Құрбандарды еске алу күнгі марапат. Бойкотқа ұшыраған жарыстан соң

2110
Adyrna.kz Telegram

Кеше, 31 мамыр Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда Қазақстан бокс федерациясы бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап жатты.

31 МАМЫРДЫ ҚҰРМЕТТЕУ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әлем чемпиондары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбайға әрқайсысы 100 мың АҚШ доллар, күміс жүлдегер Дулат Бекбауовқа 50 мың АҚШ долларын табыс етті. Одан бөлек федерация президенті Дулатқа қымбат швейцар сағатын өзінің атынан табыстады.

Қазақстанның түкпір - түкпірінен келген чемпион жігіттердің аналарына Кеңес Рақышев 2 миллион теңгеден берген. Чемпион мен жүлдегерлерді ғана емес, оларды дайындаған ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановқа 25 мың АҚШ доллары мен бірге көлік мінгізді.

Көрші Өзбекстан елінің астанасы Ташкентте 1-14 мамыр аралығында Бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Осы сайыс нәтижесі бойынша еліміз әлем чемпионаттары тарихындағы медальдар саны бойынша үшінші орынға аяқ тіреді.

Айта кететін жағдай 12 ел әлем чемпионатына қатысудан бас тартқан. Яғни АҚШ, Польша, Швейцария, Нидерланд, Ирландия, Чехия, Швеция, Канада, Украина, Германия мен Норвегия, Ұлыбританция және Солтүстік Ирландия корольдігі 2023 жылғы бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионатына қатыспады.

Ал Қазақстан бокс федерациясының дәл 31 мамыр, Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні марапат үлестіруі таңғаларлық құбылыс болғанын айтып жату артық. Нәубет пен зұлматта шейіт кеткендердің аруағын сыйлап, атаулы күннің құрметін сақтағанда дұрыс болар ма еді? Марапаттау рәсіміне басқа күні өткізгенде әрі-беріден соң чемпиондар мен жүлдегерлердің ел ішіндегі мәртебесі үшін абырой емес пе еді?

БҰҒАН ДЕЙІНГІ МАРАПАТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Әлемдегі саяси жағдайларға қарамастан осы жарысқа қатысқан қазақстандық спортшылар ел қоржынына 4 алтын,1 күміс салды.

Әлем чемпионатының финалында 4 былғары қолғап шебері – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай алтын медаль иеленді. Жалпы есеп бойынша Қазақстан құрамасы Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатын екінші орынмен аяқтады.

Жас та болса әлем чемпиондары атанған боксшылар Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді.

Бұдан бөлек чемпиондар мен жүлдегерлерге елге келген соң пәтер мен көлік кілті табыс етілді.Тек қана IBA мен Қазақстан бокс федерациясы ғана емес спортшыларға жанашыр әкім-шенеуліктер, кәсіпкерлер барынша чемпион бауырларын өз есебінен қолдап жатыр. Боксшылардың жерлестері, ауылдастары да жоғарыдан қалмай шамалары жеткенше құттықдауда.

Мәселен күміс жүлдегер Дулат Бекбауовтың жерлестері Жамбыл облысы, Қостөбе ауылында Дулатқа тұлпар мінгізген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бокстан өткен әлем чемпионатынан келген жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы қабылдап, құттықтап, мадақтаған.

Бокс федерациясының мәліметіне қарағанда, Қазақстан 2023 жылғы 12 ел бойкот жариялаған әлем чемпионатынан кейін Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) рейтингінде бірінші орында тұр.

Мәрмәр Нұрланқызы

 

Пікірлер