Қорықшының туысы: Полицияның кей сөзімен келіспейміз

2873
Adyrna.kz Telegram
Құралай Әлімова, браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің туысы. Астана, 21 қаңтар 2019 жыл.
Құралай Әлімова, браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің туысы. Астана, 21 қаңтар 2019 жыл.

Астанада 21 қаңтарда браконьерлер шабуылынан қаза тапты деген қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің серіктері мен туыстары жиналып, билік органдарының қорықшы өліміне қатысты таратқан кейбір ақпаратымен келіспейтіндерін мәлімдеді.

"Номад" тұрғынүй кешенінің алдына жиналғандар полицияның қорықшының өліміне қатысты таратқан кейбір мәліметін жоққа шығарды. Өзін Ерлан Нұрғалиевтің келінімін (інісі Нұрлан Нұрғалиевтің әйелі) деп таныстырған Құралай Әлімованың айтуынша, шабуыл жасалған 13 қаңтар күні күйеуіне таныстары хабарласып, ағасының оқыс жағдайға ұшырағанын хабарлаған.

- Күйеуім 13 қаңтар күні кешке естіп, сағат 21-де (шабуыл болған жерге - ред) шығып кетті, таңғы сағат 6-да Астанадағы ауруханаға ағасын өзі алып барды. Сол уақыт аралығында жедел жәрдем, не тікұшақ жібермеген, - деді Құралай Әлімова.

Ол ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың "14 қаңтар күні түске дейін тікұшақ ұшыруға ауа-райы қолайсыз болды" деген сөзін де жоққа шығарды.

Жиналғандар әдетте киік атуға шығатындар арасында "міндетті түрде бұрынғы полиция өкілдері болатынын" айтып, "оқиғаға куә болғандардың", яғни екінші көліктегі адамдардың кім екенін жариялауды талап етті. Өзін Ерлан Нұрғалиевтің жолдасымын деп таныстырған Абзал Масабаев:

- Сол төртеуінің фамилиясын неге айтпайды? Соның ішінде біреуі бұрынғы полицей, біз бәрін біліп отырмыз. Күдікті үшеуі бас-аяғы жеті адам болған, төртеуі міне осындай деп мойнына алып тұр, - деді.

Ауылшаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында "Охотзоопром" республикалық мекемесінің инспекторы киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

17 қаңтар күні журналистер сауалдарына жауап берген министр Қалмұханбет Қасымов "браконьерлердің екі көлікпен жүргенін, "қылмысты бір көліктегі үш адам жасағанын" айтқан. Оның сөзінше, полиция қылмысқа күдіктілерді екінші көліктегі адамдар арқылы анықтаған. Министр "Жаралы қорықшыны ауруханаға жедел жеткізуге не себепті тікұшақ жіберілмеді?" деген сауалға "14 қаңтар күні түске дейін ауа-райы ұшуға қолайсыз болды" деп жауап берген.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер