмей жылқының ішіндегі ең жүйрігін  ерттеп, мінеді де Аягөз суына қойып кетеді. Гүлжан апа сол қашқаннан Шәуешек базарына жетіп, туыстарымен кеткен Қайырхан баласын іздестіреді. Сол жерде бір танысы кезігіп, сүйінші сұрап: «Балаң аман, Ергейті деген жерде»,  – дейді. Қуаныштан көз жасын төккен ана байғұс, атының үстіндегі ағылшын ертоқымын сатып, сүйіншісін береді. Ергейтіге барса бесік той болып жатыр екен. Сол жерде ағайын - туыс, баласымен жылап көріседі. Қалтасында қалған қаражатқа Қайырханды баққан Рауия деген апаға алғысын жаудырып, сый-сияпатын жасапты.

Мамырбек, Тілеухан Ергейтіде қыстап шығады да туыстарын түгендеу үшін ата қоныс Отиярға қайта келеді. Жандарына үшінші болып Мамырбектің бір балдызы ілеседі. Қайтар жолда тағы да атыс - шабыс, қуғынға ұшырайды. Жоғарыдан «банды Мамырбекті» тұтқындау туралы бұйрық алған С.Чипициннің қарулы қолы тағы да аңдып, іздеріне түседі.  Өкпетінің тұрғы-тұрғыcына шығып, сақтықпен жортуылдауға тура келеді. Бір мезетте шаңын будақтатып қуғыншылар да көрінеді. Кілең  әскери формалы орыстардың арасында, үстіне тон, басына тымақ, аяғына саптама етік киген бір қазақ жігіті жол бастап келеді екен. «Осы қанішерлерге жол көрсетіп жүрген сендей сатқынды бірінші жайратайын», – деп қарауылға алады. Бірақ: «Ит те болса қазақ қой» деп оны аяп, өлімге қимайды. Қалғанын құралайды көзге атқан Тілеухан екеуі көзді ашып-жұмғанша ат бауырына түсіреді. Қазақша киінгені ғана аман қалып, кері қашады. Кейіннен белгілі болғандай сол ажалдан қалған адам Сергей Чипициннің өзі екен.

Олар сан қатерден аман өтіп, Отиярға жетеді. Бірде  тұманды күні  жақтан екі салт атты келе жатады. Олар Сергиопольдегі мұғалім туысы Түсіпхан мен Қожахмет еді. Ыдырысов Қожахмет деген Сәнкемір тауының етегіндегі Батпақты өзенінің бойында орналасқан «Сталин» колхозына алғаш мектеп салуға ықпал болған ағартушы мұғалім.

Қожахметтің басында қызыл әскердің шошақ қалпағы бар екен. Мамырбек «атпаңдар» дегенше болмай, балдызы ойланбастан шүріппені басып жібереді де, Қожахметті мерт қылады. Түсіпхан: «Бұл бейбақтың ешқандай жазығы жоқ, Қытайдағы туыстарын іздестіру үшін, сіздермен жолығуға келе жатыр еді»,  – дейді. Марқұмды астындағы атымен өзенге тастайды. Түсіпхан қайтадан Сергиопольге келгенде Қожахметтің жоқтаушылары арызданып, оны сұраққа алады. Сонда Түсіпхан: «Қожахмет орта жолда Қарағаштағы туыстарына қарай кеткен, мен Отиярға қарай жол тарттым», - деп ақталған болады. Бірақ, бір топ адаммен түрмеге қамалып, айдауға түскен Түсіпхан қайта оралмайды.  Оқиғаға қатысы бар делінген осы адамдардың қудалануына себеп болған Кеңес өкіметінің Сергиопольдегі жұмысшы шаруа депутаттарының төрағасы Жанаманов Мұхамеди 1938 жылы өзі де «халық жауы» болып атылып кетеді.

Мамырбектер біраз туыстарын ертіп, қайта Қытайға өтеді. Атамекеннен келген жерлестерінен Түсіпханның түрмеге қамалып, із-түзсіз кеткенін естиді. Сол кезде мінезі шодырлау Тілеухан : «Сенің кесіріңнен қаншама туысым кетті, Түсіпхан бауырым да жазықсыз қор болды», – деп  Мамырбектің балдызына тұра ұмтылыпты.  Ағайын арашаға түсіп, жас жігітті алып қалады. Бірақ кекшіл де суыққанды Тілеухан Қожахметті өлтіріп,Түсіпханға кесірі тиген жігітке маза бермей қойыпты. Амалы таусылған ол қайтадан атажұртқа өтпекке бел буады. Осы мезетте Тілеухан да ізінше бір - екі күн жоқ болып кетеді. Артынан «Мамырбектің балдызы шекараға жетпей мерт болыпты» деген хабар келеді. Гүлжан апа өз қайнысы Тілеуханның есімін әзілдеп «Шұбар ит» деп атапты. Кейінге дейін «Мамырбектің балдызының түбіне жеткен осы «Шұбар» деп айтып отыратын. Гүлжан апамыз 1959 жылы Қытайдың Шағантоғай ауданындағы Жүнжүрек деген жерде қайтыс болды.

Жиырма шақты шаңырақты Қытайға дейін аман-сау жеткізген Мамырбек, 1955 жылы қайтадан ата жұрты Отияр, Қарағашқа келеді.

Ауыл ақсақалдары, көз көргендердің айтуынша: «Мамырбек көзі өткір, түсі суық, мінезі ауыр, зор адам болыпты. Көзді ашқалы ат үстінде ғұмыры өткен ол, шау тартқан шағында да салт жүргенді ұнатқан. Аласапыран заманда соңынан қуған дұшпанды ат бауырынан атып құлататын қас мерген болмағанда ол тірі қалып, ұрпақ сүйетін бе еді? Өмірі атыс-шабыс, қуғын-сүргінде өткен ол, кейінгі бейбіт заманда да техниканың үні «тарс» ете қалса болды бұрынғы оқтан тығылатын әдеті бойынша, лезде ат бауырына ауып кетеді екен.

Ауыл шетінде бір топ жігіттер мылтықпен құмыра көздеп ата алмай жүреді. Сол мезетте қоржынында азық-түлігі бар Мамырбек сол маңнан өтіп бара жатады. Балаларға тістеніп сөйлейтін әдетімен «Беріңдер, бесатарды, оны олай атпайды»,- деп ауызын жиып алғанша болмай, қас-қағым сәтте-ақ бірнеше құмыраның  күлпаршасын шығарып, атын тебініп кете барған.

Зираты Отиярда. Мамырбектің бәйбішесінен Жақсылық туады, екінші әйелінің есімі Біржан, зираты Қарағашта, Жақсылықпен қатар жатыр. Жақсылықтың бәйбішесі Күлбаран көзі ашық, іскер адам болғандықтан Қытайда зәңгілік билікті атқарған» , – дейді.

Осы кітапқа ақыл-кеңесін айтып, жазба деректерін ұсынған аягөздік қарт қаламгер Қайыртай Қажығұлов Мамырбек туралы: «Мамырбек менің анам Қамиланың аталас туысы екен. Менің әкем Қажығұл орта шаруасы бар молда адам болған. Мамырбектермен бірге ол да конфескеге ұшырап, түрмеге қамалған. Біраз жыл қамауда болып, бостандыққа шыққан соң абақтыда жабысқан  көк жөтел кесірінен көз жұмды. Зираты Көктерек деген жерде. Менің білетінім, Мамырбек орта шаруасы бар, жаужүрек, мерген адам болған. Конфискация жылдары Сыбанның Қызылбайы бастаған Аягөз, Жарма,  Шұбартау, Ақсуат, Абайдың ер азаматтары бас қоса қаруланып, большевиктерге қарсы шыққан. Ақшатаудың Сандықтасының төбесіне шеп құрып, ұзыннан-ұзақ шұңқыр қазып, тастан қалқа жасап бекініп, атысып алдырмай қойған орындары әлі бар.

