Халықтың қаржылық сауатсыздығы немесе банктердің қулығы

2522
Adyrna.kz Telegram

Біраз уақыттан бері әлемде алдау арқылы, адамның мүлкін немесе қаржысын тартып алу мақсатында көптеген әрекеттер қолданылады. Атап айтқанда, қаржылық пирамидалар, алаяқтық және тағы басқалар.

Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) халықтың сенімін яки қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, кредит немесе ипотека алу бойынша келісім-шарт жасасқан құжаттарға қызмет көрсету үшін, комиссиялар қосып жүрген көрінеді. Бірақ, Ұлттық банктің нормативтік-құқықтық актілерін сараптап, зерттеп шықсақ, аталмыш комиссиялар заңсыз екенін байқауға болады.

БАҚ сол мәселе бойынша біраз материалдар дайындап, үгіт-насихаттық жұмыстар да жүргізіп үлгерген екен. Енді заңгерлер болса, әділеттілік орнату үшін, халықтан жинаған арыздар негізінде сотқа жүгініп, заңды шешім көмегімен төленген халықтың қаржысын қайтаруға бар күштерін салып келген. Сот алқасы болса, халықтың жағында болып, заң негізінде, ЕДБ заңсыз алған комиссияларды қайтаруды міндеттеп, өмірімізде әділеттілік әлі қалған екенін дәлелдеп жүрген.

Нәтижесінде, соңғы жылдар ішінде жазылған арыздар қанағаттандырылып, қорытындысында 7 млрд мөлшерінде халықтың қаржысы қайтарылған болатын.

Алайда халықтың қуанышы ұзақ созылған жоқ. Енді ғана төленген комиссиялар заңсыз болғанын түсінген қоғам, тағы да өз мәселесімен бетпе-бет қалып отыр.

Өкінішке орай ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, сотқа осы бағыт бойынша тапсырылған арыздар қанағаттандырылмай, белгісіз уақытқа  шегіріліп келеді, ал кейбір басталып кеткен сот процесстерінің қорытындысы теріс болып, аяқталып келеді. Үкімет болса, құзырлы мемлекеттік органдар болса үнсіз, нақты позициясын айқындаған жоқ.

Халық үрейленіп, қоғамдық ыза пайда болып, жағдай шиеленісе түсті. Демек, Үкімет халықтың еңбекпен тапқан қаржысын ЕДБ жеп отырғанына тағы да көз жұмған сыңайлы. Нәтижесінде, әділеттілік, халықтың сенімі қайда қалды?!

Білікті маман, заңгер Дулат Диляраның пікірін де келтіру орынды деп санаймын: «Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап, аталмыш бағыт бойынша қаралып жатқан істерді бірінші инстанциялы соттар кейінге қалдырып немесе азаматтардың талаптары бойынша теріс шешімдер шығарып келеді. Қазіргі таңда, қолымызда арасы 13 күн, бір судьяның шығарған екі шешімі бар. Талап пен негіз бірдей, ал шешім екі түрлі (біреуін қанағаттандырған, ал екіншісін қанағаттандырмаған).

Соңғы уақытта нормативті-құқықтық актілерге ешқандай өзгерістер енгізілмеген, бірақ сот алқалары банк жағына тұрып, түбегейлі позицияларын өзгерткен.

Біздің құқықтық көмегімізге жүгінген халық жағдайды түсінбей, негізделген, келесідей сұрақтар қоюда: «Сонда ұзақ уақыттан бері судьялар халық жағына шығарған шешімдері дұрыс болған жоқ па, не қателесіп жүрген бе?! Неге бұрын шешім шығарған кезде, қазір қолданып жүрген баптарға сүйенбеген?! Кімнің мүддесі көзделіп жүр?!». Шынымен де сұрақтар жауаптарға қарағанда әлдеқайда көп. Ал Жоғарғы сот, Ұлттық банк үндемей жүргендері, әлеуметтік шиеліністі күшейтіп келеді.

Қазіргі таңда барлық республика бойынша заңгерлердің күші жұмылдырылып, еліміздің көптеген құзырлы органдарға үндеу тасталған болатын және мәселені шешу үшін, басқа да  шаралар қолданылуда. Біздің ұстанымымыз берік және азаматтардың құқығын қорғау бойынша соңына дейін баруға әзірміз».

Ал енді, осы мәселе жөнінде халық арасында біраз тұжырымдар пайда болып, «ұзын құлақ» көмегімен әлеуметтік желіде тарап жүрген бірнеше құнды ойларға тоқтала кетсек.

Біріншіден, халық сөзіне жүгінсек, Жоғарғы сот жағынан лауазымды тұлға тарапынан, соттарға ауызша бұйрық жіберілген көрінеді. Сол бұйрықта теріс шешім қабылдаңдар деген ой таралған сияқты. Одан бөлек, кейбір заңгерлер мәселе шешілу мақсатында 16 сәуірде нақты шешім қабылданады деген де сөздер айтылуда.

Енді соңғы айтылған ой бойынша аталған күн, саясаткерлердің де ауыздарында жүр. Кейбіреулерінің пайымдауынша 16 сәуірде кезектен тыс президенттік сайлау жарияланып, 16 маусымда өтуі тиіс деп ой айтылған.

Демек, қорытындылай келгенде, осының барлығысы кезекті саяси ойын болуы да ықтимал ғой. Шынымен аталмыш сценарий бойынша жағдай өрбитін болса, жаңа президенттің командасы, халық пен сайлау алдында ұпай жинау үшін, заңсыз комиссиялар бойынша мәселесін шешулері әбден мүмкін.

Қали Әубәкіров

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер