Масылдық жас пен кәріге бөлінбейді

1915
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп қана күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқаны өтірік емес. Осы мәселе төңірегінде зейнетке дейін бір ретте болсын шаршадым демей отбасының қамы үшін талмай еңбек еткен Астана қаласының тұрғыны Ерлан Файзуллаұлын әңгіме тартып көрдік...

Сіздің түсінігіңізде әлеуметтік масылдық дегеніміз не?

– Қазақта «мешкей» деген жаман ат дегендей, «масылдық» деген атау да нағыз адамды кері кетіретін, жалқаулықтың, жатыпішерліктің бір түрі. Тіліміздегі адамға берілетін масыл, масыл болу, масылдық мінездемесі нағыз жағымсыз кейіпкерге тән сипат. Енді оның жалпы сарыны белгілі ғой. Жатыпішер жалқауларды кім жақсы көрсін. «Жұмыртқа піс, аузыма түс» дейтін масылдық психологияны бойына сіңірген, жастайынан жеңіл өмірге үйренген адамдар көп бұл жалғанда. Оның адам бойында пайда болуы отбасылық тәрбиеден басталады. Кейін психологиялық мінезге ұласады. Айта берсек, оның көптеген психологиялық сипаттары бар. Ал енді бүгінгі қоғамда әлеуметтік масылдық деген ұғым пайда болды. Бұл неден басталды. Мұның тарихы да ұзақ әңгіме. Жалпы қоғам дамыған сайын «не ішемін, не киемін» деген мәселе де ұмыт бола бастайтын сияқты. Осы масылдықты жасайтын дамыған қоғамның өзі деп білемін. Кезінде дамыған Еуропа, Америка елдерінде жұмыссыздардан бастап көшедегі қаңғыбастарға дейін тіркеуге алып, оларға материалдық көмек беру қарастырылған. Өйткені, олар бір жағынан елге, қоғамға зор қауіп тудырған. Ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық және тағы басқа небір қылмыстардың көбеюіне жол ашқан. Сондықтан мұндай қылмыстарды азайту үшін мемлекеттік жәрдемақы тағайындаған, басқа да әлеуметтік материалдық жағдайлар жасаған. Осыдан бастап ол елдерде масылдық деген мәселе күн тәртібінен түскен емес.

Ал біздің елде де жалпы халыққа беретін әлеуметтік жағдайлар қарастырылған. «Біреуі тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді» дегендей халықтың небір жікке, бай мен кедей, жұмыссыздар мен қаңғыбастарға бөлінуі жыл сайын етек алып келеді. Сондықтан мұндай әлеуметтік топтардың арасын саралап, бірыңғай саясат жүргізген жөн. Әрине, біздің еліміздің соңғы ширек ғасыр тарихында әлеуметтік жағдай күрт шиеленісті. Жұмыссыздық, кедейшілік, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар жағдайының өсе түсуі оларға билік тарапынан әлеуметтік көмек көрсетуді қамтып келеді. Осы аталған жәрдемақыға іліккен, басқа да материалдық игіліктерге ие болғандар тарапынан масылдық психологиясы қалыптаса бастады. Бірақ әр нәрсенің шегі бар, ондай дәніккен масылдарды орнына қоятын кезі болады.

Бүгінгі қоғам мұқтаждық пен масылдықты айыра алмай жүр ме?

– Иә, мұқтаждық пен масылдықтың айырмашылығы екі басқа. Бүкіл адамзат бай мен кедейіне қарамастан бір нәрсеге мұқтаж болуы мүмкін. Біреуге үй тұрмақ, бір үзім нан, киім-кешек керек болса, біреуіне қымбат үйден бастап жаңа көлік керек. Керек мұқтажын әлі жеткендер сатып та ала алады. Ал әбден күні қараң болып, кәріліктен, жұмыссыздықтан, мүгедектіктен, жетім-жесірліктен, басқа да себеп-салдардан болатын төменгі жағдай күнделікті ең қажетті мұқтаждыққа әкеледі. Азын-аулақ тиын-тебенін сол қажетті мұқтаждықтарын алуға жеткізе алмайды. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дейді қазақта. Ал біздің қоғамда аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан беріп отырған жәрдемақы мұқтаждықтарды өтей алмайды. Олар жәрдемақыны көтеруді сұрайды. Сұрағандарын орындаған сайын масылдық пайда бола береді деп ойлаймын. Әрине, біздің қоғамда жағдайы жоқ адамдардың жәрдемақысы өте аз екені рас. Оның тіпті күнделікті тамаққа деге сұраныстың өзін өтей алмайтыны шындық. Жетпегесін басқа мұқтаждықтар көбейе береді. Ал қоғам, билік осы мұқтаждықтарды өтейтіндей деңгейде ешкімді жарылқап отырған жоқ. Бәрінің де жетер-жетпес болып отырған жайы бар. Мұқтаждық әркімнің өзіне қажетті алғысы келетін дүниесіне сұранысы, ал масылдық сол сұраныстан асып, тіпті соған әбден дәндеп алған жандардың әрекеті деп бағалауға болады.

Үкімет «берем» деп бәрін жаман үйретті деп ойлайсыз ба?

– Жалпы біздің мемлекет, оның үкіметі халықты соншама жарылқап жатқан жоқ. Жалпы еңбек ететіндердің, соның ішінде бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы мардымсыз. Мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы енді ғана өсіп, күнделікті мұқтаждықтарын өтеуге жарап қалған шығар, бәлкім. Алған бюджеттік салаларда жұмыс істейтіндердің еңбекақысы өмір сүру деңгейіндегі көрсеткішке жетпейді. Теңгенің құны төмен, азық-түлік, тауар қымбаттаған үстіне өсе түсуде. Енді оның бәрін қайталамай-ақ қояйын. Ал осындайда аз қамтылған әлгі әлсіз жандардың үкіметтен көмек сұрап, алақан жаятыны амалсыздан болатын жағдай. Алып отырған жәрдемақысы аз болған соң, алақан жайып үкіметтен ақша да, үй де сұрай береді. Сұрай берген соң оларды шенеуініктер «бұлар масылдар, алатындарын алып отыр, енді не жетпейді» дегендей сыңай танытады. Қанша масыл болса да, оның бір себебі де боларын анықтау керек. Үкімет негізінен заң бойынша өз халқына қамқорлық жасап, жағдайын көтеруге міндетті. «Беремін» деген дүниесін заң бойынша беру керек. Арасында сол масылдықтың да қулық-сұмдықтарды меңгерген біреулер болады. Олар қос-қостап пәтер де, басқа да игіліктірді қарпып қалады. Енді бірі тіптен құр алақан қалады. Осы орайда айтарым, біздің үкімет төменгі топтағы халықты масылдыққа жаман үйрететіндей деңгейге жеткен жоқ. Көпшілігі өз тіршілігімен өмір сүріп жатыр деп айтар едім.

Әлеуметтік масылдық тереңдей бастаған тәрізді. Бұл дерттен қалай айығамыз?

– Жоғарыда айтқандай, әлеуметтік масылдықтың тереңдеуі жалпы халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткішіне байланысты. Егер үкіметіміз халықтың жағдайын толық қамтамасыз ете алмай жатқан соң, алақан жаюшылар көбейген сайын мүмкін «әлеуметтік масылдық» өсіп жатыр деп дабыл қағып отырған болар. Мәселен, мен өз айналамда ондай тереңдеген әлеуметтік мәселені көрген емеспін. Талай жағдайы төмен жандардың үй-күйі болмаса да, ақшасы жетпесе де әупірімдеп өмір сүріп келеді. Мүмкін олар енді ең бастысы, үкіметтен жеңілдікпен берілетін үй сұрауы мүмкін. Мұны масылдық деп айта аламыз ба. Бұл дерттен айығудың жолы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету. Бүгінде айтылып жүрген «Әділетті жаңа Қазақстанды» құру. Халықтың жан басына шаққандағы үлесін арттыру. Теңгеміздің құнын көтеру. Сыбайластықты жою. Жалпы анау Скандинавия елдеріндегідей әлеуметтік масылдығы жоқ жүйе құру керек. Мемлекеттің тапқан табысы ортақ, әділетті бөлініп, әлеуметтік саланы толық қамтамасыз етудің оңтайлы жүйесін құрғанда ғана бұл мәселені шешуге болады.

Масылдық «жасарып» бара жатқан жоқ па? Оған не себеп?

– Масылдық деген сөз негізінен ержеткен, жұмыс істеуге қауқары бар кәрі-жас демей кез келген адамдардың дайын асқа тік қасық болып, біреудің мойынына асылып, қожайынның ба, әлде әке-шеше, туысқандарының алақанына қарап қалған табыс таппайтын жандарды айтады ғой. Бізге ең қауіптісі осылар. Жұмыс істегісі келмейді, берген еңбекақыны азсынады, ауыртпашылыққа төзбейді, ісінде береке жоқ адамдар болады. Олар жас пен кәрі деп бөлінбеуі де мүмкін. Рас, еркеліктен, тәрбиенің кемшілігінен бала кезден әке-шешесі масылдыққа үйреткен жастар болады. Олар жоғарыда айтқандай дайын асқа тік қасық болуды үйренгендер. Бойларында ерік-жігер жоқ. Мұндайлардың соңғы кезде көбейіп келе жатқанын социологтар айтып жүр. Бірақ олар үкіметке емес, әке-шешесіне масыл болып жүр. Үкіметтің ұсынған жұмыстарын менсіне қоймайды. Өйткені оларда ақшасы аз, болашағы жоқ деген түсінік қалыптасқан. Өзімнің көріп-естігендей, үкіметтің де бұл жағынан қарастырған бағдарламалары баршылық. Олар талай жастарды еңбекке орналастыру орталығында стипендиясын беріп, оқытып-үйретіп, жұмыс та ұсынатын көрінеді. Бірақ өкінішке орай, көпшілігі оқуын оқып, ақшасын алып, жұмысын менсінбейді екен. Қазіргі жастармен әңгімелесіп отырғанда сұрастырып байқасаң, бәрі де ақшасы көп, жұмысы аз еңбекті қалағысы келіп тұрады. Бұл еліміздің осы ширек ғасырдан астам бойы дамуы кезеңінде еңбекке деген ынтаның азаюынан басталды. Қанша еңбек етсең де жұмысыңның жалақы мөлшері күнкөріс деңгейінен төмен қалды. Қысқасы еңбек пен жалақы мөлшері әлі де сәйкеспей келеді. Оны мен емес, талай экономистер мен саясаткерлер де айтып келеді. Мұндай мәселені сөз қылғанда тағы да дамыған Еуропа мен АҚШ, Канада елдерінің жүйесімен салыстырады. Біздің жастар да сондайды аңсайды.

Масылдықпен күресті кімдерден және қалай бастағанымыз жөн?

– Баяғыда өзіміздің жарты өміріміз өткен кеңес заманында еңбектің құны құнды болатын. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген девизбен өмір сүрдік. Алдымен бәрі үйдегі тәрбиеден басталатын. Мектепте жастайымыздан еңбек етуді оқытып-үйрететін. Үйде, ата-аналарымыз да бізді аямай жұмысқа салатын. Содан болар ол заманда жұмыссыздық, масылдық деген негізінен болмады. Еткен еңбегіңе қарай жалақы төленді. Ақша құнды болды. Әрине, кеңестік жүйе кезеңінде үкімет бар ауыртпашылықты өз мойынына алған еді. Сол кезеңде екі жыл кеңес армиясында қызмет етіп, үйіне оралып, бір-екі ай демалайын деген жігіттерді екі-үш жұма өтпей жатып учаскелік милиция енді жұмысқа шығуыңыз керек деп іздеп келіп тұратын. Оған еш бұлтаруға жол берілмейтін. Біздің елімізде де баланы жастайынан еңбек тәрбиесіне баули отырып, масылдыққа бой алдыртпауды ертеден бастау керек. Қазақ халқымыздың да масылдыққа қарсы халық арасында атам заманнан келе жатқан мақал-мәтелдері баршылық. «Ағайын-бауырыңа да алақан жайма», «Өз күніңді өзің көр» деген сияқты мақалмен қайрап өсіру керек. Сонымен қатар мемлекеттің осы салада кеңес кезеңіндегі сияқты күшті иедологиясы болуы тиіс. Оның жұмысын күшейту керек. Мұндай іске Президенттен бастап, Парламент пен Үкімет тек осыларды үйлестіріп, тиісті заңнамаларды шығарып, жол ашып, жұмыстарды тиімді жүргізгенде ғана «ел маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деген қағидамен өмір сүретін жағдайға жете аламыз.

Барлық салмақты әйелдерге артып қойып, «екі қолға бір күрек таппадым» деген ерлерді көріп те, естіп те жүрміз… Шама шарқынша еңбек етудің орнына бар ауыртпалықты нәзік жандыларға итере салған ерлерімізді қалай емдейміз?

– Бұл сұрақ қазіргі кезде ескірген сияқты. Бұл жағдай сонау 1990 жылдардан басталған тоқырау заманынынан 2000 жылдардың басына дейін созылды. Одан кейін жағдай қалыптасты дер едім. Мүмкіндігі болса жұмыс істеуге қабілетті жандардың барлығы да еңбек етпей өмір сүре алмайтынын түсінді. Ал ер адамдардың жұмыс күші қайда болсын керек. Қазіргі кезде жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылары анық. Бірақ ауыл мен қалада әртүрлі. Ауылдағы еңбекақы әрине, мардымсыз, бірақ соны шүкір етіп жатқандар, сонымен тіршілігін жалғастырып жатқандар жетерлік. Қаладағы табыс та әрқалай. Дегенмен қазіргі кезде еңбекақы төлеу жүйесі қалыптасты. Адамдар еңбекақы алу, табыс табуға дағдыланып, сауаттанып та келеді. Бұрынғы жылдары көптеген кәсіпорындар, компаниялар жұмысшылардың еңбекақыларын төлемей, әуреге көп салатын. Қазір мұндай жағдай да азайып келеді. Сондықтан әрбір өмір сүргісі келетін адам, бала-шағасын асырағысы келетін намысы бар еркек болса, қандай жұмысқа болсын арланбай кірісіп кетуі тиіс. Бүгінде егер оларға еңбекақысын төлемей, түлкібұлаңға салатын болса заң қатал, өндіріп алуға болады. Міне, осындай қаржы, заң сауаттылығын кез келген еңбек ететін жұмысшылар меңгеруі тиіс. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтпақшы, әр істің шешімі болады. Сонда ғана масылдықтан арыла аламыз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Оралбай Мергенбайұлы

Пікірлер