Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылдың дәл осы күнінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді.
Рәміздердің ішінде елтаңба үшін авторлар 293-тен аса жоба ұсынған. Дегенмен, бәрінен оқ бойы озық шыққан сол кезде Ташкентте тұратын сәулетші Жандарбек Мәлібековтың туындысы еді. Бұл туралы белгілі суретші, Қазақстан елтаңбасының авторы «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.
«РУХАНИ ЖАҒЫНАН ӘСЕР ЕТТІ»
- Елтаңба авторысыз. Сіз елтаңбаны құрастыру конкурсына Өзбекстанда тұрып қалай қатысу мүмкіндігін алдыңыз?
- Менің туған жерім - Қызылорда облысындағы Жаңақорған деген жер. Сол кезде апта сайын Ташкентке баратынмын. Ол кезде Алматыға бардың не, Ташкентке бардың не бәрібір еді. Мен ол уақытта жат жерде тұрдым деп есептемедім. Ортамның бәрі қазақ болатын. Ташкентте де қазақтар көп еді.
- Алғаш конкурсты қайдан естідіңіз? Қалай қатыстыңыз?
- Қызылордадан келіп жатқан туысқандар “Лениншіл жас” газетінің 1992 жылы 1 қаңтарда шыққан басылымын оқып отырған. Сол кезде рәміздерге конкурс жасап жатқаны туралы ақпарат жариялағанын айтты. Ол уақытта мен 50 жаста едім. “Есің барда, еліңді тап” деп жүргем, бірақ елге қайтуға сәті түспей қойған. Бұрын Қазақстан, Өзбекстан, Кеңес үкіметінің конкурстарына да қатысып жүрдім. Бұл жерде әңгіме конкурсты жеңіп алуда емес, әр уақытта қатысқан кезде өзіңді, шамаңды сынап көресің, басқалармен деңгейіңді салыстырасың. Сондықтан мен өзімді сынап көргім келді және рухани жағынан да әсер етті.
Ол кезде мен 1500 адамдық жобалауда бас архитектор болып жұмыс істедім. Әр түрлі ұлт болатын. Содан мен қазақ халқының өз мәдениеті бар, дәстүрі бар, философиясы бар екенін көрсету үшін елтаңбаны жасадым. Қазақ халқының қандай мәдениеті, тарихы бар деген кезде елтаңбадан көрінгенін қаладым.
Шын мәніде, киіз үйді алып қарасақ, ол баламасы жоқ архитектура деп айтар едім. Жылжымалы архитектураның үздік үлгісі. Әлемде ондай архитектура жоқ. Сол киіз үй қазақ халқының барлық әлеуметтік жағдайын, сыйластығын, достық мәдениетін, еркіндігін көрсетіп тұр. Сондықтан елтаңбаға киіз үйді бейнелеудегі себебім, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Тәуелсіздік алған жас отау дегенді де білдіргім келді. Одан кейін жылқы мен қошқар мүйіз қазақ халқының қолтаңбалы мәдениетін көрсету үшін және босағаң берік болсын дегенді білдіру үшін қойылды.
«ҚАЗІР МҮЛДЕМ ӨЗГЕРТУГЕ БОЛМАЙДЫ»
- Егер елтаңбаны қайта жасау керек деген ой туындап жатса, сіз қазіргіден басқаша жасар ма едіңіз?
- Жоқ. Егер қазақ халқының тарихы, сыйластық мәдениеті, бейбітшілік мәдениеті бәрі өзгерсе, соған қарай жасауға болады. Ал қазір мүлдемөзгертуге болмайды. Туымыз да, елтаңбамыз да өз орнына, міне, енді 30 жылда орнықты. Қазір әлем танып келе жатыр. Қазақстанды әлемге паш ететіндей қызмет етуде.
- Біздің дүниетанымызды көрсететін рәміздер ғой. Алайда, қазір уақыт өткен сайын керісінше, өз мәдениетімізден, далалық рухымыздан ажырап бара жатқандай сезім кешетін кездер болады. Ал сол бір кезеңдер, яғни рәміздердің дүниеге келуі тәуелсіздікке деген құштарлықтан бұрқанып шыққан туындылар деп айта аламыз ба?
- Қай жағынан алып қарасақ та, 194 мемлекеттің ішінде біздің елтаңбамыз 9- орында тұр. Мағынасы, идеологиясы, саясат жағынан алып қарасақ осы орында.
Біз қазір қорқып емес, үркіп жүрміз. Бірдеңе айтқымыз келеді, бірақ айта алмаймыз. Өйткені, біресе жоңғарлар келді, біресе ойраттар, біресе, қалмақтар, біресе орыс империясы келді. Солардың бәрінен үрке-үрке Кеңес үкіметі келді. Ол қанша зиялыларымызды атып жіберді. Сол үрку әлі де бар. Үрке-үрке шеге де жасай алмадық. Бірақ Қазақстанда барлығы бар. Соны дамыту керек. Қазіргі жастарымыз дарынды. Оларға бәрін дәріптеп, түсіндіру қажет.
«ӨЗІМНІҢ ДЕҢГЕЙІМДІ АНЫҚТАУ ҮШІН...»
- Түркия елін алып қарасақ, барлық жерге туын іліп тастайды. Ал біздің елде жақында ғана пәтерлердің терезесіне туды ілуге рұқсат берді. Алайда, бұдан халық хабарсыз сияқты…
- Хабарсыз. Тағы да бұл жерде үрку бар. Бірдеңе болып қала ма деп ойлап, үркеді.
- Сіз Ташкентте жүрген кезіңізде өзіңіз “Қазақстанның елтаңбасының авторы боламын, құрметті азаматы боламын” деп ойладыңыз ба?
- Жоқ, ондай ой болмады. Конкурсқа қатысып жүрген кездерімде Самарқандта Әмір-Темірдің цитаделі бойынша әлемдік конкурс болған. Сонда мен дүниежүзілік архитекторлардан өзімнің деңгейімді анықтау үшін қатысып жүргем. Ал Қазақстан конкурс ұйымдастырғанда “неге мен қатыспаймын?” деген ой болды. Сөйтіп, қатысып, жеңіп кеттім.
“Біздің елтаңбамызда қазақ халқының идеологиялық картасы жасалған” деп бір кісі айтқан еді. Сондықтан рәміздерімізді құрметтеп, дәріптей алуымыз керек.