Бүгінгі қазақ ғылымының халі қандай?

1317
Adyrna.kz Telegram
Фото: gylymordasy.kz
Фото: gylymordasy.kz

Қазақ ғылымының беталысы, дамуы жайлы пікірлер екіге бөлінеді. Бірінші тарап қазақстандық ғылым дамыған елдердегі ғылым саласымен салыстырғанда әлі де дамуды қажет етеді десе, екінші тарап керісінше, жоғары қарқында жетістіктерге қол жеткізуде дегенді алға тартады. Сонымен, бүгінгі қазақ ғылымының хал-ахуалы қандай?

Күнделікті өмірде Қазақстан ғылымы туралы жиі ойлай бермейміз. Әйткенмен, 2019  жылы басталған COVID-19 індеті ғылымның қаншалықты үлкен күш екенін, оның әлемді бір сәтте астаң-кестеңін шығаратын мүмкіндікке ие екенін немесе ғылымның көмегімен жалпы өркениетті құтқарып қалуға болатындығына көз жеткізді. Ауру өршіп, адамдар індет салдарынан қырылып жатқанда, адамзаттың соңғы үміті ғалымдар болды емес пе?! Сол сәт ғалымдар тез арада шешім қабылдап, вакцина ойлап таппағанда қазіргі күніміздің қандай боларын елестетудің өзі қорқынышты. Сол сәт бүкіл әлем ғалымдары шама-шарқына қарай вакцина ойлап тауып жатты. Сол мезет қазақстандық ғалымдар да дер кезінде вакцина ойлап тауып, қаншама халықтың аман қалуына өз үлестерін қосты. Ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының QazCovid-in вакцинасын ойлап табуы ерлікпен пара-пар іс еді. Бұл вакцинамен елімізде 6 млн-нан астам адам егіліпті.

Биология ғылымдарының докторы Сұлтан Тілеуханов бастаған ғалымдар тобы қанды сүзгіден өткізу арқылы тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Бұл технология адамның ағзасына түскен инфекцияларды өзіне сіңіріп алады. Гемосорбция тәсілімен жүргізілетін бұл әдіс бүйрек, бауыр ауруларының алдын алуға көмектеседі екен.

ҚазҰУ-нің ғалымдары топырақты мұнайдан тазартатын табиғи минерал ойлап тапқан. Аталған минерал топырақты мұнайдың екінші рет ластауына да жол бермейді.

Сонымен қатар, университет ғалымдары қандағы қант деңгейін төмендетуге көмектесетін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайларды да өндіріске енгізген.

«Биология және биотехнология мәселелері» ғылыми зерттеу инсититутының мамандары бекіре балықтарын бактериялардан емдейтін антибиотик жасап шығарды. «Химерлік Индолизин» деп аталатын антибиотик балықтарды емдейді және ол балықтарды жеуге пайдаланғанда адамдардың ағзасына зиян келтіруге жол бермейді.

Айта берсек, қазақстандық ғалымдар ашып жатқан жаңалықтар өте көп. Олардың қатарында жас ғалымдар да бар. Соңғы жылдары балаларды мектеп жасынан бастап ғылымға деген қызығушылығын арттыру шаралары оң жолға қойылды.

Мысалы, пластикалық пакеттерді алмастыра алатын жаңа экоөнім – биопластикті Дария Бегалиева атты оқушы ойлап тапты. Ол дайындаған биопластик қоршаған ортаға зиян келтірмейді, дәнді дақылдардан жасалады.

Play 4 Energy командасы LEAS мектебінің оқушылары  орта санаттағы «Robot Design Award» жоғары техникалық сыйлығының иегерлері атанды. Олар роботты бағдарламалау бойынша үздік деп танылды.

Оңтүстік Кореядағы Woosong университетінің Solbridge Халықаралық бизнес мектебі ұйымдастырған «Жас ғалым» VI Халықаралық ғылыми жобалар байқауында өскемендік Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушылары – Мағжан Сағынғанов и Дильназ Сейілханованың «Полимерлі материалдардан қалдықтарды қайта өңдеу: қайталама шикізаттан бұйымдар жасау және олардың қасиеттерін зерттеу» жобасы алтын және күміс медальдарға ие болды.

Жоғарыда аталған жетістіктер – қазақстандық ғылым саласының кішкене бөлігі ғана. Еліміздің озық университеттерінің ғалымдарымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бұдан да көп. Осы тұста, өңірлердегі жоғары оқу орындарында ғылым саласын дамытудың жолға қойылуы да біршама маңызды. Өңірдегі ғылым туралы, жас ғалымдарды қолдау жайында  Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің электрэнергетика және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының меңгерушісі, доцент, э.ғ.к. Ардақ Ахметбековадан сұрадық.

«Мемлекетіміз ғылым саласына көп көңіл бөлуде. Ғалымдарға көптеген гранттар, стипенциялар беріледі. Мысалы, мен былтыр Жезқазған қаласындағы мыс қорыту зауытына қажетті жоба әзірлеп, 4 млн теңгенің грантына ие болдым. Студентім Нәзира Аймағанбетовамен бірге екі ғылыми жоба әзірледік. Ол екі жоба республикалық жас ғалымдар байқауында екінші орындарды иеленді. Соның нәтижесінде Назира президенттік шәкіртақыға ие болды. Содан кейін ғылыми жетістіктері үшін Назарбаев шәкіртақысын жеңіп алды. Қазір университетте стартап жобаларға басымдық беріліп, бизнес жобалар да қолдауға ие болып жатыр. Біз студенттердің университет табалдырығын аттағаннан бастап ғылымға деген қызығушылығын ашуға тырысамыз. Жыл сайын «Жас ғалым» республикалық байқауына қатысып, жас ғалымдар үлкен сомада қаржылық қолдауға ие болып жатады», дейді ол.

Президентіміздің Қасым Жомарт Тоқаев: «Мемлекет еліміздің ғылым саласын дамытуға, ғалымдарымыздың жетістіктері мен еңбегін бағалауға айрықша мән береді. Биыл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдар ұжымына берілді. Орталық атом-энергетикасы саласында теңдессіз зерттеулер жүргізіп, әлемдік деңгейдегі озық әзірлемелер жасады», – деуі ел ғалымдарына деген риясыз сенімін білдірсе керек-ті.

Пікірлер