Қазақстандағы діни идеологиялардың алғашқы қақтығысы

2637
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы діни идеологиялардың қақтығысу тарихын 1999 жылдың күзінде Алматыдағы Қарасу мешітіндегі оқиғамен байланысты қарастыруға болады. Сол жылы Алматы қаласының Жетісу адандық ішкі істер бөлімінің жасағы Қарасу мешітіне орнығып алған Исматулла жамағатына қарсы арнайы операция өткізді. Ресми мәлімдемеде Торғайдан Исматулла тариқатының медресесінде оқып жатқан ұлы Алмастан хабар алуға келген Бақытжан Фазылова бірнеше күн бойы баласына жолыға алмай әуре-сарсаңға түскені, сөйтіп құқық қорғау органдарына шағымданғаны айтылды. Осы арызға сүйенген полиция мешітке басып кіріп, медресе-шілханада Исматулла тақсыр (сопылық тариқат пірлерін кейде «тақсыр» деп атайды) күшпен ұстап отырған біраз адамды босатты, сондағы жамағатты таратты.
Құжат тексеру кезінде Исматулла мен оның көмекшісінің Қазақстан азаматы емес екені анықталды. Осы іске қатысты оқиғадан кейін өткен сот процестерінің нәтижесі бойынша, Қазақстанда заңсыз әрекет еткені үшін «зікіршілер» (Исматулла тариқатын кейде осылай атайды) бүркеніп жүрген «Төле би» қоғамдық қорының жұмысына тыйым салынды, Ауғанстан азаматтарын - Исматулла Әбдіғаппар мен оның серігін депортацияламақшы болды.
Қарасу мешітінде болған оқиғаның түп төркініне терең үңілсек, ұлын діни сектаның шеңгелінен арашалап қалу үшін Бақытжан Фазылованың арызы бойынша ғана полицияның арнайы операция ұйымдастырмағанын көреміз. Бірнеше жылдан кейін белгілі болғандай, Исматулла тариқаты құрыла сала Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) кикілжіңге ұрынған. Мұның бірнеше себебі бар. Исматулланың орынбасары (тариқат ішінде оны «екінші тақсыр» деп атады) Нарымбай қажы бас мүфти болуға бірнеше мәрте ұмтылды, бірақ оның әркез меселін қайтарып тастаған. Осы ыза оның Исматулла тариқатына қосылуына себеп болған. Екіншіден, Исматулла тариқатының әдептері ҚМДБ-ға бағынышты имамдардың сопылық жөніндегі көзқарасына қайшы болатын. Себебі, ҚМДБ-ның алғашқы бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы діни және педагогикалық білімін Бұхарада алған. Бұл қала нақышбанд сопылық мектебінің орталығы саналады.
Жалпы, 90-жылдардың басында ҚМДБ-ға қарасты мешіттердің түгелге жуығында нақышбанд сопылық мектебінің өкілдері отырды. Оларға ауған-пәкістан қазағының Қазақстанға келе салып Ахмет Яссауи атымен жаңа тариқат құрғаны «бүйректен сирақ шығару» немесе «есіктен кіріп, төр менікі» дегендей көрінді. Әсіресе, Исматулла жамағатының зікірдің жария түрін қолдануы нақышбанд сопылық көзқарастағы мешіт молдаларын шошытып жіберді. Өйткені нақышбанд сопылық мектебі артық қимыл жасап, ыңыранған дыбыс шығаратын жария зікірді «надандық» деп есептейді, ал өздері құпия зікір (имитацияны іштей жасау) салуды жөн санайды және нақышбад тариқаты өкілдері ешқашан зікірді бес уақыт намаздан жоғары қойған емес.
Исматулла тариқатының әдебі бойынша, алқа-қотан топ құрып «ми-жүрек-бауыр» арқылы зікірлеудің имитациялық айналма шеңберінде жүрекке аса үлкен маңыз беріледі және зікірдің басты мақсаты жүректі тазалау ретінде қарастырылады, жүрек тазарса ғана мұсылманның иманы берік болып, ақиқатты жазбай тану жолына түседі (сондықтан өздерін «Яссауи силсаласының мұрагері» санайтын Исматулла тариқатын былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын). Ал нақышбанд мектебі зікірді былайша салуға үзілді-кесілді қарсы, мұндай зікір ақылды тұмшалайды, адамды экстазға түсіреді деп есептейді.
Ахмет Яссауидің атын жамылып құрылған Исматулла тариқаты бірінші кезекте Қазақстанда діни идеологияға монополия ұстап отырған ҚМДБ-ға қарасты мешіт молдаларына қауіп төндірді. Кейбір мәліметтерде ҚМДБ басшылығы күн санап күш алып бара жатқан Исматулла тариқатына тосқауыл қою үшін мемлекеттің жоғарғы билігіне бірнеше мәрте өтініш жасағаны айтылады. Нәтижесінде бұл іспен полиция шұғылдана бастаған.
Исматулла тариқатын таратып, тыйым салуға сол кездегі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генералы В.Симачевтің тікелей басшылық жасағаны кейін белгілі болды. Әрине, заңда көрсетілген наным-сенім бостандығы бойынша мемлекет Исматулла тариқатына қысым жасауға қақы жоқ. Оның үстіне Исматулла тариқаты әрекет етіп отырған «Төле би» қоғамдық қоры ҚМДБ сияқты қоғамдық қауымдасу негізінде құрылған ұйым, екеуінің статусы бірдей. Сондықтан полиция ҚМДБ-ның арызы бойынша дер кезінде шұғыл әрекет етуге дәті бармады, Қарасу мешітіне орнығып алған Исматулла тариқатына тосқауыл қоятын қылмыстық әрекет фактісін іздестірді және ондай фактіні екі жылдан кейін тапты да.
Исматулла тариқаты мүшелерінің пікірінше, 1999 жылы «Қарасу мешітінде баламды кепілде ұстап отыр» деп полицияға арызданған Бақытжан Фазылованың әрекеті шынайы емес, бұл әдейі ұйымдастырылған арандату болатын. Қатардағы қарапайым құқық бұзушылықпен министрдің бірінші орынбасарының шұғылдануы да бекер емес. Бірақ бұл дін мәселесіне, наным-сенім бостандығына мемлекеттің тікелей араласуына дәлел бола алмаса да, Қарасу мешітінде жүргізілген полицейлік операциядан кейінгі оқиғалар күмәнді тіпті қоюлатып жіберді.
Саяси-позициясы күмәнді, журналист Ораз Әлімбековтің қазақстандық сопылар жөніндегі зерттеу мақалаларына қарап отырсақ, 1999 жылдың күзінде Бақытжан Фазылованың арызы бойынша Қарасу мешітіне баса-көктеп кірген полиция отряды медресе-шілханада тәлім алып жүргендердің кім екенін анықтап болғанша қас қарайып, уақыт кешғұрым болып кеткен. Тексеру барысында полиция Қазақстанның азаматы емес екі адамды – Исматулла мен оған көмекші болып жүрген жас қазақ жігітті анықтайды. Медресе-шілханада тәлім алып жатқан басқаларын – Қазақстан азаматтарын (олардың көбісі ҚазҰУ студентері мен аспиранттары және бірнеше кәмелет жасына толмаған ұл балалар) үйлеріне таратады. Кеш батып кетті деді ме, әлде басқа себебі бар ма, ол жағы белгісіз, полиция елдің миграция заңын бұзған шетел азаматтарын – Исматулла мен оның көмекшісін ішкі істер бөлімшесіне алып кетпей, оларды мешітте қалдырады да, сырттай күзет қоюмен шектеледі. Жоғарыдан түскен тапсырма бойынша, оларды ертесіне Алматы қаласы Жетісу аудандық сотына жеткізіп, депортация жасау жөнінде шешім шығару керек-ті.
Мешітті түні бойы сыртынан күзеткен полицейлер ұсталғандарды сотқа алып бару үшін таңертең мешітке кірсе, Исматулла мен оның көмекшісі ұшты-күйлі жоқ. Полицейлік операцияны өзінің қадағалауында ұстап отырған генерал В.Симачев бұл хабарды естігенде бұлқан-талқан болып қатты ашуланыпты. Ол дереу Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) басшыларымен келісіп, шекарадағы өткізу пунктеріндегі қадағалауды күшейтеді де, полицияға Исматулла мен оның көмекшісін іздеп тауып құрықтау жөнінде тапсырма береді. Бірақ шұғыл іздестіру нәтиже бермейді.
Бірнеше күннен кейін ғана арнаулы қызметтің агенттері Исматулла мен оның көмекшісінің Ауған-Пәкістан шекарасынан арғы жаққа өтіп бара жатқанын хабарлайды. Бұл хабар генералды тіптен қатты ашуға булықтырыпты. Ол мемлекеттік шекараға жауапты ҰҚК-нің қызметіне күмән келтіріп, мән-жайды айқындап беруді талап етіп, мәселені күш құрылымдарының басын біріктірген Қауіпсіздік кеңесінің талқысына салады.
Бірі екіншісіне күмән тастап, сенімсіздік білдірген күш құрылымдарының кеңесінде Исматулла мен оның көмекшісін Қарасу мешітінен ұрлап шығып, шекара асырып жіберген сыртқы барлау қызметі екені анықталады. Сол кезде «Барлау» деп аталған бұл құрылым қазіргідей ҰҚК-не бағынышты емес, өз алдына дербес әрекет ететін ұйым болған. Сондай-ақ кеңесте Яссауи атымен Исматулла сопылық тариқатын құру жөніндегі ой сол кезде идеологияға жауапты лауазымды қызмет атқарған беделді тұлғаның аты айтылады.
Бұл жерде «Исматулла тариқаты Ресейдің Кавказындағыдай Қазақстанға сырттан келіп жатқан радикал сипаттағы сәләфилік ағымдардың ықпалына қарсы тұру үшін жасалған жоба болса, онда ол неге ҚМДБ-ға қарсы шықты, жоба мақсатынан ауытқып кетті ме?» деген сұрақ туындауы мүмкін.
Ақиқатында, ҚМДБ-ны біртекті діни ұйым деп қараудың жөні жоқ. Қазақстан мүфтиятының молдалар құрамы Орта Азия мұсылмандар басқармасынан бөлінген 90-жылдардың өзінде-ақ өзгеріске ұшырай бастады. Кейбір дін қызметкерлері араб елдерінде білімдерін жетілдіріп келді. Сауд Арабиясы, Кувейт, Египет сияқты елдердің қолдауымен Қазақстанда діни оқу орындары ашылды. Олардан тәлім алып шыққан түлектердің көбі муфтиятқа қарасты мешіттерге жайғасты. Әсіресе, Сарыағаштағы ағайынды Смановтардың басқаруында болған медресенің түлектері кейінгі жылдары ҚМДБ-ның дәстүрлі құрамын қатты өзгеріске ұшыратып жіберді. Қазақстанда қалыптасқан осы жағдай тұрғысынан алғанда Исматулла тариқатының басқа емес, тікелей ҚМДБ-ға қарсы шабуы о баста сәләфилік ағымдарға қарсы құрылған саяси-идеологиялық жоба жоспарының аясынан шыққан жоқ деген пікір түзуге болады.
Мемлекеттің ішкі идеологияға жауапты секторы әлдебір тариқатты ҚМДБ ішінде күш алып келе жатқан жат ағымға (сырттан кірген идеологияға) қарсы қойып, өзі тасада тұрып, сырттай қызықтаумен шектелген жоқ, әкімшілік ресурстың көмегімен қалыптасқан ахуалды өзгертуге олар да тырысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап идеология секторында басшы қызмет атқарған Алтынбек Сәрсенбаев оппозицияға өткен соң баспасөзге берген бір сұхбатында дін адамын - бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлын өмір бойы ғылыммен шұғылданған Әбсаттар Дербісәлімен алмастыруға көп күш жұмсағанын айтқан болатын. Айтуынша, Рәтбек қажы Нысанбайұлы бас мүфти қызметінен бас тарту үшін А.Сәрсенбаевқа бірнеше талап қойған (Астанадан бір пәтерді жекешелендіріп беру, мерейтойын өткізіп, шапан жауып, көлік сыйлау және т.б.). Талаптың орындалған-орындалмағанын білмейміз, бірақ 2000 жылы Әбсаттар Дербісәлі бас мүфти болып сайланды. Бірақ ол білікті саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың сенімін ақтамады, жоспарға сәйкес ҚМДБ жүйесін ішінен ірітіп бара жатқан деструктивті көзқарастарды залалсыздандыра алмады. Оған нақты мысал ретінде Мұхамеджан Тазабек басшылық жасайтын "Асыл Арна" телеарнасының ҚМДБ-мен бірлескен меморандумға қол қоюы еді.
Бұл оқиғаны мемлекеттік органдардың ҚМДБ сияқты қоғамдық ұйымдардың ішкі ісіне заңсыз араласуының бір мысалы ретінде емес, ҚМДБ ішіндегі ахуалдың сол кездері күрделініп кеткенін, сәләфилік діни идеологияның жылдам жайылып жатқанын, Исматулла тариқаты мүшелерінің не себепті ҚМДБ-ны сын садағының нысанасына алғанын аргументтеу үшін айтып отырмын.
Жоғарыда айтылған оқиғаларға сараптама жасасақ, бір-біріне қарсы әрекет еткен (бір бірімен идея бойынша бәсекелескен деп те айтуға болады) екі діни идеологияның немесе үкіметтік емес (мемлекеттік емес) екі қоғамдық ұйымның (ҚМДБ және «Төле би» қоры) мүддесін мемлекеттік органдардың күйттегені айқындалады. Бұл жерде «дін мемлекеттен бөлінген» деген позицияны былай ысырып қойсақ та, мемлекеттің қоғамдық (діни сипаттағы) ұйымдарға қатысты саясаты біртекті емес екенін көреміз. Мысалы, яссауи сопылық тариқатының лидері Исматулла Әбдіғаппар көші-қон заңын бұзды деп есептеп, оны күштеп депортациялау қажеттігін қаперге алайық. Басқаша айтсақ, заң бұзушылық фактісі бар, енді тергеп-тексеріп, заң талабына сай әділеттілікті қалпына келтіру керек болатын. Сол мақсатты сот шешімі арқылы жүзеге асырмақшы болған полицияның әрекетіне мемлекеттің басқа күш құрылымдары кедергі жасап, Исматулланың заңды депортациясын болдырмай тастайды. Мұндай жағдайда, тым болмаса, соттың заң бойынша шешім шығаруына кедергі келтірген адамдар жазалану керек емес пе? Бірақ ондай әділеттілікті қалпына келтіруге ешқандай мемлекеттік орган әрекеттенген жоқ. Мемлекеттің құқықтық саясатындағы бірізділіктің болмауы мемлекеттік органдардың арасындағы бірлесіп әрекеттесу стратегиясын бұзып қана қоймай, оның келесі заң бұзушылыққа дем беретіні басы ашық мәселе. Исматулла тариқатына қатысты кейінгі оқиғалар соны көрсетеді.

 

Тұрарбек Құсайынов

"Шырмауық" кітабынан

Пікірлер