Home » Айдарлар » Қоғам » “Естіп тұрсыз ба?” Назарбаевтың тапсырмасын орындамаған шенеунік сөз естіді

“Естіп тұрсыз ба?” Назарбаевтың тапсырмасын орындамаған шенеунік сөз естіді

Нығматулин “Ауыл – ел бесігі” жобасын әзірлемеген министрліктің жұмысын сынға алды

“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасын бекіту неге кешеуілдеп жатқанын түсіндіре алмаған ұлттық экономика вице-министрі мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен сөз естіді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасаған “Адырна” порталы.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері туралы заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Роман Ким ұлттық экономика министрлігінің өкілінен “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасының неге әлі күнге дейін бекітілмегенін сұрады. Айта кетсек, былтыр қазан айында Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Ауыл – ел бесігі” жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.

“Ол өндірісті кеңейтіп қана қоймай, ауыл халқының тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жол құрылысына бөлінген 160 миллиард теңге мен ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 100 миллиард теңгені қоспағанда, 2019-2021 жылдар аралығында 90 миллиард теңге бөлініп отыр. Ел үшін зор маңызға ие жобаны әзірлеу мен бекіту неге кешіктіріліп жатыр?”, – деп сұрады мәжілісмен.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша қазір ұлттық экономика министрлігі әкімші екенін атап өтті. Айтуынша, 6,5 мың елді мекеннің ішінен келешегі бар 1781 ауыл анықталған.

“Осы аптаның соңына дейін жоба тізімін толығымен аяқтаймыз. Биыл 30 миллиард теңгеге 500 жобаны іске асыру жоспарланып отыр… Қазір өңірлік стандарттар жүйесі әзірленген, ол әділет министрлігінде тіркеуде жатыр. Әкімдер дәл осы өңірлік стандарттар негізінде жұмыс істейді”, – деді Алпысов.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин вице-министрдің жауабына қанағаттанбады.

“Елбасы былтыр күзде тапсырма берді. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімдермен жиын өткізіп, өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларға баса назар аударды. Ал сіз қазір мемлекеттік органдардың бір қағазды келісе алмай жатқанын айтып отырсыз. Біз қазір наурыз айындамыз, жарты жыл өтті. Неге кешеуілдеп жатыр?”, – деп сұрады мәжіліс спикері.

Жеңіс Қасымбек

“Біз аймақтардың өңірлік стандарттарды ұстанғанын қалаймыз. Осы апта толығымен тіркеп, бағдарламаны іске қосамыз”, – деп сендірді Алпысов.Бірақ бұл жауап та Нығматулиннің көңілінен шықпады.

“Ермек Амантайұлы, сұрақты естіп тұрсыз ба? Ақша бөлінді, депутаттар үш жылдық бюджетті бекітті. Ақша бар, әкімдер де, өңірлер де дайын. Проблема неде? Бір жапырақ қағазды бір мемлекеттік органнан екіншісіне жеткізуге жарты жыл жұмсайсыздар?!… Өткен жылдың соңына дейін аяқтау туралы тапсырма берілді. Наурызда жұмыс басталуы керек болатын, өңірлерде тендер өткізілуі тиіс еді. Ал сіз маған тағы бір жұма туралы әңгіме айтып отырсыз”, – деп ашуланды ол.

Алпысов бағдарламаны көп ұзамай бекітеміз деп сендірді.

“Бекітпей қайда барасыз? Барып тұрған жауапсыздық бұл, түсінесіз бе?! Бұлай жұмыс істеуге болмайды, Ермек Амантайұлы. Іске кірісіңіз”, – деп ескерту жасады Нығматулин.

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ГРАНТ ҚАЙДА?

Биыл мемлекеттік грантқа ие болғандар саны жылдағыдан көп. Жақсы үрдіс. Көп балалы отбасылардан шыққан талапкерлерге ...