Көлікті 5 минут қыздыру. Депутаттар айыппұлды қайта қарауды ұсынды

144
Adyrna.kz Telegram
Мәжілісте көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасын қайта қарау ұсынылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев суық мезгілде көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұлдарға қатысты норманы қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл туралы ол Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы айыппұл нормалары көлік жүргізушілері мен кәсіпкерлерге қиындық тудырып отыр.

"Бұл айыппұл шағын дүкендерге тауарларды түсіру немесе тиеу кезінде үлкен мәселе туғызады, әсіресе, ауа температурасы минус 20 градустан төмен болған жағдайда. Мұндай кезде қозғалтқышты өшіру тиімсіз", – деді ол.

Серік Ерубаев орталық және солтүстік өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, 5 минуттық шектеуді қайта қарауды және зиянды қалдықтарды азайтудың балама, әділетті жолдарын қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, депутат Екатерина Смышляева бұл норманың 60 жылдан астам уақыт бойы қолданыста екенін еске салып, қазіргі нрмада құқықтық анықсыздық бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, айыппұл салу үшін нақты ережелер мен талаптарды белгілеу қажет.

Депутаттар жауапкершілікке тарту тәртібін нақтылау, қолайсыздық түсінігін айқындау және шағымның негізділік талаптарын бекіту қажеттігін алға тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға 19 мың теңге айыппұл салынатыны туралы жазған едік. 

Пікірлер