Бірақ шиті мылтық, қылышпен жарақтанған топты басу үшін құрамында пулеметшілері бар «НКВД» отрядтары мен қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлікпен қамтамасыз етілген кедей табының өкілдері жұмылдырылады. Күштері тең болмаса да, барынша қарсылық танытып баққан көтерілісшілер жан сауғалай жүріп ұрысуға мәжбүр болады. Ауылдағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге қауіп төнген соң Қызылбай, Мамырбектер туыстарын түгендеп Қытайға өткен.

Ауыл азаматы Балбазаров Жасболат Саржомартұлының айтуы бойынша мынандай деректер алынды. Апам Нұрғайша Қызылбайқызы атам екеуінің басынан өткен күндерді еске алып отыратын.

Атажұрттары Отияр, Ақбастауда аталас адамдар сай сайын екі - үш шаңырақтан қатар-қатар отырған екен. Ақ патша заманының да, Қызыл Кеңес кезеңінің де куәсі болған олардың бастарынан небір оқиғалар өтіпті.

Ақ патшасы құлап, Анненков, Дутовшылардың қалың әскері Отияр тауы, Аягөз өзенінің бойындағы жазықсыз ауылдарды қырып, аш қасқырша талағанын көрген. Кейіннен қызылдар келіп, елге теңдік алып береміз деп жаңа өкімет орнатып жатты. Бес саусақ бірдей емес, бірі ақылмен үгіт- насихат жүргізіп, халықты бейбіт келісімге шақырса, кейбір шолақ белсенділер  қолыма билік тиді ме, жоқ па дегендей асыра сілтеді. Малдарын дөрекі жолмен тәркілеп, тіпті қару кезеніп мерт етті. Осындай қысымға төзбеген Қызылбай  әкем қолына қару алуға мәжбүр болды. Қызылбай көтерілісінің белді мүшелері Сыбаннан тарайтын  Еділ ата ұрпақтары  Мамырбек, Тілеухан есімді батыр әрі мерген  адамдар болған деседі. Мергендігі соншалық алыста көлденең өтіп бара жатқан аңды көздемей-ақ атып алады екен. Ата жұрттары Қарабұлақ, Отияр, Айғыржал елді-мекені.

«Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын»,  – деп ұрандаған «кәмпескелеу» кезеңінде Мамырбек іспетті ауқатты адамдар өз маңдай терімен тапқан малын қолдан беруге қарсы болады. Оларды жазалауға шыққан ««НКВД»  отрядының бастығын өзін қорғау мақсатында атып өлтіріп кетеді. Содан күйе жағылып, «Банды Мамырбек» атанады. Оқиға былай болған.

«НКВД»  офицері сәлем жолдап: «Бейбіт жолмен келісімге келейік. Қаруыңды тастап, жалғыз кел»,  – деген талап қояды. Бірақ өзі жеңіне тапанша тығып, бір топ нөкерін қалтарысқа жасырып келеді. Мамырбек әйелін таяу жерге қалдырып, айтылған уәде бойынша жалғыз барады. Іші бір бәлені сезгендей шолақ бесатарын тақымына жасыра келеді. Қызыл жендет өзінің арам пиғылын жүзеге асырмақшы болып, жеңінің ішіндегі қаруын шығара алмай қолын сілкілеп тұрғанда, оның ойын сезген Мамырбек тақымындағы бесатарын суырмастан қақ шекеден қағып салады. Болған оқиғаны сыртынан бақылап тұрған нөкерлер тасырлатып қуа жөнелгенде, әйеліне оқ тиіп, жараланады. Әйелін бір жартастың түбіне қалдырып, ізін жасырып қайта келсе, демі үзіліп кеткен екен. Қызылдар марқұмның алтын әшекейлерін түгелдей сыпырып тонап кетіпті. Мамырбек әйелін жерлейді де, жиырма шақты отбасыны Тарбағатай, Өкпеті арқылы Қытай жаққа асу үшін жол бастап кетеді. Сергиопольдегі «НКВД»-ның офицері Сергей Чипицин аламан әскермен іздеріне түседі. Сергей қанішердің – қанішері екен.  Қытайға қарай өтіп бара жатқан талай адамдарын бесіктегі баласына дейін өлтіріп, қырып салыпты.

 

Қазбек Байжұманов

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер