Байтақ астананың бабы. Көлгінов құрғатқан көлді Қасымбек қолына алды

4065
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Әкімге Астанаға көшіп келуші халықтың қарасы және Талдыкөл мәселесін сұрақ ретінде қойдық. Бас шаһардың басшысы сұраққа байыпты жауап берді.

Жеңіс Махмұтұлы халыққа есеп берген кездесуде белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «Астана созыла беретін резеңке емес қой енді. Сондықтан, болашақта астанаға келушілерді шектеу керек» деген болатын. Астана әкімі ақынның пікіріне қалай қарайды?

«Біз унитарлы мемлекетпіз.  Қазақстанның халқы елордаға көшіп келсе, оған ешқандай шектеу жоқ. Болмайды да. Екінші бір мәселе бар. Соншама адам көшіп келіп жатыр. Ол азаматтарды қабылдау үшін Астана сапалы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дайындау керек. Дұрыс қой. Халық келіп жатыр, мектеп және басқа да әлеуметтік нысандар жетіспей жатыр. Жылу мен су мәселесі толығымен шешілген жоқ. Осындай мәселені тездетіп шешу қажет. Жалпы урбанизация – әлемдегі тренд. Астанаға да, Алматыға да, Шымкентке де және басқа да ірі қалаларға халық көшіп келе береді. Біздің жоспарымыз бойынша, 2030 жылға дейін қала халқының саны 2 млн жетеді. Сондықтан біз соған дайындалып жатырмыз», – деді ол.

Астананың ең басты мәселерінің бірі Талдыкөлдің жыры десек қателеспеген болар едік.  Талдыкөлді сақтап қала аламыз ба және сол жерге үлкен саябақ салына ма? Талдыкөлде үлкен саябақ салу мәселесі назардан тыс қалып қалған жоқ па? Журналистің бұл сауалын әкім «өте орынды сұрақ» деп айтты.

«Бұл мәселе күнде көтеріледі. Белсенді азаматтар мен экологтармен осы мәселені ақылдасып жүреміз. Қазір келесі шешімге келіп отырмыз. Үлкен Талдыкөлде 1990 жылдары 50 млн куб су болатын. 2000 жылдары 10 млн куб су болса, қазір оның мөлшері 1 млн  кубтан аз. 2015 жылдан бастап кәріз арылы Талдыкөлге баратын суды тазалап Есіл өзеніне жібергенбіз. Енді министрлікпен келісіп ол суды Үлкен Талдыкөлге беретін болдық. Екі апта болды ол суды сонда жіберіп жатырмыз. Үлкен Талдыкөлдің көлемін бес есе көбейтеміз. Оған 1,5-2 жыл керек болады. Келесі жылдың соңына дейін оны қалпына келтіреміз деп жоспарлап отырмыз. Кіші Талдыкөлде бірнеше кіші көлдер болатын. Біздің жоспарымыз бойынша, 3, 7 және 9 участок бойынша жұмыстар атқарамыз және ол сақталып қалатын болады. Ал сіз айтқан саябақ бұрынғы 5 участокта болуы керек еді, бірақ оның жобасы қазір дайын емес. Дайындалып жатыр. Бірақ оны қаланың тұрғындарымен ақылдасу керек. Ол жерде тал өсе ме, өспей ме деген мәселе бар. Сондықтан экологтармен осы мәселе бойынша келіссөз өткізіп жатырмыз. Бірақ ол жерде жаңа құрылыс болмайды. Салынған үйде адамдар тұрады, оларға ештеңе істей алмаймыз», – деді әкім.

Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов Талдыкөл суын құрғатып, үй салуға рұқсат беріп еді. Көлгінов құрғатқан көлді қазіргі әкім айдынға айналдырсам дейді. Алайда қалада су мәселесі жалғыз Талдыкөлмен шектеліп қалмайтынын түсінген шенеунік кешенді шараларға да мұрындық болар еді.

 

Серік Жолдасбеков

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер