ТОҚТАР ЖАҚАШ: Туған халқын «мәдениетсіз», ал өзінен жасы үлкендерді «кәрі итке» теңеген саясаткерсымақтан не күтуге болады?

3687
Adyrna.kz Telegram

Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер. Республика партиясына іштартып жүр едім. Жасы алпыстан асқандарды кәрі итке теңегендері не сұмдық?!

«Хабар» телеарнасындағы дебатты Қазақстан халқының мәдениетімен теңестіргені қай сасқаны?
Ол дебатты бәріміз көрдік. Бірақ дәл соған бола халықты «мәдениетсіз» деп сөгу ешкімнің ойына кіріп-шықпапты.

Білсеңіз, ол дебаттың шарты солай болған: алты спикер бір адамның сөзін бөлуге рұқсат алды. Егер ұнамаса, онда арызыңызды ұйымдастырушыларға айтуыңыз керек еді! Бірақ тұтас халықтың, ұлттың мәдениетіне тиіспеңіз!

Айтпақшы, Айдарбек мырзаның жеке бас мәдениетінің деңгейін мына сөзінен-ақ аңғаруға болады: «Очень важно быть энергичными. Должны быть новые люди, с новыми подходами. Старую собаку новым трюкам не научишь». Бұл – оның «Қатарларыңызға ақсақалдарды алу керек емес пе?» деген қарапайым көрерменнің сұрағына берген жауабы. Ол бұл сұраққа «Біздің партияның ақсақалы – менмін, 7000 адамды басқарып отырмын, ал біздің партияның орта жасы – 37» деп менменси жауап берді. Одан әрі «1990 жыл мен 2005 жылдар аралығында туғандарды санасақ, 5 миллион адам екен, ал жасы 60-тан асқандарды санасақ, 1,5 миллион адам екен... Бізге жаңа адамдар керек. Кәрі итті жаңа нәрсеге үйрете алмайсың» деді. Сонда жасы 60-тан асқандарды тікелей айтқанда «кәрі ит» деп тұр ғой?

Қысқа қайырғанда, ол және оның партияластары адам екен және «жаңа адамдар» екен де, қалғанымыз – ит екенбіз. Әсіресе, жасы 60-тан асып кеткендер...
Теледидардан дүйім ел бетіне қарап отырғанда бет-аузы бүлк етпестен, туған халқын «мәдениетсіз», ал өзінен жасы үлкендерді «кәрі итке» теңеген саясаткерсымақтан не күтуге болады?
Үлкенді сыйламағаннан без!

Пікірлер