Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын өзгерту туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді. Бұл тарихи әрі әділ шешім, деп баға берді депутат.
Өз сөзінде Бекболат Тілеухан мемлекет басшысының ұсынысын қолдайтынын айтты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған ұсынысының бәрі ақылға қонымды екенін атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz.
«Мен өзімді қашаннан бері Нұрсұлтан қаласының тұрғыны ретінде сезініп жүргенмін. Жалпы бұл тарихи және өте әділ шешім. Біз заңға бағынған саясаттың адамымыз. Әрине, заң бойынша, ішкі ережеміз бойынша жүруді міндет деп есептеймін.
Елбасы қандай құрмет жасасақ та, оған лайық деп білемін. Елбасының бағытын қашаннан бері қолдаған әріптес ретінде, қазақ баласы ретінде мұны қолдаймын», - дейді Тілеухан.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты еліміздің жаңа президенті халық алдында берген атына берік болатынына күмәнданбайтынын жеткізді. Бекболат Тілеухан Тоқаевтың Қазақстанның қалыптасуына өзіндік үлесін қосқан саяси тұлға екенін атап өтті.
«Сондықтан антына, уәдесіне берік болатынына күмәнім жоқ», - дейді депутат.
Айта кетсек, бүгін президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды.
Stan.kz