Әлихан Бөкейханға арнап Астана мектебінде ғылыми конференция өтті

2747
Adyrna.kz Telegram

5 наурыз – ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туған күні. Осы бір маңызды датаға орайластырып, Астана қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейі 3 наурыз күні «Әлихан Бөкейхан және рухани серпін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Бұрын мұндай ауқымды тақырып пен жоғары дәрежедегі ғылыми жиынды тек ЖОО-лардың қабырғаларынан ғана көрсек, 76-мектеп бұл қағидаға өзгеріс енгізіп, тыңнан түрең салды. Мектептегі мұғалімдер мен оқушыларды ғылыми ізденіс жасауға үндеп, дерек пен дәйекке, тұжырымдарға негізделген пайым жасауға түрткі болған салмақты идея жүзеге асты.

Шалғайдағы және астаналық мектептерден ұзын саны 80 ғылыми мақала келіп түскенін мектеп директоры Ботакөз Болатбекқызы өз сөзінде айтып өтті.

«Шараның мақсаты – Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметін жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан қорытып, саясат сахнасындағы батыл қадамдарын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау», деді ол.

​Іс-шара өнерпаздардың ұлттық рухты сілкінтер ерекше әнімен басталды. Оң жақ тарапта – ата-әжелер қауымынан жасақталған хор, сол жақ тарапта – мектеп оқушыларының хоры, ал ортасында ұлттық аспаптарды шертіп, рухты әндерді шырқаған ұландар жиналған көпшілікке ерекше атмосфера сыйлады. Оркестр жетекшісі, әрі баянмен сүйемелдеуші – мектептің музыка пәнінің мұғалімі Тағыбаев Жалдыбай Байғараұлы.

Мектеп шаңырағында өткен ғылыми конференцияға С.А.Жүсіп, Н.Ж.Қалиев, Ө.Сұлтанұлы, Т.С.Шәкен, Ұ.Сәйдірахман, Н.Қоңырбай, А.Сайлауқызы, Ұ.Дәлейұлы және тағы басқа алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, сөз алды. Онлайн байланыс арқылы Әлихан Бөкейхан туралы орыс тілінде 9 тараудан тұратын кітап жазған ресейлік ғалым Виктор Козодой баяндама жасап, өз туындысын жазу кезінде 2 елдің 10 қаласынан 12 архивтің құжаттарын негіз еткені туралы айтты.

Мектеп ұстаздарынан Оразхан Остаева (тарих пәнінің мұғалімі) «Ұлылар мекеніне саяхат» атты баяндама жасап, Әлиханның туған өңіріне оқушыларын апару барысы туралы, шәкірттерінің көргені мен түйгені туралы тәжірибесімен бөлісті. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Қалжатайқызы «Әлиханның қанатты сөздерінің өміршеңдігі» атты баяндамасында ұлт көсемінің ең әсерлі, ең өзекті нақыл сөздеріне баса тоқталды. Сондай-ақ Ысқақов Мейрамбек мырза өз сөзінде «Абай жолы» роман-эпопеясындағы төре ұрпағы Әзімқанның прототипі Әлихан болғанын жиналған қауымға баяндап берді.


Мектеп оқушыларының атынан пленарлық мәжілісте сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болған 9-сынып оқушысы Абылай Қайратұлы «Әлиханға арнау» жырын оқып, «Әлихан тағылымы» баяндамасын жасады.
№76 мектеп-лицейдегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жалпы 4 секциялық отырыста өз жұмысын жалғастырды. Олар:
1. Әлиханның қазақ тарихын зерттеуге қосқан үлесі
2. Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш кәсіби журналист, тұңғыш публицисті
3. Әлихан Бөкейханның педагогикалық көзқарастары
4. Әлихан Бөкейхан – азаматтықтың жарқын үлгісі
​Осы секцияларға арнап Астана қаласынан бөлек, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Атырау облыстарының мұғалімдері мен оқушылары өз ғылыми баяндамаларын жіберген.
​Келген қонақтар мен конференцияға қатысушылар мектептегі Әлихан Бөкейхан мұражайында болып, оларға жоғары сынып оқушылары экскурсовод қызметін көрсетіп, білім ордаларының атын иеленген тұлғаның өмірі туралы маңызды деректермен таныстырды. Сонымен қатар, мектеп-лицейдің алғыр шәкірттері «Әлихан және Алаш» зияткерлік үстел ойынын көрсетті. Бұл ойын бірнеше жылдан бері мектепаралық сайыс ретінде Астана оқушыларына туған тарихты танытудағы заманауи әдіс ретінде қызмет етіп келеді.
​Пленарлық мәжілістен соң, келген қонақтар әр сыныпқа барып, дәстүрі «Рух сабағын» өткізді. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтып кеткендей, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, келешек үшін аянбай қызмет етер мінезді мұғалімдер мен саналы шәкірттер осындай игі шараларда шыңдалып шығары анық.

Алма Сайлауқызы

Пікірлер