Қазақстандағы көне қолжазбалардың сақталуы тек талқылауды ғана емес, шешім қабылдауды да күтіп жатқан іргелі мәселенің бірі. Бұл тек ғалымдардың зерттеуі немесе сипаттауымен шектеліп қалмайды. Оған реставратордан бастап, сирек қордағы кітапханашыға дейін ат салысады. Мұндай кешенді шаруаны реттеудің өзіндік жолдары бар.
Жуырда Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталғы (ИРСИКА) бірлесе отырып «Қазақстандағы қолжазба қорлары: сақтау және зерттеу» атты халықаралық семинар өткізді.
Семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Иран елдерінің қолжазбамен тікелей жұмыс істейтін бірқатар зерттеушілері қатысып қолжазба саласына қатысты пікір алмасып, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік тапты. Әдеттегі семинарлар соңғы кездері асығыс және есеп беру үшін өтетіні ешкімге жасырын емес.
Бірақ бұл жолғы семинардың ерекшеліктерінің бірі әрбір баяндамашының өз зерттеуімен толық ой бөлісуіне уақыт берілді. Сонымен қатар әрбір 3-4 баяндамашыдан кейін сұрақ-жауаппен бірге пікір алмасуға қолайлы жағдай жасалды. Яғни, әрбір қатысушы өз пікірін ортаға емін-еркін салған, сұрақтарға жан-жақты жауап берген ерекше семинар болды деп айтуға болады.
Қазақстандағы, жалпы әлемдегі қолжазба қорларының жұмыс істеу тәртібі, қолжазбалардың сақталуы, реставрация жасалуы, зерттелуі мен насихатталуы үшін тәжірибе алмасуда мұндай жиындар тиімді болып табылады.
ҚОЛЖАЗБАНЫҢ ЖАУЫ – ҚУҒЫН-СҮРГІН
Бірінші кезекте қолжазбалардың бәрін немесе үлкен бөлігін большевиктер жойып жіберді деген пікір және оған соңғы кездері айтылып жүрген қарсы пікір: жоқ, бұл сөздің бәрі миф, қолжазбалардың бәрі жойылып кетті деп айту бір топтардың мүддесі. Сондықтан осы стереотиптерден бастағанымыз жөн болар.
Бірінші стереотипке қатысты айтатын болсақ, бұлай деп айтудың дәлелі көп. Большевиктердің араб жазуындағы, оның ішінде арабша, парсыша, түрікше немесе қазақша екендігіне қарамастан қолына түскеннің бәрін өртегені, жойғаны туралы сол кезде өмір сүрген зиялы қауым өкілдерінің мақалалары мен естеліктерінен көптеп кездестіруге болады.
Екіншіден, егер қолжазбалардың үлкен бөлігін жоюға деген үлкен қауіп-қатер төнбесе, не үшін көптеген мұсылмандар араб жазуындағы қолжазбаларын жер-жерлерге, зиратқа және кесенелерге апарып жасырды және сандықтарға салып киіздерге орап жерге көмді? Тау-таудың үңгірлеріне апарып жасырды, ұзақ жылдар бойы, яғни кешегі тәуелсіздік алған күнімізге дейін үйінде атасы немесе әжесінен қалған көне кітап жайлы айтудан қорықты деген заңды сауал туындайды. Әрине, қауіп-қатер болғандықтан осылай істегені түсінікті. Оның үстіне коллективтендіру мен қолдан жасалған ашаршылық жылдары, құғын-сүргін жылдары мал-мүлік, баспана және мыңдаған адамдардың құрбан болғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Қолжазба тұрмақ бас қайғы болған заманда көптеген жазба мұралардың қолды болғаны, жойылғаны және жоғалғаны да шындық. Бұл жерде айта кетер тағы бір мәселе бар. Ешкім арнайы көзін құртпаса да қолжазба өте нәзік дүние.
