Әлеуметтік салаға басымдық беремін – Күнболат Өмірбай

1896
Adyrna.kz Telegram

Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Мәжілістің 29 орнына жүздеген адам бақ сынап жатыр. Солардың бірі Астана қаласындағы №1 сайлау округынан сынға түсіп жатқан Күнболат Өмірбай. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік салаға баса назар аударып отырғанын айтады.

«Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөліп жатырмын. Өйткені қазіргі таңда халықтың әлеуметтік жағдайы өте төмендеп кеткен. Бұл енді бәріне белгілі жағдай деп білемін. Одан кейін екінші басымдық беріп отырған бағыттардың бірі – бұл елімізде жаппай етек алған коррупция мәселесі. Үшінші басым бағыттардың бірі ретінде экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмын. Оның ішінде ауыл шаруашылық тауарын өндіріп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мән беру қажет. Сондай-ақ тауар өндіру өндірісімен айналысатын зауыттар, фабрикалар ашуға көңіл бөлу керек. Яғни, нақты экономиканың дамуына эфекті беретін салаларға көңіл аудару аса маңызды болып отыр.

Сонымен қатар Қазақстанның қазіргі эономикалық жағдайында әр балаға 18 жасқа дейін 40 567 теңге беруге әбден болады. Бұл көптеген дамыған мемлекеттер қолданатын үрдіс. Балалар біздің болашағымыз. Әр ата-ана баласының келешекте үлкен азамат болғанын қалайды. Күні кеше Әзірет Сұлтан мешітінде жұма намазына бардым. Мешіттің алдында тұрған адамдардың ішінде қайыр сұрап отырған мүгедек жандар көп. Қазіргі кезде халықтың көпшілігінің жағдайы қайыршылық деңгейіне түсіп кеткен.

Мешіттен төмен түссек мектеп жасындағы оқушы құрт сатып тұр. Ол «Ағалар ең болмаса 2-3 құрттан сатып алып кетіңіздерші. Пәтердің ақшасын төлей алмай жатырмыз» дейді. Ал енді сол қыз мешіттің алдында құрт сатып тұру керек пе? Ол қыз келешекте еліне қызмет ететін маман болуы үшін мектепте оқып, білім алу керек емес пе? Өкінішке қарай қазіргі күн көріс деңгейіміздің төмендігі оны сол жерге апарып тұр. Сондықтан мемлекет бір немесе бес баласы болса да, ең төменгі күн көріс деңгейінде жәрдемақы беру керек. Себебі балаларымыз мешіттің алдында қайыр-садақа сұрап тұрмауы тиіс. Әр отбасының жағдайы әр түрлі. Бір адам бала-шағасын керек-жарақпен қамтамасыз ете алады, екінші адамның оған мүмкіндігі жоқ. Жәрдемақы арқылы әлеуметтік жағдайды реттейміз. Екіншіден әр балаға 40 567 теңге жәрдемақы беру елдегі демокрафиялық жағдайды жақсартады. Еліміздегі 20 миллион халықтың саны әлемде 9 орын алатын мемлекет үшін өте аз. Сондықтан да бізге демографиялық жағдайды көтеруіміз керек. Ал балаларға жақсы деңгейде жәрдемақы берілетін болса, онда қордаланып қалған көп мәселе өздігінен шешіледі», – дейді кандидат.

Сондай-ақ Күнболат Өмірбай өзінің сайлауалды бағдарламасында ең төменгі жалақы мөлшерін, ең төменгі зейнетақы мөлшерін және мүгедектік жәрдемақысын 1,5-2 есеге арттыру керек деп жазған екен. Бұл ұсынысты орындау мүмкін бе?

«Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 70 мың теңге. Жетпіс мың теңге айлықпен Астана қаласында өмір сүру мүмкін бе? Мұндай жалақымен қазір ауылдық жерде өмір сүру мүмкін емес. Сол себепті ең төменгі жалақыны ең кемі 1,5 есеге көбейту керек. Жалпы ең төменгі жалақы 100 мың теңгеден кем болмауы керек. Ауылдық жерде ең төменгі жалақы 100 мың теңге болып бекісе, ірі қалаларда жергілікті мәслихаттардың шешімімен ең төменгі жалақының коэффициентін 1,5-2 есеге көтеретін болсақ, онда кемі 140-150 мың жалақы төленетін болады. Ең төменгі жалақыны көтеру бізге не береді? Кәсіпкер немесе зауыт-фабрикалар қарапайым жұмысшыны жалдайтын болса, 150 мыңнан аз жалақы төлей алмайды.

Ал енді мүгедектік пен зейнетақы мөлшеріне келетін болсақ, қазір көптеген аналарымыз, көкелеріміз Совет одағы кезінде жұмыс істеді. Олар кезінде келешек Қазақстан үшін де жұмыс істегенін ұмытпау керек. Алайда Совет одағы тарқағаннан кейін оларды жұмыс өтілі болмай қалды. Соның салдарынан олар 45-50 мың,  ары кетсе 60 мың теңгенің зейнетақысын алып отыр. Шын мәнісінде олардың зейнетақысы 100 мың теңгеден жоғары болу керек. Олар соңғы 25-30 жылда заңды түрде жұмыс істемеген шығар, бірақ оның алдында еңбек етті ғой. Бұдан бөлек еш жерде тіркеуде тұрмаған, бірақ күнделікті жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген азаматтар баршылық.  Олардың бәрі күн түн демей еңбек етіп жатыр.  Оларға қартайған кезде зейнетақы төленуі керек қой. Ұзын сөздің қысқасы зейнетақы мен мүгедектік үшін берілетін жәрдемақыны 2 есе көбейту керек деп есептеймін. Егер депутат болсам, осы мәселені Парламентте көтеретін боламын», – дейді ол.

Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Астана қаласының Алматы және Байқоңыр аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.

Материалды Республикалық бюджет есебінен Астана қаласының сайлау комиссиясы төледі

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер