Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Оқу биыл 2 мамырда басталып жыл соңына дейін жалғасады.
Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курс «AMANAT» партиясының аудандық филиалдарында төмендегі талаптар бойынша өтеді:
- бір топтың оқу мерзімі – 5 күн
- бір топтағы қатысушылардың саны – 30-50 адам
- бір айда оқитын топтардың саны – 3
Оқу бағдарламасы келесі санаттағы азаматтарға арналған. Олар несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар және несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамту жоспарлануда.
Жобаға қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады.
«Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің 8 өңірі қамтылады. Олар: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары.
Жобаға қатысу шарттары туралы толық ақпарат жақын арада жарияланады.