Сайлау Байбосын. МАСКА САТЫП АЛЫҢЫЗ

2128
Adyrna.kz Telegram

АСҚАЗАНЫҢЫЗ АУЫРМАЙ МА?

(бүгінгі сатира)

Түнiмен iшiм бүрiп, көз iле алмай шыққан соң, таңертең Мықтыгүлдiң ақылымен сүйретiлiп емханаға келдiм. Арқанша созылған ұзыннан-ұзақ кезектiң соңынан iлiгiп, әйтеуiр түс ауа дәрiгердiң де төбесiн көрдiм-ау. Менiң ұсқыныма көңiлi толмады-ау деймiн, көзәйнектiң үстiнен сүзiле қараған дәрiгер мырза тiл қатуға да ерiнiп, не ғып жүрген адамсың дегендей, жай ғана иек қақты.

– Мен... не, ептеп асқазаным ауырып.., – деп бастадым батылсыздау.

– Так, асқазан, значит. Не жеп едiңiз?

– Қара шай, содан кейiн... аздап қара нан...

– Мынаның сөзiн қара, – дедi дәрiгер жанындағы медбикеге бұрылып, – қара шай, қара нан дейдi. Сiз ерiгiп жүрген адамсыз ғой деймiн,ә? Қара шай, қара нан... Ұялсаңызшы айтуға! Бiзде қандай адамдар жатқанын бiлесiз бе өзiңiз?

– Жоқ, бiлмедiм...

– Әрине бiлмейсiз, бiлсеңiз келмес едiңiз мұнда! Жүрiңiз, көрсетейiн.

 

Амалсыздан дәрiгердiң соңынан ердiм. Шеткерек бiр палатаның есiгiн ашып едi, қарны шеңбiрек атып кеткен, денесi көкала қойдай сiлейiп жатқан бiреудi көрдiм.

– Мына адамның да асқазаны ауырады, бiлесiз бе не жегенiн? – дедi дәрiгер науқасты қолмен нұсқап.

– Жоқ, бiлмедiм...

– Әрине, бiлмейсiз. Бұл ақша жеген. Жегенде анау-мынау емес, миллиондап, миллиардтап жеген. Және бiздiң де ақша емес, шетел валютасы, доллар, еуро, тағы сондай. Шетел ақшасын жегендердi емдеу өте қиын. Жатыр енді мiне, ес-түссiз.

– Сұмдық екен!

– Бұл ештеңе емес, жүрiңiз басқасын көрсетем.

Келесi палатаға кiрсек, денесi қара қошқылданып кеткен бiреу кереуетте әрi-берi аунап, сандырақтап жатыр екен. Денесiнiң әр жерiне кәдiмгiдей шөп шығып кетiптi. Ғұмырымда денесiне шөп өскен адамды бiрiншi көруiм, зәрем ұшты.

– Ал айтыңызшы, бұл адам не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер масаттанған кейiппен.

– Бi-і-білмедiм...

– Бұл мықтымыз жер жеп қойған. Жер болғанда бiрнеше жүз гектар. Және даланың да жерi емес, Астана мен Алматының қақ ортасынан жеген. Оның қорытылуы қиын болады. Жатыр мiне, өлейiн деп ендi...

– Астапыралла!

– Жүрiңiз, келесi палатаға.

Келесi палатаның босағасын аттауымыз мұң екен, жермай иiсi алып кеттi. Денесi қап-қара болған бiреу тынымсыз дөңбекшiп жатыр. Тiптi астына төсеген ақжаймасына дейiн қап-қара болып кетiптi.

– Ал мынаны не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер салтанатты түрде.

Мен үн-түнсiз басымды шайқадым.

– Солай ма?! – дедi менiң сасқаныма әбден риза болған дәрiгер. – Бұл адам асфальт жеген.

– Асфальт?..

– Иә, кәдiмгi жолға төсейтiн асфальт бар ғой, соны жеген.

– Құдай сақтасын! Қанша жеген сонда?

– Әй, айтшы, қанша жедiң? – дедi дәрiгер ыңырсып жатқан сырқатқа бұрылып.

– Жүз елу шақырымдай болады ғой деймiн.. – дедi әлгi даусы қырылдап.

 

Шынында да, асфальт жеген жаман болады ғой деймiн, әлгi байғұс мертiккен сиыр құсап ыңқылдай бередi.

– Так, ендi келесi палатаға барайық, – дедi өзiне-өзi әбден риза болған дәрiгер.

– Жо-жоқ, рақмет, мен кетем, үйге барам, қазiр асқазаным тiптi ауырып тұрған жоқ.

– Болмайды, көрiп кетiңiз! – деген дәрiгер, менi ерiкке қоймай жетелеп келесi палатаға ала жөнелдi.

Кiрсек, темiр тордың ар жағында екi көзi алақ-жұлақ еткен бiреу отыр. Терезенi ашып қойғанмен, жанармайдың иiсiнен бас айналады. Бiздi көрген сырқат жалма-жан тордан басын шығарып:

– Айналайын, дәрiгер, бiр стақан бензин бершi, басым ауырып өлiп барам, сексенiншi маркалы болса да жарайды, – деп жалынғанда, әлгi байғұсты жаман аяп кеттiм.

– Бұл не жеген? – деймiн ақырын дәрiгердi түртiп.

– Бұл ма, бұл мұнай жеген, анығырақ айтқанда iшiп қойған. Жүздеген тонна! Былайша айтқанда, мұнайдың алқашы. Қазiр емделiп жатыр. Күнiне 10-15 литр бензин iшпесе, ұйықтай алмайды. Бiз бұны жеке қамап ұстаймыз. Әйтпесе бiреу-мiреу бұл жерде байқамай шырпы жақса, бiттi, бүкiл емханамыздың күлi көкке ұшады.

Шынымды айтсам, жаным бақайымның ұшына барды:

– Дәрiгержан, айналайын, Құдай үшiн кетейiкшi! Ендi бұл араға өлсем де келмеймiн!

– Ә, солай ма?! Көзiңiз жеттi ғой ендi, кiмдер емделiп жатқанына?

– Жеттi, жеттi...

– Емделуге қалмайсыз ба?

– Атамаңыз, құрысын!

Емханадан қалай атып шыққанымды бiлмеймiн. Есiмдi үйiме жеткенде бiр-ақ жинадым. Маңдайымның терiн сүртiп, iшiмдi әрi-берi сипап байқасам, ешқандай ауырғаны да бiлiнбейдi, тiптi тап-тамаша. Қара шай мен қара нанның арқасы шығар, тәубә дедiм iштей сосын.

 

 

МАСКА САТЫП АЛЫҢЫЗ

(бүгінгі сатира)

Күн жексенбі болғасын, Мықтыгүлмен екеуміз қол ұстасып базар аралауға шыққанбыз. Қалтамызды қампитып тұрған теңгеміз болмаса да, Мықтыгүлдің: «Не істейміз үйде отырғанда, ел мен жұртты көрейік, өзімізді көрсетейік» – деген сөзінен соң шығуға тура келді.

Мен базар араламағалы не заман. Қарасам, осы қаланың қыбырлауға жарайтын адамының бәрі бүгін базарға жиналған секілді. Ерсілі-қарсылы ағылған ел. Ештеңе сатып алмасақ та, көппен бірге жайма сөрелерге көзімізді салып, сенделіп жүрміз. Кенет бір дүкеннің маңдайшасындағы:

«МАСКА АЛЫҢЫЗДАР!

ҚАЛТАМ ҚАЛЫҢ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ,

АТЫМ ЖҰРТҚА МӘЛІМ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ,

ЕЛДЕН АРТЫҚ ХАЛЫМ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ!

МАСКА АЛЫҢЫЗДАР!»—деген әлем-жәлем өлеңдеткен жазуды көзім шалып қалды. «Жаңа жыл баяғыда өтіп кетіп еді, бұл не қылған маска екен, көрейікші» – деп, Мықтыгүлді жеңінен тартып, әлгі дүкенге бас сұқтық.

–Келіңіздер, келіңіздер! – деп елпілдей қарсы алды сатушы, тура бізді күтіп отырғандай. –Қане, қандай маска таңдайсыздар? Ақша мен байлық әкелетін бе, жай ғана шайлық әкелетін бе, қызметте өсіретін бе, болмаса шет елге көшіретін бе, әлде жалғанды жалпағынан басып жүретін бе, долларды оңды-солды шашып жүретін бе? Қане, айтыңыздар, қандайы керек, бізде бәрі де бар!

Шынында да сөре толған небір түрлі маскалар екен. Біреуі зәреңді алатын құбыжық секілді болса, енді бірінің жүзінен мейірім төгіледі. Кейбірі өзіміз теледидардан күнде көріп жүрген қайсыбір белгілі адамдарға ұқсайды. Кейбір маскалар тіптен қорқынышты...

–Бұлар сонда... не маскалар? Қандай пайдасы бар? Бағалары қанша? – деп сұраймын сатушыдан.

–Енді ол өзіңіздің қандай маска таңдауыңызға байланысты. Бағалары да соған сәйкес.

–Мысалы... ана бір тұрған не қылған маска? Екі көзі мен екі құлағы жоқ, бірақ тілі сала құлаш?

–О-о-о, бұл депутаттың маскасы. Ешнәрсені көзі көрмейді, құлағы да естімейді, бірақ сөйлегенде бұлбұлша сайрайды. Бағасы әрине, өте қымбат. Бұны алсаңыз, жоқ дегенде парламентте бір сайлау мерзімін отырып шығасыз. Оған сөз жоқ. Сосын бағасын аздап түсіріп, басқа біреуге сатып жіберуіңізге болады.

–Қызық екен! Ал мына бір тілі ортасынан кесілген не қылған маска?

–Бұл тілдері шолақ шала қазақтардың маскасы ғой. Негізі солтүстік өңірдің қазақтарына арналған. Себебі, басқа жақ көп ала қоймады. Бірақ пайдасы шаша-етектен. Бұл маскаға ие болсаңыз, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында аудандық, облыстық әкімдіктерге қиналмай жұмысқа тұра аласыз. Қысқасы, бұл маска мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Сертификаты бар. Қымбат тұрады.

–Ой, Аллай! – деймін таң-тамаша қалып. –Ал, енді мына бір төрт бұрышты кірпіш секілді не маска? Не көз, не құлақ, не ауыз жоқ? Миының орны да бос тұр.

  –Бұлар негізінен сот, прокуратура, полиция саласының қызметкерлеріне арналған. Бұны алсаңыз, сіздің атыңызға айтылып жатқан небір жағымсыз сөздер де, сыни пікірлер де құлағыңызға жетпейді. Және ешкімге жауап беріп әуре болмайсыз. Себебі, ешнәрсе естімейсіз, көрмейсіз. Сатып алсаңыз, жоғарыда аталған кез келген қызметке кіре аласыз. Бағасы да айтарлықтай.
   Бағанағыдай емес, менің қызығушылығым тіпті артып барады. Қалтамда ақшам болмаса да, дәл бір сатып алатын кісі секілдімін.

–Сұмдық екен! Мына бір аузына доллар салып шайнап тұрған маска жайлы айтыңызшы.

–Ол – мұнай өндіру саласы, Қазақстан темір жолы, Қазақтелеком, Қазпошта, Самұрық-Қазына, «Бәйтерек», Кәсіпкерлер палатасы секілді әркімнің қолы жете бермейтін мекемелердің басшыларына арналған. Бағасы да удай қымбат. Ал, ала алсаңыз, мыршымға баттым дей беріңіз. Тамақ пен сусын ішпейсіз, тек доллармен ғана қоректенесіз.

