Ұлылар да көрген түсіне сенген

2601
Adyrna.kz Telegram

 Абылай ханның түсі де бүгінгі күнге Міржақып Дулатұлының жазып қалдырған нұсқасы бойынша жетіп отыр. Абылай хан жасы ұлғайып келе жатқан шағында ата жұртым Бұқараны аламын деп, Үш жүздің атақты батырларын жиып аттанды. Ешкімнен беті қайтпай келіп, Түркістанға өзінің бір баласын, Шымкентке Ғабдолрахман деген сартты һәм Ташкентке Мырза Ахмет деген сартты хәкім қойып, Самарқантқа қарай жүреді. Абылай хан Самархант шаһарының бетіндегі Жұпар қорығына түсіп, алғаш қонған түні түс көріп, ертеңіне қасындағы түс жоритын қариясына жорытады:

«Түсімде шатырымның алдына бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таң қалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп екінші қарағанымда қасқыр болып, одан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң қалып жатқанымда, оянып кеттім, – деді. Сонда қария: «Жолбарыс көрсең, басыңнан бақыт құсы ұшқаны, баяғыдан бері бетің қайтпай жүріп, енді жасың жеткен шағыңда «Абылай хан сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай қайта ғой. Жолбарыстың аю болғаны – сенен соңғы балаларыңның заманы аю заманы болып, жұрт аюдай алысып өтер. Қасқыр болғаны – немерелеріңнің заманында қасқырдай жұлысып өтер. Түлкі болғаны – онан кейінгі заманда шөбереңнің заманында түлкіше жортып өтер. Қоян болғаны – онан кейінгі заманда қорқып өтер» деген екен.

Қабанбай батыр бір жорықта далаға қонады. Түсінде бір адам келіп:

Қасың биік қабақтай,

Мұрның сенің табақтай.

Батыр бол, балам, қайтпайтын

Қаһарман атты аруақтай, –

деп бата береді. Осылайша Қабанбай қазақ тарихындағы «аруақты батырдың» бірі болады. Ал, ақ сақалды қария дегені – Қызыр-мыс. Қазақтың ескі нанымында Қызырға жолығып, оның батасын алған адам қасиетітті адам ретінде қаралады. Осы жолы Қабанбай үлкен олжамен оралады.

Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан 1994 жылы жарық көрген «Кіші жүз шежіресінде» Балқы Базар жыраудың түсі туралы дерек бар:

Болашақ ақын бірде малда жүріп түнде далада ұйықтап қалса, оған ақ киімді, ақ таяқ ұстаған, ақ сақалды әулие келіп «балам маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе?» – дейді. Сонда қарны ашып, шөлдеп жатқан бала «таңдайыма бер» депті. Содан бал Базар орнынан өлең айтып ояныпты. Айналадағы суырылып соққан жел де, шалқып жатқан көл де, көл жағалалй көз ұшына көсіліп жатқан ашық даладағы сыңғыр қаққан шеңгел де, әуелеп ұшқан құс та ғажайып ұйқастармен өлеңдетіп тұр екен дейді. Осыдан бастап Базар жырау халқының қасиетті ақыны, айтулы азаматы болған. Ел жұртының ерік, жігерін ұштайтын өлеңдер шығарған.

Бұндай оқиғалар басқа ақындарының да басынан өткен. Қазақтың біртуар ғалымы, әдебиет зерттеуші Ханғали Сүйіншіәлиев ақын Құлыншақ Кемелұлының көрген түсі  туралы былай дейді:

Ақындық жолға түсу себебін ол ескі наным тұрғысында түсіндіреді. Жас шағын еске алған сөзінде ақын маған Қара кісі боп келген пірім ұйықтап жатқанымда аян бергенді, ол маған: «Көген тілеймісің, өлең тілеймісің деген еді. Мен өлеңді қалап алдым да ақын болдым.

Өзінің ақын болатынын түсінде білген Сүйінбай Аронұлы өзі малын бағып жүрген Шүйбек байға бұл жайында өлеңмен айтқан:

Ассалаумағалейкүм, Шүйбек байым,

Әкет деп құлағыңа айқайлайын.

Қораның түбінде мен жатыр едім,

Пірлері бүгін келді Сүйінбайдың.

 

Атыңнан айналайын, қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған.

