«Сәлем – сөздің анасы» немесе имамдарға инструкция

2203
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Соңғы күндері интернеттің қазақтілді сегментінде сәлемдесуге байланысты дау қызған. Дәріс беруші мүдәріс Қабылбек Әліпбайұлының бір жыл бұрын әлеуметтік желіде тараған видеосы кеше айтылған сөздің жаңғырығындай қызу талқы тудырды.

Онда мүдәріс «сәлеметсіз бе» деп амандасуды қою керек деген ұсыныс айтады. Оған ешкім міндеттелмесе де, қолданушылар арасында бұл ұсыныспен келісетіндер де, келіспейтіндер бар. Мұндайда бір жыл бұрынғы видеоның қайтадан тарау төркінін іздеу артық. Журналистер сленгінде мұндайды «консерв» атайды.  Сондықтан ауық-ауық дау тудыратын «консервідегі» сәлем мәселесіне орай мәдениеттанушы Бердалы Оспанның мақаласы қайыра оқырман назарына ұсынылып отыр.

Қазақтардың байырғы өмірі жиі көшіп-қонуды талап ететін мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған. Бұл жағдай көптеген салттардың еркін қалыптасуының пайда болуына жағдай тудырды. Осындай салттардың ең бастысы амандасу. Сөздің өзі айтып тұрғандай адамның аман-есендігін, денінің саулығын білу әрі тілектестік білдіру.

ЕҢ БАСТЫ АМАНДАСУ

Қазақ ұлтының өзіндік төл амандасу әдет-ғұрпында үлкен кісімен «Армысыз», жасы кішімен «Армысың» деп амандасады. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деп жауап қайтарылады.

Бұлай амандасудың түп-төркіні он бірінші ғасырда өмір сүрген терең білікті бабамыз, ғалым Махмұт Қашқари «Түркі сөздігінде» жазылған. «АР» сөзін келтірген. Сондықтан да байырғы заманнан бері «Армысыз», «Армысың» деп амандасудың арғы жағында «Арың таза ма ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деген сұрақ тұр. Оған «Бармысыз», «Бармысың» деп, «Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деп сұрақпен жауап қайтарылып отырған.

Ақын Әділбек Қаба «Армысың!» атты өлеңінде ұлтымыздың ғасырлар бойы айнымай келе жатқан көзқарасын анық білдірген:

 Армысыңдар, қазағым! Ар ма? Ар ма?

Сен – адамсың, ақ, адал, көңілің барда.

Таразыға түссе егер Ар менен Жан,

Арды сақта, кеудемнен жанымды ал да!

ӘЙЕЛ АДАМДАРМЕН АМАНДАСУ

Жасы үлкен ер адамдар өздерімен қатарлас әйел адамдарға: «Қалайсыз, бәйбіше, отағасы, бала-шаға аман-есен бе?», бойжеткен қыздарға: «Айналайын, амансың ба?», құрметпен сәлем салып амандасқан келіншектерге, «Жақсымысың келін, бақытты бол, ұл тап» деп жылы тілек тілей отырып амандасқан.

Қазақтар өзі қатарлы адамға, досы, құрбысына «Арма» деп амандасады. Мысалы «Қыз Жібек» жырында Бекежан Жібекке былай деп амандасады:

Айтамын, айт дегеннен арма, Жібек,

Ботасы өлген түйедей зарла Жібек.

Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,

Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек!

Осылай амандасудың ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқаны қазақ жазушыларының шығармаларында да көрініс тапты. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты тарихи романында «Армысыз» деп амандасу хан сарайы мен көпшілік арасында кең тарағаны нақты суреттелген:

«Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хәкімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.

– Армысың, бек-задалар? – деп хан есік алдында сәл кідірді.

– Барсыз ба, хан иеміз? –  деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті».

Армысыз, Армысыздар деп амандасу көпшілік арасында да кең тараған:

«Ертеуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын:

– Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе? – деп дауыстап жіберді.

Қыз да таныды.

– Байтабынсың ба? – Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді, –армысыздар, ағалар?

Жоламан жауап қайтарды.
– Барсың ба, қарағым».

Осылайша біздің дана бабаларымыз «Армысыз», «Армысың» деп амандасу арқылы, тек ары таза адамдар ғана елін дамыған өркениеттің биігіне жеткізе алады деген түсінікті асыл мұра ретінде ұрпақтарына рухани аманат етіп қалдырды.

ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ АМАНДАСУ

Халық арасында күнделікті жағдайға қарай амандасудың басқа да үлгілері көп. Қазақ ұлтының болмысын тереңінен зерттеп көпшілікпен бөлісуге бүкіл саналы өмірін бағыштаған Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» кітабында былай деп жазған:

«Қазақ амандық-саулық білісуге айырықша мән беріп, жөнімен сәлемдесуді ырым көретін болған. Мәселен, мал жайып жүрген малшыға есендескенде «Жаяр көбейсін!», «Өріс шүйгін болсын!», «Өріс кең болсын!» – дегендей тілек білдіре тіл қатады. Мұндай тілекке «Айтсын!», «Айтқаның келсін», деп жауап беріп, әрі қарай жөн сұрасып кететін болған. Сол сияқты, мал суарып тұрса «Суарар көбейсін!», көшке кездессе «Көш көлікті болсын!», жолаушыға кездессе «Сапар оң болсын!», бас қосқан ортаға тап болса «Орта толсын!», мал сойып жатса «Сояр көбейсін!», Соғым шүйгін болсын!», шөп шауып, қи ойып немесе басқа жұмыс жасап жатса «Еңбек берекелі болсын!», киіз басып жатса «Басар көбейсін!», «Еңбек зейнетті болсын!», қой қырқып жатса «Қырқым көбейсін!», өлік үстінде  кезіксе «Қазаның артының қайырын берсін!», кештетіп үйге кірсе «Кеш жарық!», бала туған үйге кірсе «Нәрестенің бауы берік болсын!», ауыл жаңа қонып жатса «Қоныс құтты болсын!» т.б. дегендей тілектер айтысып амандасу түрлері қалыптасқан. Тіптен, танымайтын адамнан жөн сұрасқанда «Кімсің деп дүңк еткізбей, «Танымадық қой» деп сыпайылап  тіл қатқан».

«Кеш жарық!» дегенге ұйқастыра «Ешкің арық!»деп жауап беру қазақтың басты ісі мал шаруашылығы екенін дәлелдейді. Бір қызығы бұлай амандасу қазіргі күнде тіпті қалада да сақталған. «Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш!» деп амандасуларға сол күйінде жауап беріп амандасады.

Қазіргі кезде өзіміздің ұлттық амандасуымыз «Армысыз» деп амандасуға «Бармысыз» деп жауап беру үрдісі үлкендер мен жастар арасында, әсіресе теледидардан да көптеп естіліп жатқаны қуантады.

Оған қоса ер адамдар «Саламатсыз ба», әйел адамдар «Сәлеметсіз бе» деп айту үлгісі де бар. Араб тілінде Ассаламағалейкум деп амандасу, оған Уалейкүмсәлем, деп жауап беру, қазақ даласына дін таратушылармен бірге келді.  

Осылайша біздің дана бабаларымыз «Армысыз», «Армысың» деп амандасу арқылы, тек ары таза адамдар ғана елін дамыған өркениеттің биігіне жеткізе алады деген түсінікті асыл мұра ретінде ұрпақтарына қалдыра білді.

Бүгінгі әлем өркениетінен қалмайық деп тырысып жатқан заманда ұзын, шұбалаңқы сөзден гөрі қысқа да нұсқа «Армысыз», «Бармысың» өте заманауи екені сөсіз. Және ең бастысы өзіміздің осы ұлттық амандасуымызды пайдалағанымыз дұрыс.

Басқа ұлттар өз ана тілінде амандасады. Қазақ та көштен қалмауы тиіс.

Бердалы Оспан

 

Пікірлер