Ұлы дала тарихын әлдекімдердің қамал тұрғызуынан бастау қиянат

1952
Adyrna.kz Telegram

«Өскеменнің пәлен жылын тойлаймыз» деген сөз әр он жыл сайын бір шығады. Осы әңгіменің шеті шықса болды берекесі айрандай ұйып отырған қала жұрты сиырдың бүйрегіндей бөлектеніп шыға келеді. Неге? Жауабы анық, бір тарап қаланың иесі біз, іргетасын өз қолымызбен қалағанбыз деген өктемдігін көрсеткісі келсе, екінші тарап бұл үстемдік жарасына тұз себетін сыңайлы. Тағдырдың салған жарасы туралы сәл кейінірек. Жаңағы әр он жылдағы әңгімеге назар аударайық.

Қаланың тарихы қамалдан басталмайды

Осыдан тоғыз жыл бұрын Өскеменнің 290 жылдығын тойлаймыз дегендерге алғашқы болып облыстық «Дидар» газеті салмақты да салиқалы жауап берген еді. Басылымның 2010 жылдың 13 наурыздағы санында белгілі архаелог Зейнолла Самашевпен болған әріптесіміз Думан Анаштың көлемді сұхбаты жарияланған. «Өскемен қаласының өз ішінде де көне қалалардың іздері табылып жатыр» атты сұхбат болатын ол. Араға апта салмай осы газеттегі Бодаухан Тоқанұлының «Өскемен атауының түбірін өзге тілден емес, өз тілімізден іздейік» деген мақаласы зиялы қауымның ортасында тағы да үлкен аңыс тудырғаны белгілі.

Енді биыл Өскеменнің «300 жылдығын тойлаймыз» деген ойлар әлеуметтік желінің әр тұсынан айтылып қалып жатыр. Бұған әрине, Өскеменнің зиялы қауым өкілдері түбегейлі қарсы. Қарсылықтың екі үлкен себебі бар.

Біріншісі, Өскеменнің тарихы анау айтқандай 1720 жылдан басталмайды. Ұлы дала төсіндегі байырғы өркениет ошағын әлдекімдердің қамал тұрғызуынан бастау тарихқа қиянат, байтақ дала үшін басын бәйгеге тіккен бабалар рухы алдына күнә болары ақиқат.

Екіншіден, қала тарихын үш ғасырдан бастау, оны дүркіретіп тойлау осы өлкенің байырғы иелерінің көңіліне қаяу түсіріп, тағдырлы жарасына тұз себеді. Иә, біреулер үшін қамал тұрғызып, көшпенділер даласын тартып алу той болса, екінші біреулер үшін төсінде төрт түлігін мыңғыртып отырған құйқалы мекенінен айырылу той емес қасірет. Күл төккен күлтелі мекенінен айырылып қырға қоныс аудару кімнің ойын-күлкісін келтіре қояр дейсіз. Түптеп келгенде, Өскеменнің 300 жылдығы деген сайқал тойсымақтың арғы жағында орыс отарының 300 жылдығы деген жалмауыз ой жатқан жоқ па?! Айтпақшы, арғы бабасы Алтайды мекендеген көшпенді жұрт осы отарлық қамалдар құрыла салып қазақтың үштен екісін жалмаған әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін нәубетті бастан кешті. Бұған дейін жоңғармен талай жойқын ұрысты көрген қазақтың барар жер, басар тауының жолында осы қамалдар тұрғандықтан сырға бет бұрды емес пе?! Одан кейінгі ашаршылық... соғыс... қазақтың қабырғасын қақыратқан тек осылар ғана ма еді?! Ол басқа әңгіме. Біз Өскеменде орыс отарлауынан бұрын да өркениет болғанын түсіндірейкші, білсін білмейтіндер.

