"Барлығына сабақ болсын": Бибісара Асаубаева кешірім сұрады

1919
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікпен болған жанжалға қатысты пікір білдіріп, өзі ренжіткен адамдардан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

Спортшының айтуынша, Үндістандағы Гран-приде болған бейберекетсіздікті көбелектің қанат қағуы әсерімен салыстыруға болады.

«Көбелектің болмашы қанат қағуынан жағалаудың ар жағында пайда болған цунами бәрімізді басып қалғандай күйде жүрміз. Кеше мен айтқан бір жағдай осындай үлкен дау тудырды. Енді оның салдарымен істеу керек екенін өзіміз де түсінбей отырмыз. Бәлкім, мен кеше қатты толқып кеткен шығармын (айтпақшы, сол үшін хейтерлерден сыбағамды алдым). Әлбетте, ақыл-ойдың алдына түсіп кететін эмоциялардың ауыр зардапқа әкелуі мүмкін екені сөзсіз. Бұл барлығына сабақ болсын. Шахматшы бірнеше қадамды алдын ала есептеуі керек, ең алдымен өмірде солай еткені дұрыс. Өйткені өмірде жіберген қатенің бағасы шахмат тақтасындағыдан әлдеқайда жоғары болады. Ал қателессем, мойындауға дайынмын», - деп жазды Бибісара Ассаубаева Instagram парақшасында.

Спортшы турнирлер кезінде немқұрайлы ұйымдастыру, ұйқысыздық, келеңсіздіктер мен нәтижесіз уәделер енді ешқашан болмайды деп үміттенетінін жеткізді.

«Мен жай ғана ойын ойнап, рекорд орнатып, еліміздің абыройын асқақтатып, туған-туыстарымызды қуантқым келеді. Өйткені біз осы үшін келдік. Және бізге осындай мүмкіндік береді деп сенемін. Қасиетті Рамазан айында әсіресе, таза ой, таза ниет болуы маңызды. Ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын. Жаман мақсатым болған жоқ. Ал лайықты адам өз марапатын алсын», - деп түйіндеді Б. Асаубаева.

Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын Бибісара Асаубаева әріптесі, халықаралық гроссмейстер, Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәлікті сынап, желіде жазба қалдырған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер