Амазонка джунглиінде адасып кеткен ер адам құрттармен, шұбалшынмен қоректеніп, жанын сақтап қалған. Ол 31 күннен кейін табылды. Бұл жайды "Адырна" ұлттық порталы "Independent" басылымына сілтеме көрсете отырып баяндайды.
30 жастағы Джонатан Акоста Джунглиде аң аулап жүріп адасады. Ол Боливияның солтүстігіндегі қалың ну жыныс арасында төрт досынан көз жазып қалған.
Аңшы құрт және басқа да жәндіктерді жеп, етікке жиналған жаңбыр суын ішкенін, сонымен қатар шошқа тәрізді жабайы сүтқоректілерден қорғанғанын айтады.
Акоста адасып кеткен аралықта, шамамен, 17 кг салмақ жоғалтқан, тобығы шыққан. Оны жергілікті тұрғындар мен достарынан құралған іздеу тобы тапқанда шөліркеп, сандырақтап жатқан еді.
"Міне, керемет! Мен адамдардың ұзақ уақыт бойы менің соңыма түсіп, табандылықпен іздегеніне алғыс айтамын, таңданысымды жасыра алмаймын", — деді екі көзі жасқа толған азамат.
Адасқанда ол жәндіктермен қоректенді, жабайы Папайя тәрізді жемістерді жейді.
Акоста басынан кешірген сынақтан кейін аңшылықтан біржола бас тартуға шешім қабылдағаны туралы хабарланды.
Полиция тірі қалған адамның төрт досын тергеуге алды, олардан Акостаның қалай бөлініп қалғанын сұрастырмақ.
"Адырна" ұлттық порталы