Анау Шілікті мен Елеке сазынан табылған көне өркениет, мынау Алтайдың төріндегі Берел, мына іргедегі 3500 жылдық тарихы бар Қарасудағы шахта сынды археалогиялық орындар түсінген жанға Алтай ұлы өркениеттің ошағы екенін, оның тарихы тым әріде жатқанын баяғыда дәлелденген еді. Сондықтан да қазіргі күні облыс басшылығы жоғарыдағы аталған тарихи орындарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге пәрмен беріп, ерекше көңіл бөліп отырған жоқ па? Ал бұлар болса Өскеменнің тарихын бекіністен таратқысы келеді. Ондай ойдағы «зерттеушілер» болса түртіп алсын, бұлтартпас үш дерек келтіріп көрейік.

Бірінші дерек

Үлбі мен Ертістің тоғысқан тұсындағы бұл тарихи мекенде қамалдан бұрын да қала болыпты. ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген Қимақ мемлекетінің өркениет ошағы болғанын айтады Зейнолла Самашев. Тоғыз жыл бұрынғы сұхбаттан үзінді келтірейік.

«Үлбінің Ертіске құяр сағасының жан-жағы табиғи ландшафтпен қоршалған. Осы жерді ыңғайлы көрген Лихарев экспедициясы осында келіп қоныстанған. Бұл мекенде қазақтар қоныстанғандықтан, жергілікті халықтан қорғану үшін олар қамалдар салған. Осы бекіністерді салу арқылы орыс империясы бүкіл қазақ даласын отарлауды бастаған.

Дәл осы Ертіс өзенінің бойында ІХ-ХІ ғасырлық араб тарихшысы Әл-Гардизидің жазуы бойынша Қимақ мемлекетінің үлкен қаласы болған. Бұл туралы академик Болат Көмековтің «Государство кимаков ІХ-ХІ вв.» деген іргелі кітабы да жарық көрген. Яғни, сол ІХ ғасырдың өзінде бұл өңірде мал жайып, шашырап жүрген түркілер ғана емес, олардың мемлекеті болған... Өскемен қаласының өз ішінде де сол көне қалалардың іздері табылып жатыр. Мәселен, қаланың кірпіш зауытына бара жатқан тұстағы жерден топырақ қазып алып жатқанда, талай бүлініп кеткен қорғандар табылған. Бұл – Х ғасырға жататын қорғандар. Одан табылған заттар қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұр. Яғни, бұл жерде орыстар келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жергілікті этностың тіршілігі, тарихи сабақтастығы жойылып көрген жоқ» дейді археолог.

Осылай ой түйген белгілі зерттеуші қаланың қамалдан басталатын тойына түбегейлі қарсы болады.

Екінші дерек

Өскемен қазақтардың ежелгі қонысы екенін дәлелдеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей ел кезген тағы бір ағамыз –өлкетанушы Зейнолла Қайсенов. Саналы ғұмырын туған өлкенің тарихы мен өскен елдің шынайы шежіресіне арнаған қарт тарихшы да Қимақтар дәурінен көп ескерткіштер қалғанын ортаға тартады. Тіпті, ақсақалдың кейбір деректерінде Өскеменге қамал салушылар келген кезде бұл жерде қандай адамдардың мекендегеніне дейін көрсетілген.

«Жыланды ауылының қарт тұрғыны Төрехан ақсақалдың мәліметі бойынша, арғы атасы Қорамсақ Ақтасты (қазіргі Глубокое кенті) ауылынан Тайынтыға ауылымен көшіп келіп, Жанай руына би сайланған. Бірақ кәріліктен қайтыс болып, оның баласы Наурызбай билікке ие болып, 1917 жылы кеңес өкіметі келгенде босап қалып қуғындалғандықтан, 1920 жылдары қашып Өскеменге келіп, Жыландыда тұрып қалады да 1932 жылы 86 жасында сол ауылға жерленеді. Қорамсақтың тұсында Ертіс өзенінің екі жағында Көкжарлы Сарыжомарт аталатын елдің көпшілігі, ал Үлбінің бойында керей ауылдары көшіп-қонып Ертіс бойына қамалдар (крепость) салудың нәтижесінде қазақ ауылдары ығыстырылды. 1830-60 жылдары Бажырақай деген адам Ертістегі темір көпір тұрған жерді бір ауыл қазақтарымен мекендеп, 1950 жылға дейін Бажырақай ауылы аталып, артынан орыстардың көптеп қоныстануына байланысты «Левый берег» аталып, атын жояды. Қазіргі заманымызда Бажырақайдан санағанда 4-5 ата болып келетін ұрпақтары он шақты отбасы, көпшілігі қазақ тілін ұмытқан. Міне, бұл нағыз өлкенің өткен тарихы».

Тура осыған ұқсас әңгімені қабырғалы қаламгер Мүсілім Құмарбекұлы да көзі тірісінде сан мәрте айтып еді. Ол кісінің дерегі бойынша қазіргі Защита ауданы аумағында бұрын найман елінің Жакіш деген байы тұрыпты. Жәкіштің ауылына арнайы сауда керуендері келіп тоқтайтын. Кейін орыс отаршылары келген соң байдың ауылын Ертістен өткізіп, қазіргі Атығай асуына қоныстандырыпты. Өңір руханиятына сүбелі үлес қосқан қос зиялының бұл екі дерегі де көп нәрсені аңғартпай ма?!

Үшінші дерек

300 жылдық тойға түбегейлі қарсы шығып, нанымды уәжін ортаға салып жүргендердің бірі әріптесіміз Азамат Қасым. Ол фейсбук әлеуметтік желісінде "Өскемен – 1000" деген айдармен арнайы зерттеу дүниелерін үзбей салып келеді. Үшінші дерегімізге Азаматтың парақшасындағы мына жазбаны ұсынайық.

«Бұл – Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылынан екі шақырым жерден табылған неолит дәуіріне жататын әйел қорымынан шыққан жәдігерлер. Ескерткішті 1993 жылы өскемендік археолог Александр Ткачев ашқан. Археолог облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізген есебінде бұл аумақты «Меневное ХІ қорымы» деп атап, әйелдің жас шамасы 40-50 (А.Бағашеваның анықтауынша) деп көрсетеді. Бір ғажабы, әйелдің кеуде киімі жағасын қоса алғанда иығынан жеңіне дейін жұқа пластинка тәрізді сүйектен кесіп, тесіліп жасалған жапырақ формасындағы әшекейлермен (олардың саны – 240) безендіріліпті. Белдігі төрт қатар салпыншақтармен бедерленіп, олардың арасы 13 ақбөкеннің алдыңғы күрек тістерімен бекітіліп, белдіктің оң жағына кішкене сөмке ілініпті. Сөмке ішінен жосаның кесегі, тас моншақтар мен кішкене ұлу қабыршағы шығыпты. Мұны сенсациялық жаңалық деуге де болады. «Осыдан 3-4 мың жыл бұрын өмір сүрген әйелдер қалай киінген?» деген сауалға жауап таба аламыз. Әйелдің көйлегі біздің болжауымызша, теріден тігілген секілді. Салпыншақтардың орналасуы әйелдің киімін реставрациялауға мүмкіндік береді. Ескерткіштің құндылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тас дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген бұл әйелдің ақсүйектер әулетінен шыққаны анық. Өңірде бұл кезеңнің ескерткіштері өте сирек», – деп жазады Г.Куш «Шығыс Қазақстан облысы археологиялық ескерткіштерінің тізбесі» атты жинақтағы мақаласында.

Ендеше, өте сирек, өзгеше ескерткішті алдағы уақытта Шіліктіден табылған Алтын адам секілді реставрациялап, тамырлы тарихымызды паш етіп, жұрт назарына неге ұсынбасқа?!» деп жазды журналист.

Басқа қалалар 1000 жылдықтарын атап өтіп жатқан Өскемен тарихы одан әріге кетіп отыр. Тек қимақтар дәурінен бері 11 ғасыр өтіпті. Ойлы оқырман өзіңіз айтыңызшы, Өскеменнің 300 жылдығын тойлайық па, әлде түркілердің түп мекені болған арда Алтайдағы бас қаланың мың жылдығын тойлаймыз ба?!

Пікірлер