Цифрландырудың қандай артықшылықтары бар?

1921
Adyrna.kz Telegram

2019 жылы бүкіләлімдік тәж тажал келіп, әбігерге салған шағында қандай да бір құжат дайындамақ болып Халыққа қызмет көрсету орталығына жолым түсті. Ұзын-санар кезек күтіп тұрған шақта кезексіз әлдекімдер жанымыздан өтіп жатты. Сөйтсек, ол азаматтар цифрландырудың жаһандық жаңа әдісін пайдалану арқылы алдын-ала тіркеліп қойған. Дәл осы кезде технология мүмкіндіктерінің көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқанына көз жеткіздік. Одан бері тағы 2-3 жыл уақыт өтті. Халыққа қызмет көрсету орындарына барып, ұзын-сонар кезек күтіп алатын анықтамаларды ұялы байланыс нөмірге енгізілген модильді қосымшалар арқылы сақтап алатын дәрежеге жеттік.

Қайсыбіркүні цифрлық технологияның дамығаны соншалық үйден шықпай-ақ талай тірлікті оңтайлы шешуге болатынына қанық болдық. Жыл емес, ай емес, күн сайын алға жылжыған технология жаңалықтарын бақылып отыру да біразға жүк болады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының саммитінде Astana Hub халықаралық технопаркінің базасында Цифрландыру орталығын құруды ұсынған болатын.

«Қазіргі геосаяси жағдайда елдер технология жағынан бір-бірінен оқшауланып барады. Сондықтан түркі елдерінің IT саласындағы соңғы жаңалықтарына жіті назар аудару керек. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтқандай, алмағайып шақтың өзінде технологияға сұраныс орасан. Және кімнің технологиясы мықты сол жіліктің ең майлысын иемденеді. Әлемде орын алып жатқан геосаяси жағдайлар IT саласындағы мамандар шабытын оятып жатқандай дерсің. Күн сайын жаңашылдық танытып, жаңа дүниелер қолданысқа еніп жатыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы айтқандай түркі елдерінің IT саласын жіті қадағалауға алып, жастардың осы бағытта тереңдетіп білім алуына жағдай жасау керек. Аталған басқосуда Қасым-Жомар Кемелұлы мемлекеттер арасындағы IT хабтар арасында келісім болғанын тілге тиек еткен-ді.

«Мемлекеттеріміздің IT хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Осы ретте мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев.

Ақорда басшысының бұл тақырыпқа әуелден ашық екенін жақсы білеміз. Жаңадан Президент болып сайланған жылдардан бастап Цифрландыруға орасан зор көңіл бөліп келеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде аранйы кеңес те өткізіп, нақтылы тапсырмалар да берілді. «Қазақстан Президенті Үкімет пен ҰҚК бірлесіп ақпараттық ресурстарды және жалпы «цифрлық дербестікті» тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, бұл мақсатта ақпараттық қауіпсіздіктің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ «ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім беру грантын кемі екі мыңға дейін арттыру керек», – деген еді мемлекет басшысы.

Тақырып әлі де өзектілігін жойған жоқ. Және алдағы уақытта да сұраныс арта бермек.

Пікірлер