Қала мен далада мотоцикл жүргізіп, скутер айдаған, электрлі самокат тізгіндегендердің саны артып, көлік қақтығысының азаюына ырық бермей тұр. Соған сай мемлекет басшысы электронды самокатты қолдануға қатысты жаңа заңға қол қойған.
«Жол қозғалысы туралы» заңға бағынбаған самокат тізгінгерлеріне 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салу, қамауға алу, басқару құқығынан айыру да қарастырылып отыр. Скутер жүргізушісіне қатысты да заң күшейді. Енді скутер жүргізгісі келгендер 18 жасқа толуы керек. Сондай-ақ қолында жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы қажет.
КҮНКӨРІС ҚАМЫ
Мотоциклді тізгіндеудің бір шеті материалдық қажеттіліктермен қабысатыны рас. Рас сөзді Алматы жастары да жоққа шығармайды. Мысалы, өз нәпақасын мотоциклге міне жүріп тапқысы келгеннің бірі – Елтай Орманов өз сұхбатында былай дейді:
"Үш ай тағам тасушы болып мотоцикл жүргіздім. Негізі өте қауіпті. Әйтеуір тапсырысты уақтылы жеткізіп берейін деп жанталасып асығасың. Ағылған көліктердің арасында біресе біреудің көлігін сырып кетесің, біресе көлікке соғылмайын деп құлайсың. Өзім осы үш айда күреп ақша тапқан кезім жоқ. Керісінше сынған мопедімді жөндеумен болдым. Үйге арасында шай-тұз әкелген шығармын, бірақ үйіп-төгіп олжаға кенелмедім", - дейді Елтай Орманов.
ӨМІРДІҢ ЗАРЫ
Өткен аптада Талдықорғанда тойға арналған кортеж скутер тізгіндеген жасөспірімді қақты. Өткенде Алматы облысында мотоцикл жүргізушісі Lexus көлігімен соқтығысты. Құлаған жүргізушіні айналып өтпек болған автобустың астында қалған жүргізушінің жансақтау бөлімінде жатқаны айтылды.
Шілденің 3-і күні Алматының Медеуге апарар жолында мотоцикл мен велосипед соқтығысып, екі адамның ажал құшқаны хабарланды. Жан ауыртар жол апатының видеосы әлеуметтік желіде тарады.
«Мотоцикл мен велосипедтің соқтығысуы салдарынан екі көліктің де жүргізушісі қаза тапты. Сараптамалар тағайындалды», – деп мәлімдедіполицейлер.
Жол-көлік оқиғаларының соңғы жылдары артқанын Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ашық мәлімдеді:
«Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты. Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды,»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Күнделікті жаңалықтар легіне зер сала отырып, мотоцикл, скутер, самокат тізгіндеген жастар тарапынан болған жол-көлік апатының артқанын байқау қиын емес.
НЕ ЖЕТПЕЙДІ?
Мотоцикл, скутер мен электрлі самокат жүргізушілеріне қатысты заңның солқылдақтығы көптеген проблемаларға жол ашып беріп отыр. Біз үшін діттеген жеріне жылдам жетуді мақсат еткендерге қатысты заңнаманы әлі де жетілдіру қажет. Бұл жайында журналист Ришат Асқарбекұлы өз өмір тәжірибесін сөз ете отырып, былай дейді.
«Бұларды күнкөріс үшін жүр деп аяймыз. Соңғы уақытта ойқастап, жол жүру ережесіне бағынбайтын болды. Көлікке арналған жолмен жүретіндері бағдаршамның қызыл түсіне де қарамайды. Оған да көз үйренді. Енді еркінсіп, жаяу жүргіншілер жолымен де жүре беруді әдетке айналдырыпты. Сіз бен біздің, балаңыздың өміріне қауіпті ғой. Кеше Сәтбаев көшесінде тротуармен ағызып келе жатқан мына курьерді тоқтатуға мәжбүр болдым. Телефонымдағы хабарламаны оқу үшін үңілгенде, соғып кете жаздады. Қашуға әрекет жасады»,- дейді Ришат Асқарбекұлы.
Кейіннен журналист те курьер қызметін тап басып, нақты көрсететін заңнаманың жоқ екендігіне қынжылады.
