«Қырым қайтарылады» дегенде Артекке бала жіберген кім? Депутаттар неге самарқау?

3332
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде еліміздің 10 оқушысы Ресей аннексиялап алған Қырымға 24 күнге жіберілгені қызу талқыланған болатын.  Астанадағы «Орыс үйі – Россотрудничество» ұйымдастырған шараға Астана, Тараз және Шымкент қалаларының оқушылары барған.  Ал Оқу-ағарту министрлігі  жарысқа қатысу және саяхат – ата-ананың қалауымен және олардың келісімімен болғанын айтып, ақталды.

Соғыс жүріп жатқан аймақта балаларға қауіп төнсе, оған кім жауап береді? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжіліс депутаттарынан сұрадық.

СҰРАҚҚА СҰРАҚПЕН ЖАУАП БЕРЕТІН ДЕПУТАТ

«Аманат» партиясының атынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Мақсат Толықбайдан «Ресей басқыншылығындағы Украина жеріне балалардың баруы қаншалықты дұрыс?» деп сұрадық.

- Басқасын айтпағанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы соңғы жағдайларды білесіздер. «Интернационалдық еркін халықпыз» деп өздерін жариялаған оқиғаны көріп отырмыз. Мұндай пиғылдағы топтар бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұндай жағдайда жақсы жұмыс істеуі керек, – деді  депутат алыстан орағытып.

Мәселені тағы да нақтылай түсу үшін «Соғыс аймағындағы Қырымға оқушыларды жібергені үшін кім жауап беруі керек?» деп сұрадық.

- Оған байланысты менде де сұрақ бар. Соғыс болып жатқан аймаққа оқушыларды неге жібереді? Кім рұқсат берген? Кімнің қаулысымен қабылдаған шешім. Бір адам осыған байланысты жауапкершілікке тартылуы керек, - деді депутат тағы да нақты жауаптан тайсақтап.

МИНИСТРДІҢ АДВОКАТЫНДАЙ ДЕПУТАТ

«Республика» партиясы арқылы депутат болған Олжас Құспеков болса, тіптен таңғалдырды. Ол Қырымға оқушыларды жіберу туралы шешімді ата-аналар қабылдағанын айтты.

- Менің білуімше, халықаралық конкурс болған. Сол конкустың нәтижесінде балалар жүлделі орын алып, соған байланысты балаларға сыйлық ретінде Артекке демалыс жолдамасы берілген, - дейді депутат Құспеков.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда мұндай ашық конкурстар көп. Оған қатысу, қатыспау баланың әке-шешесімен бірге ақылдасып қабылдайтын таңдауы. Бұл мәселеге Оқу-ағарту министрі кіріспейтін сияқты. Интернетте болып жатқан конкурсқа оқушы мен ата-ана өзі шешім қабылдап, қатысады. Жүлделі орын үшін демалыс орындарына жолдама беретін болса, оған баласын жіберу, жібермеу – әр ата-ананың өз шешімі. Себебі кәмелетке жасы толмаған балалар үшін шешімді ата-ана қабылдайды. Егер Қазақстанның ішіндегі олимпиада немесе конкустар болатын болса, Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармалары арнайы білім саласының адамын қосады. Ол баланың тәртібі мен қауіпсіздігіне қарайтын болады.

Балалардың ұтысынан гөрі қауіпсіздігіне, жалпы білім саласына қатысты басшылардың ролі қандай болу керегін сұрағанда, депутат былай деді:

- Бұл жерде біреуді айыптаған дұрыс емес шығар. Ата-аналардың әрекетін министрлік білмеуді де мүмкін. Әйтсе де, бұл жердегі қауіпсіздік мәселесіне міндетті түрде назар аударуымыз керек. Ата-аналардың таңдауы арқылы қабылданған шешім бойынша Оқу-ағарту министрлігімен ешкім келіскен жоқ. Бірақ балалар біздің Қазақстанның азаматы болғандықтан мемлекет оған міндетті түрде назар аудару керек. Алайда бұл мәселеде министрлікті айыптау дұрыс емес.

– Егер Мұхтар Әблязов осындай конкурс ұйымдастырып, балаларды Францияға шақырса, оған құзырлы орган жол бере ме?

– Менің білуімше, қазір шектеу қоя алмайды. Ол сіз айтқан адам болсын, немесе Қырымға апаратын ұйым болсын. Бұл тек ата-ананың таңдауындағы шаруа болып саналады. Өйткені интернет ашық. Әлеуметтік желі арқылы жариялаған конкурсқа қатысу, қатыспауды ата-аналар өздері шешеді. Бұл жерде оқу-ағарту министрлігінің тікелей кінәсі жоқ.

– Сіз министрлікке лобби болып отырған жоқсыз ба?

– Жоқ. Объективті пікір білдіріп отырмын. Қырымға барған оқушылардан бөлек жазда неше түрлі лагерлер жұмыс істейді. Мен оны жақсы білмеуім мүмкін. Содан кейін интернеттен іздеймін.

– Сіз өз балаңызды Қырымға демалысқа жіберер ме едіңіз?

– Жоқ, жібермес едім.

– Неге?

– Мен қазақы көзқараста болғандықтан онда жібермеймін, - деді депутат Құсбеков.

Біз сұрақ қойған депутаттар мәселені нақтыламай, осылай сырғытпа жауаппен құтылғандай болды. Байқауымызша, депутат мырзалар Қазақстан оқушылары Қырым тұрмақ, Судан мен Таяу Шығысқа да барып жатса да, қыңқ етер түрі жоқ. Жауаптары «өйту керек еді», «бүйту керек еді» дегеннен аспайды. Кім істейді? Партия қайда, партия ұсынған депутат қайда?

Әйтпесе, әлемдік ақпарат айдынында әне-міне Қырым Украинаға қайтарылады деген хабар тараған кезде балаларды соғыс аймағына жіберу дабылдың үлкені болса керек еді. Депутаттар министрлер мен тиісті комитет өкілдерін шақырып, жауапкершілік талап етер еді...

 

Серік Жолдасбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер