Ақтау қаласының тұрғындары Қазақтың ұлттық киімін киген адамдардың бір жерде ең көп шоғырлануы номинациясында Гиннес рекордын жаңартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Каспий теңізінің жағалауындағы арнайы алаңға бес мыңнан астам адам жиналып, қазақтың ұлттық киімін әлемге паш етті. Ауа-райының салқындығы мен жаңбырға қарамастан, халықтың мерекелік көңіл-күйі жоғары болды.
Рекордты ресми тіркеу үшін Лондоннан Гиннес рекордтар кітабының штаб-пәтерінен арнайы өкіл келіп, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, рекорд орнатылғаны туралы сертификатты салтанатты түрде тапсырды.
Әнші Тамара Асар инстаграм желісінде оқырмандарынан сүйінші сұрады.
"Ағайын!!! Рекорд орнатылды!!!
Бүгін 22 наурыз күні Ақтау қаласында Ұлыстың Ұлы күні,еліміздің мәдениетін дәріптейтін Ұлттық киім бойынша Әлемдік Гиннес рекордын орнатылды!!!
“Best fest Nauryz” шарасына 5500 адам тіркелді", - деп жазды ол.
Қатысушылар алаңға таңғы сағат 9-дан бастап жинала бастады. Сағат 11:00-де ұйымдастырушылар 4 мың адамның келгенін, ал 12:01-де қатысушылар саны 5 мыңнан асқанын жариялады. Осы кезде алаң үстінен дрон ұшырылып, нақты деректер экранда көрсетілді.
Сертификат табысталған соң, мерекелік шара ән мен биге ұласып, жиналған халық Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен атап өтті.