“Кірпігінен аспанның нұр төгіліп…”

2422
Adyrna.kz Telegram

Қойны толы  құпия, ғасырлардың  құрдасы,

Әлем жаратылғалы, Әз наурыз жыл басы,

Тағы да бір жаңа жыл,  келді байтақ жеріме,

«Қоян» кетіп барады  ағараңдап қырды асып.

Ассалаумағаликум, қадірлі қауым, Түркі дүниесінің ең ұлы  мерекесі – Әз-наурыз барша Түркі баласына бақыт пен байлық әкелсін! Әр күніміз қуанышқа толсын! Еліміз аман, жеріміз тыныш, қарттарымыз алаңсыз, жастарымыз бақытты болып абройымыз арта берсін!

Жанға толы қаламыз, дәнге толы даламыз,  қазыналы қартымыз, қасиетті баламыз болсын!  

НАУРЫЗ КҮНІ ҚАЗАҚТЫҢ БӘРІ ҚЫДЫР

 Кірпігінен аспанның нұр төгіліп,

Ынтығады сол нұрға жұрт емініп.

Тіршіліктің керуені жылжиды алға,

Бір ілгерлеп, бір тоқтап, бір шегініп.

Уақыттың теңізін кешіп өткен,

Келді, міне, әз-Наурыз - тоты-көктем.

 

Кірпік қақпай күзетіп бұл ғаламды,

Қырсықтарды болдырмай шырғалаңды.

Самал болып сыбырлап бата беріп,

Қыдыр ата аралап жүр даламды.

Ошақ асқан бірге жүр анамен де,

Бірге жүр ол ойнаған баламен де...

 

Ару - көктем, бұл көктем – Ана - көктем,

Тас балқиды демінен жанап өткен.

Көктемге еріп ұмытып қайғы-мұңды,

Кеткім келіп тұрғаны-ай, бала боп мен.

Еркелетер, жұрт мені еркелетер,

Көктем сұлу ұнатар, ерте кетер...

 

Асыра айтып қойдың деп сөкпе мені,

Болса болар ойымның жетпегені.

Наурыз күні қазақтың бәрі Қыдыр,

Алғыс болып дариды ақ дегені.

Қыдыр деп біл жасты да, кәріні де,

Періштедей кіршіксіз бәрі, міне.

Иманғазы Нұрахметұлы

 

Пікірлер