–Ойпырмай, ә! Естімеген елде көп деген осы. Ал, енді ана бір бет-аузы әжім-әжім, шашы ағарған, көзінің оты сөнген, ұсқынсыз не қылған маска?–

–Астапыралла!Құрысын! 

–Ой, бұл ұлт жанашырларының маскасы ғой. Сіздерше қалай, «нацпат» дей ме? Мені тыңдасаңыз, бұл масканы алмай-ақ қойыңыз. Бұнымен ешбір жер сізді жұмысқа алмайды. Полиция мен прокуратура соңыңызға түседі. Тіпті жындыханаға да жауып тастауы мүмкін. Оны алсаңыз, тектен-текке өз жаныңызды өзіңіз жейсіз де жүресіз.

 

–Егер сізге қымбаттау болып тұрса, басқадай маскалар бар. Мысалы, әр Жүздің, әр рудың деген секілді. Міне, көріңіздер...

–Ана бір жүзі жылы, жымиып тұрған не маска екен?

–О, бұны алуларыңызға болады, бұл оңтүстіктегі ағайындардың маскасы ғой. Бағасы да қымбаттау. Бұл маскаға қоса екі қолдың алақаны бірге сатылады. Біреуі беретін, біреуі алатын қолым деген сөз. Пайдасы өте зор. Бұл маскамен сауда да істей аласыз, мемқызметке де, құқық қорғау орындарына да орналасуға болады.

 

–Ғажап, ғажап! Ал солтүстік өңірлерде тұратын қазақтардың маскасы бар ма?

–Әрине, бар,—деген сатушы тағы бір масканы алып шықты.

–Ойбай, мынауыңыз қазақа келмейді ғой. Екі көзі тұздай, шашы сап-сары.

–Бәрі дұрыс, бәрі дұрыс. Бұның себебі, сіздер енді басқаларға қарағанда, орыс ағайындарға бір табан жақын тұрасыздар ғой. Тілдеріңіз де орысша. Сосын солай жасалған. Оған ренжімеңіздер, бізде арнаулы сараптамашылар бар, солардың айтуымен жасалады. Мысалы, өзіңіз айтып отырған сол солтүстік жақтан бір адам ана кезде біраз жыл үкімет басқарды, бірақ не жасады ұлт үшін? Жанына ылғи орсы, неміс, еверей ағайындарды жинады. Бір облыстың дүние-мүлкін соларға меншіктендіріп берді. Сарапшылардың айтуынша, ол адам басқаларға жуық, қазаққа суық болған...


–Иә... енді ол жағыңыз дұрыс...

–Ал, егер шынымен масканы алғыларыңыз келсе, – деді дүкенші, –менің сіздерге айтар ақылым, мына бір масканы алыңыз.

–Ойбай, андағыңыздың бет-жүзі жоқ, теп-тегіс бірдеңе ғой. Және төбесі тесік пе, не өзінің? Бұл кім сонда?

–Бұл – кәдімгі мәңгүрт. Оның нақтылы бет-бейнесі жоқ. Оған тіл, дін, ұлттық намыс деген секілді ештеңе керек емес. Мемлекетті кім басқарып жатыр, кім қай тілде сөйлейді, оған бәрібір. Әйтеуір қарны тоқ болса болды. Және кімге де болсын құл болуға дайын тұрады, қожайынның айтқанын екі етпей орындайды. Әрине, жақсы маска емес, түсінем, бірақ нағыз осы заманға лайық дүние. Уайым-қайғысыз өмір сүресіздер. Бағасы да арзан. Алыңыздар, өкінбейсіздер.
Сөйтіп жарым сағат әңгімелесіп, әлгі дүкеннен дел-сал болып шықтым. Не істесем екен?! Қымбат маска ала қоюға жағдайым жоқ. Ал, арзанына... Әлде сол мәңгүрттікін ала салсам ба екен? Азар болса, біреудің басыбайлы құлы болармын. Бірақ қарным тоқ, уайымым жоқ болады ғой. Қой, не де болса, үйге барып, жақсылап ойланайын дедім сосын.

Пікірлер