Еңбек дауы. Жамбылдағы "Қазфосфат" жұмысшылары бас көтеріп, басшылыққа өткір талап қойды

1926
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары иемденген «Қазфосфат» зауытының жұмысшылары ереуілге шықты. Олар басшылыққа жалақыны арттыруды міндеттеп, 10 күн ішінде шешім шығару талабын қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

13 сәуір күні Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Қазфосфат» зауытының Жаңатас қаласындағы филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жүз елуге жуық жұмысшысы көшеге ереуілге шықты. Желіге тараған бейнежазбаларға қарағанда, жұмысшылар еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны көтеруді талап еткен. Жұмысшылар аяқ астынан бас көтеріп,  қазіргі бағаның құлдырауына байланысты 10 пайыз төмен жалақы алатындарын айтып шағымданған.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=1&v=yJcYkZSaaNU&embeds_euri=https%3A%2F%2Forda.kz%2Ftrudovoj-konflikt-chego-hotyat-rabotniki-kazfosfata-v-zhanatase%2F&source_ve_path=MjM4NTE&feature=emb_title

Жалақы мөлшері инфляция салдарынан 20 000 теңгеге "азайып отыр".  Ал басшылық жоспарды толық орындамадыңдар деп еңбеккерлердің өзін айыптаған. Мұндай бұлғаққа төзбеген жұмысшылар жұмыс орындарын тастап шығып, шенді-шекпенділермен бетпе-бет сөйлесуді ұйғарыпты.

Orda.kz-тің жазуынша, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыскерлердің 7 талапты алға тартып отырғандарын айтқан. Ал журналист талап тізімінің тоғыз болғанын баяндады.

Сонымен қатар, шерулеткен жұмысшылар басшылықтың бұқпандай шешімдерімен келіспейдіндігін де жеткізді. Олардың айтар уәжі мынандай:

- Кадрлық «бизнесті» тоқтатуларын басшылықтан сұрадық. Бізде ешқандай саяси талап жоқ. Саясат бізге керек емес. Айлық жалақымыз, жұмыс жағдайымыз жақсарсын. Содан кейін өткенде жұмысшыларды 50 пайыз жергілікті халықтан аламыз деген. Екіншіден, инфляцияны үкімет қанша айтады – соны біз қосамыз деген. Осы уақытқа дейін қосылған жоқ. Біз артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Бүгін бензин қымбаттады. 21 пайыздық инфляциялық айырманы айлыққа қоссын, - дейді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылардың тағы бірі мұның бейбіт митинг екеніне сендірді. Басшылар тарапынан ешқандай шешім жоқ екенін де алға тартты.

 - Алдындағыдай құрғақ уәде, - дейді ол.

- Ивестор келгеннен кейін қаржы құямын деп келеді. Дұрыс па? Бұл жерге тонауға, ұрлауға келген сияқты, істеп тұрған фабриканы тонап тастады. Соның бәрі тоқтатылсын! Мына жердегі «галерея» толығымен кесіліп кетті, - дейді үшінші еңбеккер.

Осы оқиғадан соң Парламент Мәжіліс депутаты, Гүлдара Нұрымова жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау үшін шұғыл түрде Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен шығатындығын хабарлады.

Құрметті жерлестер! Жаңатастағы жағдай бойынша жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау – міндетім. Сол үшін Сарысу ауданына жолға шығамын. Таңертең жедел түрде Астанадан ұшатын боламын, - деп жазды ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына.

Ал Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Сарысудағы «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді.

Сағат 12:30-да Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы кәсіпорын қызметкерлерінің (шамамен 150 адам) жиналысы аяқталды, - деп хабарлады басқарма.

Еске сала кетейік, Қазақстанның бірқатар аймағында жұмысшылар жалақы және кадрлық шешімдерге байланысты бас көтере бастады. "ҚазМұнайгаз" және "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген мұнайшылар тендерге байланысты жұмыстан қысқарып қалған.  "ҚазМұнайГаз" оларға жалақысын сақтай отырып, Кезби" және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Бірақ олар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген талап қойды. Билік өкілдері мен мұнайшылардың арасындағы талас-тартыс әлі жалғасып жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер