Жалпы елімізде көпшіліктің сайлаудағы әділдікке күмәнмен қарайтыны рас. Бұған үлкен себеп те, негіз де бар. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ! Осыған дейінгі сайлауларда ересектердің ессіз әрекетіне талай көзіміз куә, көңіліміз күпті болған. Тіпті жұртшылық сайлауға барудан бас тартып, «өздері сайлай салсын» дейтін дәрежеге жеткеніміз жасырын емес. «Менің дауысымнан бірдеңе өзгере қояр деймісің» дегендерді де көрдік. Бірақ өзгеріс өзімізден басталатынын ұмытпағанымыз жөн.
Саясатта «егер сен дауыс беруге бармай, сайлаудан қалыс қалсаң, билікке келген саяси күштен ештеңе талап етпе» деген қағида бар. Себебі олар сенсіз де сайлап алады. Ал ұрлық сайлауға селқос қарағандардың есебінен жасалатыны белгілі. Міне, «сендім, сайладым» деп сенделіп қалатынымыз содан. Тәуба, Тоқаевтай тәуір басшы келіп, төңірегімізге қарайтын, әділ сайлау өткізетін күнге жеттік. Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ететін қадам жасадық. Сайлау жүйесіне жүргізілген реформалар ауыз толтырып айтарлықтай. Енді ешкімге жасанды артықшылық берілмейді деп сенеміз. Соған қарамастан «әділетсіздікке әзірленіп жатқандар» жоқ деп айту қиын.
Сондықтан ендігі жерде ел тағдырына бей-жай қарамай өз таңдауымызды өзіміз жасағанымыз дұрыс. Оның үстіне бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Өйткені бұл жолғы сайлауға бағыты - айқын, жоспары - нық «Байтақ» жасылдар партиясы қатысып жатыр. Байтақтың белгілі болғаны беріден емес, арыдан айқын. 2016 жылдан пайда болған экологиялық қозғалыс, бүгінде әбден пісіп-жетіліп партиялық деңгейге көтеріліп отыр.
Құрамына құр сөздің құрығындағылар емес, нағыз істің адамдары жиналған. Бағындырған белестері де бұлыңғыр емес. Басқаларға қарағанда бағыты ауқымдырақ. Ел мен жердің жайын қатар қозғайды. Өзгелер секілді байлық қайда болса, бағыты сонда емес. Ең басты құндылығы – адам өмірі. Олар Парламентке барса, елдің байлығымен есепсіз байып отырғандарға тоқтау салмақ. Ауаны ластап, халықты ауруға душар еткендермен аяусыз күрес жүргізіп, онкологиялық аурулар мен басқа да дерттер үшін өтемақы төлетпек. Сондай-ақ олар халықтың әлеуметтік жағдайын түзейміз деп бекініп отыр.
Қорыта айтқанда, қайратымызға қайта мінетін кез келді. Әділетсіздік әлегінен әрең арылғанда, өзімшілдердің өзгелердің дауысын ұрлауына жол бермеңіз! Сайлауға келіп, бесінші нөмірдегі «Байтаққа» дауыс беріңіз!
Дайындаған: «Байтақ» партиясының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Азаматхан Әміртай
«Байтақ» партиясының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.
Оралбай Мергенбайұлы
"Адырна" ұлттық порталы