 

Мен бақтым қозыңды да, қойыңды да,

Бір қабат сергітпедің бойымды да.

Болса да ұлы думан, күнде қызық,

Сен маған көрсетпедің тойыңды да.

 

Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,

Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!

Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді

Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!

 

Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,

Әйтеуір тегін емес Сүйінбайың.

Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен

Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын... 

Қазақтың ең көрнекті музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанұлы өзінің «Заман бұлбұлдары» атты кітабында Ақан серінің елуден асқанда шығарған үш сұлу қыз туралы айтылатын «Үш тоты құс» әнінің сөздерін келтірген:

Бүгін мен ұйықтап жатып көрдім бір түс,

Көргенім Иран бақта үш тоты құс.

Бірің маржан, меруерт, сапы бірің,

Көргенде үшеуіңді көңілім қош.

Қазақтың Балуан Шолағы атанған күш иесі де көрген түсіне көп мән берген. Балуанның соңғы түсін жазушы Жайық Бектұрұлы күш иесінің кенже ұлынан жазып алған екен:

– Біздің әкей 1918-1919 жылдары қайтыс болды. – дейді туған ұлы Құдайберген. Қырбық қар түсіп, сілбі қата бастап еді. Күздік сойылған. Әкем Қалғұтан жаққа жолға шықты. Маған божысын ұстатты. Шанамен жүрдік. Жеккеніміз қос күрең. Балуанның жем-жеттекке үйренген боз жорғасы басына түрілген жүген-ноқтасымен шана соңынан желе-жортып отырды. Қонысымыз қалың Керейдің бұрынғы кең жайлауы Қандықарағайдан, Ақсудан бергі Үйжығылған, Айқайқабақ, қайрақты, Мат өзендерінің бауырындағы қара орман іші. Осы күнгі ана Астраханка ауданына қарайтын Қалғұтандағы Ордабайдың Нұрышының үйіне қондық. Атабасар жақтағы құдамыз Қожантай балаларына бармақшы Шөкең. Таңертең әкем маған жалт бұрылып:

– Балам, қораға шығып, боз жорғаны қарашы, неғып екен? Деді. Шықтым. Әшейінде алдына бір қап сұлы төксең де түк қоймайтын жемқор ат басындағы дорбасын шайқақтатып, жем жей алмай сенделіңкіреп тұр. Мойнын, кекілін сипадым. Айтып келдім.

– Апыр-ай, түс көріп ем! Ана бір шал түсімде «өзіңді алайын ба, атыңды алайын ба?» деді. «Атымды ал» дедім. «Жарайды, әуелі атыңды алайын, кешікпей өзіңді де алам» деп ұйқылы-ояулы жатқанымда аян беріп кеткен! – деді әкем. Шай ішісімен ізімізше кейін қайттық. Екі ара едәуір жер. Үйге келе боз жорға пышаққа ілінді. Кешікпей әкейдің өзі де қайтыс болды.

Әбділда Тәжібайұлы «Есімдегілер» кітабында ақын Қасым Аманжолұлына көрген түсі туралы баянаған хатын келтіріпті:

«Қасымжан! «Жан» дегенім жанымның сөзі. Осында келгелі бір мезгіл ойымнан шыққан жоқсың. Кейде жүдеу көрінсең, кейде әжептеуір болып оңалғандай, өлең бастағалы отырғандай көрінесің. Сені бірнше рет түсімде көрдім. Ойлағанымдайсың. Бірде жүдеулеу, бірде көңілді боп жүресің. Осының бәрі сенің сырқаттығыңа байланысты сезінулер болу керек. Сарадан (Ә.Тәжібайұлының өзінің жұбайын айтып отыр – Б.О.) екі-үш рет сұрап ем: «Бір қалпы, өзің көргендей», дегенді айтты. Илаһим, тәуір бол. Бойыңдағы, ойыңдағы жалынды күштер шипаң болсын, панаң болсын. Талай тың жырды кесел құрсаулап жатқаны көбіміз үшін күйінішті нәрсе. Ештен де кеш жақсы, айығып кетсең, булыққан үндер, іркілген сөздер төгіліп-төгіліп кетер, кідірген мерзімнің олқы жері тез-ақ толығар. Тек сонымен сүйсінетін болайық.

Ағаң Әбділда. 4.12.1956.».

