Бұл мерекенің ел үшін маңызы зор. Қандай қиын-қыстау заманда болмасын біз ішкі бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтай алған елміз. Достық пен өзара түсіністікті бағалап, бір-бірін құрметтеп, еліміздегі барша этнос өкілдері бейбітшілік пен ашық аспан астында тұрып жатыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясындағы сөзінде:
«Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді» деп атап өткен болатын.
Бүгінде халқымыз Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуде. Бұл процесс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның бастамасымен қолға алынған ауқымды реформаларды іске асыруда көрініс тауып отыр.
Өркениетті, демократиялы елдердегідей Қазақстан Республикасының Конституциясы этникалық шығу тегіне қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне кепілдік береді. Ал, көк паспортымыз бен көк туымыз баршамызды біріктіріп, Қазақстан атты ортақ Отанымыздың азаматтары екенімізді қоғамдық санаға сіңдіре алған қасиетті символдарымыз.
Биыл Қазақстан халқының бірлігі күні 28-ші рет аталып өтілуде. Дәстүрлі мерекелер, фестивальдар, концерттер, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларды қоса алғанда, мерекелер еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, көпэтносты Қазақстанның бірегейлігі мен алуан түрлілігін көрсетеді.
Мереке құтты болсын Отандастар!