«Полиция шақырдым. Келді. Жол жүру ережесіндежеңілмоторлы мотоцикл, мопед, электроскутерлердің тротуармен жүруіне шектеу жоқ екен. Ондай норма болмаған соң, әрине жаза да жоқ. Анау менен кешірім сұрап құтылды. Полиция менен қолхат алды. Былтыр скутер мінген курьерді автобус қағып, арты дау болғаны есімізде»,- дейді журналист.
Көліктің айнасын сындырып, бүйірінен қағудан қымсынбайтындарға қатысты Өзбекстан мемлекеті әлдеқашан арнайы заң қабылдап қойған. Өзбек заңнамасында жылдамдықты ескеру мәселесі арнайы аталады.
Шетелдегі көптеген мегаполистерде мотоциклдер үшін арнайы жолақ бар. Болашақта жол апатын алдын алу амалдарын ойластыруды осындай қарапайым қадамдардан бастау қажет екендігі ұғынықты.
БАСҚАЛАРДА ҚАЛАЙ?
Миллиардтар мекеніне айналған Қытайдың Гонконг қаласы, Гонконг-Қытай мемлекеттік университетінің студенті Шынасыл Аманжоловпен тілдесу мүмкіндігі туды. Ол жастар арасында екі дөңгелекті көлікке құмартудың сырын әлеуметтік-экономикалық фактормен байланыстырады.
«Мен тұратын қалада 7.5 млн адам бар. Алматыдан 4 есе үлкен дейді, бірақ қала жағалауда орналасқан, жерінің көбі тау-тасты. Ойы мен қыры көп. Сондықтан тұрғындардың көбі бір жерге, тығыз шоғырланған. Көшелер өте тар. Бірақ сонда да, 2 жылда бірде бір көлік апатын көрмедім. Себебі басым көпшілігі метромен жүреді. Мотоцикл, скутер тізгіндеген жастар мүлдем жоқ. Байқауымша мопедтің саны – елдің экономикасымен байланысты. Мотоцикл, скутер көп болса, экономикасы жақсы емес деген сөз. Өйткені мопедтің басым бөлігін жүргізетін - курьерлер, ал олар көп болса, елде басқа жұмыс көзі жоқ деген сөз. Гонконгта мопед көп көрмейсің. Жұмыс орындар көп, сол үшін жергілікті халықтан ешкім курьер болып істемейді. Ал бірен-саран мопедті басқа елден жұмыс іздеп келгендер айдайды»,- дейді Шынасыл Аманжолов.
ДӘРІГЕР ТӘЖІРИБЕСІ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Ал мұндай көлік түрлерінің жастар денсаулығына зиян екендігін дәрігерлер жоққа шығармайды. Алматы қалалық 9-станция жедел-жәрдем дәрігері Самат Келдібаев оны былай тізбелеген.
«Жастар көбіне күйбек тірліктің қамымен «екі аяқты көлікті» тізгіндейді. Суықта да, ыстықта да жүйіткіп жүргені. Олардың көбі мұндай көліктерге сай киіну мәдениетін ескермейді. Қақаған қыста мұндай көлік түрлерін айдау буын ауруына, бедеулікке, ұрындыруы мүмкін. Бұл ауру түрлері басқа проблемаларға ұласып, өмір бақи азапқаайналады»,-дейді Самат Келідбаев.
Дәрігер кейбірінің өмір бойына сал болып қалуы мүмкін екендігін айтады:
«Мотоцикл, скутер, электрлі самокат соңғы екі үш жылда қатты белең алды. Өз тәжірибем бойынша айтсам, жол апатына ұшырағандардың 50-60 пайызы осындай көліктерден болады. Әр кезекшілікке түскен сайын жол апатының ауыр дене жарақатын алған бір науқасты жеткізіп жатамыз. Қорғаныш бас киімі болмаған соң көбіне мидың шайқалуы, дене жарақаттары, аяқ-қолдың ашық, жабық сынықтары, сынықтың басқа ауыр түрлерімен келеді. Кейбіріне күрделі ота жасауға тура келеді, сал болып қалатындар да бар»,- дейді дәрігер.
Қазақстанда урбандалу көрсеткіші күрт артып, қалалар ауқымданып келеді. Жұрттың жаппай қалаға ағылуы, әлеуметтік жағдайдағы қайшылықтар, жастардың материалдық қажеттіліктерін «апару – алып беру» арқылы өтеуді мақсат тұтуы жаңа проблемалармен бізді «отауластырады».
Дастан Қастай
«Адырна» ұлттық порталы