Хат мәтінінен кейін ақын былай деп жазыпты: Мен ертемен Мәскеуге сабаққа келісімен алдымен әдет бойынша хат-хабар іздедім. Қасым  қайтыс болды деген телеграмма алдым.

Әбділда Тәжібайұлы түске сенген. Бірде ол ғалым інісі Құлбек Ергөбекке: Түс көрдім, 124 жасқа келеді екенмін деймін. Соны өзім өтініп 113 жасқа түсірттім. Қолжазбамды ақтарып шықтым. Ешқайда жарияланбаған 73000 жол өлеңім бар екен. Соны көшіріп дайындауым керек, деп айтқан. Ұлы абыздың бұл түсін Құлбек Ергөбек 2004 жылы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы халыққа жеткізді.

2012 жылы жарық көрген «Астана» журналында атақты «Теміртау» атты көркем шығарма жазған Зейін Шакиннің ауруханада соңғы рет тілдескенде жұбайына айтқан түсі туралы жазылған: «Әңгіме жазайын деп отырмын. О дүние жайында. Менің о дүниеге қалай барғаным, мені комиссия қалай қабылдағаны жөнінде түс көрдім. Соны жазамын. Дөңгелек үстел. Жағалай таныс адамдар отыр. Үстелдің бір жағында шоқша сақалды Абай да көрінеді. Михаил Ломоносов комиссияның төрағасы. Менен бұрын Айқын Нұрқатовты тергеп жатыр екен. Мен шеткерірек барып, тізе бүктім. Ломоносов орнынан тұрды да: «Айқын, сен неге ерте келдің? Шашкин сенен үлкен» деді. Сонда Айкын былай деді: «Мен автмобиль қатығысына ұшырадым». Жазушы ослыны айтады да, жүзін тез бұрып әкетіп «Сағат екі жарым болып қалды. Сен тезірек үйге қайт Гүлжанның қарны ашып қалды» дейді. Жазушының жұбайы ертесіне таңертең ауруханаға бармақ болып, табалдырықты аттай бергенде, үйге беттеп келе жатқан бір топ жазушыны көреді. Олар З.Шашкиннің қайтыс болғанын естіртуге келе жатты.

Қазақтың тағы бір ақиық ақыны Иса Байзақов көз жұмарынан бір күн бұрын досы Қалижан Бекқожинге көрген түсін былай баяндап беріпті:

 – Қалижан, түнде түсімде мен баяғы Рамазан сыйлаған ақбоз атқа мініп аспанда құйғытып жүрмін. Бұл жазылатыныма аян, – дейді қуаң сәби сенімділік білдіріп.

Өлеңмен кесте тоқыған қазақ қыздарының бірі Фариза Оңғарсынова бала кезіндегі түсін ешқашан ұмытқан емес. «Жалын» журналында жариялаған естелігінде сол бала кезгі түсін баяндаған:

  • Түсіме домбыра еніп, саусақтарым су жорғаның тең басқан төрт аяғындай еркін самғап, неше түрлі әуендерді түсімді

тартып жүретінді шығардым.

Анам бұл «қылығымды» дұрыс не теріс демеді. Бірақ кешікпей ауылдағы домбырашы Имұқанға сәлем айтып, біреуді жіберіп, үш бұрышты қарағай домбыра алдырып берді.

«Қара машина» атты өлең жазғаны үшін университеттен қуылып 1991 ж, 31 шілде күні 31 жасында көз жұмған ұлы ақын Бауыржан Үсенұлы:

Іштен тынып құр күйіктен,

Талайлар жүр соры қайнап.

Түсімде ылғи бір биіктен,

Желбірейді Бөрі байрақ... –

деп жазған өлең жолдары көп жылдардан соң 2011 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды.

Адамзаттың табиғи болмысын зерттеумен айналысқан ғалымдар түс туралы түрлі тұжырымдар жасағанымен түске сенуге бола ма жоқ па деген сұрақ әлі де көптеген адамдарды мазалауда.  Әрі бұл сұраққа таяуда жауап берілуі де екіталай. Бірақ, иә бірақ...

– Осы мен де түске сенетін болып барамын, – депті ақын Қасым Аманжолұлы досы Жайық Бектұрұлына...

Қасымдай жыр алыбымен пікір таластыру қиын-ақ.

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер