Тауарлық газ 15 пайызға қымбаттайтын болды

1967
Adyrna.kz Telegram

Энергетика министрлігі тауар есебінде жүретін [тауарлық газ] газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгілейтін бұйрық жобасын дайындады. Бұйрық ішкі нарық заңдылықтарына сай негізделген. Оған сәйкес, газдың шекті көтерме бағасы 15 пайызға артады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда тауарлық газдың орташа бөлшек сауда бағасы - 22,06 теңге/м3. Тауарлық газға тұрғындарға арналған шекті көтерме бағалар 15%-ға өскен кезде Қазақстандағы бөлшек сауда бағалар өңірге байланысты 1,1-ден 3,87 теңге/м3-ге дейін (ҚҚС-ты есептемегенде) өседі, орташа өсім шамамен 2,7 теңге/м3 болады (ҚҚС есептемегенде).

Тауарлық газ бағасының қымбаттауына әсер етуші бірнеше факторлар аталды. Олардың ішінде тауарлық газ жеткізу құнының көтерілуі, газ өндірісінің төмендеуі мен тұтынымның артуы сынды себептер бар.

Zakon.kz-ның көрсетуінше, бұйрықтың жобасы Қазақстан өңірлерін газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жылдарға бөле отырып, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылғы 30 маусымды қоса алған  кезеңге ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеуді көздейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекті көтерме бағалардың өсуі бір күнтізбелік жыл ішінде 15%-дан аспауға тиіс.

Құжат "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 20-бабының 3-тармағына сәйкес 15 мамырдан кешіктірілмей бекітіледі.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер