Қостанай әкімдігі Владимир Путинді "сән-салтанатпен" қарсы алу үшін 11 миллиард теңге бөлген

4002
Adyrna.kz Telegram

Қостанай әкімдігі биыл күзде өтеді деп жоспарланған Қазақстан-Ресей аймақаралық форумына дайындыққа 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлетінін айтты. Форумның "аса қадірменді қонақтарының" да Путин бастаған делегация екені мәлім болды. Қала басшылығы Ресей президентін ерекше сән-cалтанатпен қарсы алғалы отыр. Бұл жөнінде  “Наша газета” басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Делегацияның көңілінен шығу мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Форумға дайындық аясында қалада 1626 түп қарағай мен 255 түп терек отырғызылған. Қарағай көшеттерін әкімдік Башқұртстаннан алдыртқан.  Әкімнің айтуынша, қазақстандық тасымалдаушылар сапалы қарағай көшеттерін ұсына алмаған болып шықты. Cодан кейін көк көшет іздеп, шетелге жүгінген.

Сонымен қатар, қыруар қаржы қалада Smart-орталық салып, Тобыл саябағының солтүстік бөлігін қайта жөндеуге жұмсалмақ. Бұған қоса, қаржы қала көшелерін жарықтандыруға, аялдама павильондарын орнатуға, көшелерді абаттандыруға, субұрқақты жөндеуге, 13 000 шаршы метр жердің кірпішін алмастыруға, жол мен үйлерді жөндеуге де жұмсалады.

​"Наша газета" басылымының жазуынша, былтыр жобаның құны 11,3 млрд теңге болған. Желтоқсан айында Қостанай облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақалов Smart-орталықтың айналасын абаттандыру құнын 1 млрд теңгеге азайтқан. Жоспардан 44,4 млн теңге кететін аллея мен 74,4 млн теңге кететін балалар алаңы да алынған.

Басылымның мәліметінше, шамамен 1 млрд теңгеге жоспарланған үш субұрқақтың біреуі қалады, ал оның бағасы – 186,6 млн теңге. Әкім орталық саябақта және Байтұрсынов көшесіндегі саябақта 50 млн теңгеге 138 орындық пен мәрмәр тастан жасалған 138 қоқыс жәшігі орнатылатынын хабарлады.

"Азаттық радиосының" жазуынша, Путиннің Қазақстанға сапары Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Мәскеудің халықаралық қауымдастықтан шеттетіліп, оқшауланған кезінде жоспарланып отыр. Кремль билігі Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін әлем лидерлері алдында Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сүйкімі кеткен. Батыс елдері Путин мен оның төңірегіндегі адамдарға қарсы дербес санкциялар салған. Әлем лидерлері бас қосатын саммиттерге Ресейді шақырмайтын болған.

Орайы келгенде айта кетейік, Наурыз айында Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берген. Талап бойынша, Путин "Рим статутына" қатысушы елдердің біріне барғанда бірден тұтқындалуы тиіс. Бұл - халықаралық шарт. Дегенмен, Қазақстан СІМ-нің түсіндіруінше, Қазақстан Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың құрылтай құжаты – Рим статутына қатысушы емес. Демек, Қостанайға келетін Путинді Қазақстан мемлекеті тұтындамайды.

Бұқаралық ақпарат құралларында Қостанай әкімдігі Владимир Путинді күтіп алу үшін 11 миллиард теңге жұмсауды көздеп отырғаны айтылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер