Әлі күнге дейін дауысты неге бюллетеньдердің көмегімен береміз - Бағдат Мусин жауап берді

3307
Adyrna.kz Telegram

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы №58 учаскеде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Сондай-ақ, ол не себепті әлі күнге дейін қашықтан емес, ескі әдіспен, яғни, бюллетеньдердің көмегімен дауыс беретінімізді айтты.

Министрдің айтуынша, электронды дауыс беруді енгізу үшін бақылаушылардың өзі бағдарламашы болуы керек. Сондай-ақ қағаз бюллетеньдерді емес, бағдарламадағы кодтарды қарап, бәрінің адал және ашық екеніне көз жеткізуі тиіс.

Сондай-ақ, Бағдат Мусин келешекте дауыс беру жүйесіне 2 жаңашылдық енгізу жоспарланып отырғанын мәлім етті. Сөзінше, мұндай тәсіл сайлау процесіне жалған бюллетендердің қосылуын болдырмайды.

"Біз Орталық сайлау комиссиясымен бірге екі мәселені талқылап жатырмыз. Мысалы, дауыс берушіні сайлау округіне бекіту және тіркеуден шығару мәселесі бар. Бір облыстан екінші облысқа барып дауыс беретін болса, тұрғылықты округте тіркеуден шығуы керек. Келешекте осыны онлайн түрде жасауға болады", - деді ол депутаттар сайлауында дауыс беріп болғаннан кейін.

Бағдат Мусин сайлау жәшіктерін жаңа технологиямен жабдықтау мәселесі талқыланып жатқанын да атап өтті.

"Жәшікке бюллетеньді салған кезде қанша бюллетень түскенін автоматты түрде көрсетіп тұрса деген ойымыз бар. Яғни, мұндай технология салған бюллетініңіздің ешқандай қолдан жасалған құжат емес екенін, заңды құжат екенін растайды. Сайлау жәшігі қазіргідей болады. Бірақ кішкентай компьютерлері болады. Осындай ұсыныс бар. Қазіргі таңда бұл бірнеше елде жүзеге асырылған", - деді министр.

Пікірлер