«ЕБЕДЕЙСІЗ АДАМДАР» МЕН ОРАШОЛАҚ ӘРЕКЕТТЕР
Француз қолжазбатанушысы белгілі ғалым, профессор Франсис Ришар айтпақшы, қолжазбаның жауы өте көп. Олар: күн, ыстық ауа-райы, ылғалдық, шектен тыс құрғақ ауа, электр жарығының тікелей қолжазбаға түсіп тұруы, түрлі жәндіктер, бактериялар, су, қар және адамның кез-келген оқыс қимылы қолжазбаны құртатын факторлар. Ғалымның айтуынша осы күнге дейін ғасырлар қойнауынан аман-сау жеткен қолжазбаны көптеген «ебедейсіз адамдар» мен оқырмандар оқыс әрекеттерімен бір күннің ішінде бірнеше жылға тоздырып жібереді. Сондықтан қолжазбаның ең басты жауының бірі «ебедейсіз адам» деген пікірді ұсынады.
Бұл сөзбен де келіспеуге болмас. Себебі қолжазбаның әрбір парағын аялап, ақырын ашып қарау қажет, суламау, түшкірмеу т.б. толып жатқан ережелерді ескеру қажет. Әрине бұл айтылған мәселелер батыс елдеріндегі қолжазба қорларында шешілген деуге болады. Қолжазбаларды сандық жүйеге түсіру арқылы бұл күнде көптеген қолжазба қорлары оқырманға тек қана қолжазбаның электронды нұсқасын оқуға береді.
Алайда біздің елімізде және т.б. бірқатар елдерде қолжазбалар сандық жүйеге әлі толық түспегендіктен көбінесе тікелей қолжазбаның өзін оқырманның пайдалануына береді. Қордағы ауа температурасы мен оқырман залындағы ауа температурасының айырмашылығына қарай қолжазбалар бірте-бірте бүлінеді. Себебі қордағы ауа температурасы бірқалыпты және +17-18 градустан аспайды. Ал оқырман залындағы ауа температурасы +30 градустан да асып кететін кездер болады. Осы орайда әрбір оқырман білуі тиіс ережелер көп. Ол туралы қолжазба қорларында оқырмандарға арнайы нұсқаулықтар бар және қолжазба қорында жұмыс істейтін оқырман арнайы хат әкелуі де міндеттеледі.
Қазақстан қолжазба қорларында, яғни елдегі ең үлкен кітапхана қорларындағы қолжазбалардың саны өзге көршілес елдердің қолжазба қорларымен салыстырғанда аз. Аз болуына сай бір кездері барлық қолжазбалар жойылған деген пікір қалыптасса керек. Оның да себептері бар. Соның бір себебі еліміздің көлемінің үлкен болуына байланысты, яғни бір жерден екінші ауылға жете алмай халықтың жолда ит-құсқа жем болуы, қолындағы заттарының нәубет жылдары жер-жерлерде шашылып қалуы, көптеген қыстақтар мен ауылдардың қараусыз қалуы және т.б. себептер.
САНДЫҚ ТҮБІНДЕГІ САРЫ ҚАҒАЗДАР
Соңғы жылдары үйімде ата-бабамнан қалған қолжазба бар, соны оқып бересіздер ме деген адамдар жиі хабарласатын болған. Олардың өзі бірнеше категорияға бөлінеді.
Бір тобы жай ғана ата-бабасының көне қолжазбасы не туралы екенін білгісі келеді және оны ары қарай атасының көзі ретінде сақтауды көздейді. Екінші бір топ ата-бабадан қалған қолжазбаның толық ғылыми сипатын жаздырып алып, оны қара базарда коллекционерлерге сатқылары келеді. Бұл топқа жататын адамдар елімізде соңғы кездері көбейгенін ерекше атап көрсеткен жөн. Олардың көздегені бұл қолжазбаны сақтау емес, сату.
Енді бір топ адамдар ата-бабасынан қалған қолжазбалардың зерттелгенін қалайды, бірақ оны өздері зерттей алмайтындықтан зерттеушілерге жүгінеді. Бұл топтың көздегені сату емес, үйінде әлі де болса сақтай беру. Бірақ мүмкін болса зерттеліп жарыққа шыққанын қалайды. Бұл топқа жататын адамдардың да саны біршама.
Тағы бір топ адамдар бар, олар қолжазбаларын кітапхана қорларына апарып өткізгілері келеді. Себебі жылдан жылға тозып бара жатқан қолжазбаны сақтауға шамасы жоқ әрі ақылы реставрация жасайтын орталықтар да жоқтың қасы. Сондықтан біржолата жойылып кеткенше қолжазбаны арнайы сақтайтын орынға өткізуді көздейді. Былайша айтқанда қолжазбаның обалынан қорқады. Бұл топқа жататын адамдардың саны аз десек те, бар екенінің өзі қуантады.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, елдің ішінде сақталған қолжазбалардың немесе көне кітаптардың көп екеніне көз жеткіземіз. Мысалы бір отбасында 1-2 қолжазба сақталған болса, енді бір отбасыда 400-ге жуық қолжазба мен көне кітап сақталғанына куә боламыз.
Егер бүкіл Қазақстан бойынша жеке коллекцияларда сақталған қолжазбаларды есептейтін болсақ, ресми кітапханаларда сақталған қолжазбалардан бірнеше есе көп қолжазбаның бар екенін көреміз. Яғни, Қазақстандағы ресми қолжазба қорларында сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар аз болғанымен елдің ішінде, жеке коллекционерлерде және еліміздің түкпір-түкпірінде қолжазбалар көп.
САҚТАУШЫЛАР КІМДЕР?
Алдымен ата-бабасынан қалған жазба мұраны қиын-қыстау заманнан қалай аман-есен сақтап қалды және қолжазбаларды сақтап отырғандар кімдер деген сұраққа жауап іздейміз. Бұл адамдардың өздері бірнеше топқа бөлінеді.
Алдымен, молда, ахунд, ұстаз болған, бірнеше тілді білген адамдардың отбасылары ойға оралады. Бұл жерде большевиктер келгенге дейін қазақтар сауатсыз болған деген стереотипті жоққа шығаратын дәлел жатыр. Бірнеше тілді білген (араб, парсы және түрік) адамдарды тек қана орыс тілін білмегені үшін сауатсыздардың қатарына жатқызу қаншалықты әділетті?
Ал шамамен осыдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз үш тілді болғанын осы көне жәдігерлер бізге дәлелдеп отыр. Көптеген оқыған азаматтар үш тілді білген, үш тілде жазылған кітаптар мен қолжазбаларды оқыған және соны өз ұрпақтарына мұраға қалдырған. Сақталған қолжазбалардың біразы медреселерде оқыған шығармалар болса, біразы өздері жазған қолжазбалар.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде өткен екі күндік ғылыми семинар аясында Сыр өңірінің тумасы Айқожа ишан Темірұлы (1773-1858) және оның ұрпақтарынан қалған жәдегерліктер, сирек кітаптар мен қолжазбалардың көрмесі өтті.
Одан басқа семинар барысында қызылордалық Дүйсенбек Қабылбайұлының жеке кітапханасында сақталған 400-ден астам көне кітаптар мен қолжазбаларды ұрпақтары әл-Фараби кітапханасына зерттеуге тапсырғаны туралы айтылды. Бұдан басқа түрлі отбасыларда жүзден астам қолжазба сақтап отырған азаматтар туралы сөз болды. Бұндай отбасылар туралы қаншалықты көбірек айтылса, соншалықты жақсы. Себебі бұндай отбасылар өзге да үйлерінде қолжазба сақтап отырған отбасыларға үлгі болары анық. Жеке коллекцияда сақтау экологиялық ахуал нашарлаған бүгінгі таңда тиімді емес екенін түсінетін және осы жазба мұраларды халықтың ортақ пайдалануына беру қажет екенін сезінетін отбасылардың бар екендігі ерекше қуантады.
КЕЗ-КЕЛГЕН КІТАПХАНА ҚОЛЖАЗБАҒА МЕКЕН БОЛА АЛА МА?
Жеке коллекцияларда сақталған қолжазбаларды қайда сақтау керек деген мәселе де өзекті және семинар барысында қызу талқыланды. Қазіргі таңда бір қызылордалық отбасы Әл-Фараби кітапханасына қолжазбаларын тапсырып отыр. Бірақ аталмыш кітапханада қолжазба сақтайтын орын жоқ екені және қарапайым кітаптар секілді сақталатыны қынжылтады.
Егер қолжазба иелері бұндай коллекцияларын ҚР Ұлттық кітапханасы немесе Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қорына өзкізсе, ол жерде бұл қолжазбаларды тазалап, реставрациядан өткізіп қолайлы жерде сақтаған болар еді. Оның үстіне ірі кітапханаларға баратын оқырмандар да көп екенін ескерген жөн.
Үлкен ахунд немесе молда болмағанмен медреседе білім алған азаматтардан да қалған қолжазбалар бар. Саны көп болмаса да бұл топқа жататын адамдардың коллекциясында Құран Кәрім, «Сияр Шәріп», пайғамбар (с.а.с.) өмірбаянына арналған қиссалар мен араб және парсы тілінің грамматикасына арналған еңбектер және «Мұхтасар» жиі кездеседі.
Бұндай адамдардың кейбірінің ұрпақтары шығыстану факультетіне оқуға түсіп, ата-баба жолын қуып араб, парсы және түрік тілдерін меңгеріп бұл күнде шығыстану ғылымына қызмет етуде. Ал қалған біразы ата-баба мұрасын үйде сақтап отыр.
Әрине, орталықтандырылған қолжазба сақтайтын арнайы орын болса, қолжазбаларын беруге дайындары да бар.
Бір кездері басшылық қызметте болған және қолындағы билікті пайдаланып елдің қолындағы қолжазбаларды жинап алған адамдар да кездеседі. Бұндай адамдардың ұрпақтары әдетте қолжазбаны сақтағылары келмейді, мүмкін болса сатқылары келеді. Бұл күнде негізінен қара базарда қолжазба сатуға бейімдер – осы топтың адамдары.
Соңғы кезде жария түрде қолжазба сақтап отырған жеке коллекционерлердің санының күннен күнге артуы және қара базарда қолжазбаны сатудың жиілеуі байқалған. Бұл мәселеде бәрі қара немесе бәрі ақ деп қарау стереотипінен арылу керектігін айтқымыз келеді. Яғни, большевиктер қолжазба мұраны мақсатты түрде қаншама жоюға тырысқанымен, сандық түбіндегі қазынаны тұтас құрта алмады.
Жазба мұраны жанкешті азаматтар түрлі жолдармен сақтап қалды. Сахар тауының үңгіріне қолжазбалары мен көне кітаптарын жасырған Оразмағамбет Тұрмағанбетұлының (1881-1942) да атын осы ретте ерекше атап көрсеткен жөн. Үндістанның Бомбей қаласындағы университеттен инженер-геолог мамандығын оқыған ол Кеңес одағының теріс назарына ілігіп Иранға көшуге мәжбүр болады. Бірақ Кеңес одағы Иранмен келісіп ғалымды кері қайтарып 1942-жылы азаптап өлтіреді. Бұндай азаматтар ел ішінде көп болған. Біз оның бірін білсек, бірін әлі білмейміз...
Қорыта келгенде екі күнге созылған «Қазақстандағы қолжазба қорлары: сақтау және зерттеу мәселелері» халықаралық семинар көптеген мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, Қазақстандағы барлық ресми қолжазба қорларындағы қолжазбалар мен көне кітаптарды жаңа әдістерді қолдана отырып зерттеу, ол үшін алдымен каталогтарға енгізу, кейіннен ортақ электронды тізімін жасап шығу. Сондай-ақ жеке коллекциялардағы қолжазбаларды бір орталыққа жинау үшін арнайы бағдарлама дайындау. Сонымен қатар, қолжазбаларды сандық форматқа түсіру және одан ары сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды. Алдағы уақытта мұндай семинар Бішкек қаласында өтетіні айтылды. Десек те қолдағы қолжазбаларды жинап алған күннің өзінде бір кездегі мың-мыңдаған қолжазбалардың орны толады деп айта алмаймыз және көршілес Өзбекстан мен Тәжікстандағы қолжазба қорларындағыдай бірнеше мың қолжазба қоры құрылады деп айту қиын. Бірақ бастысы қолда барды жинап, тізімін жасап оны каталогтарға енгізу мен ары қарай зерттеуге жұмыла кірісу және осындай ортақ іске ниеттің бар екендігі көңілге үміт ұялатады.
Ғалия Қамбарбекова
шығыстанушы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы