Дүкендегі бағалармен 70 мың теңгені 30 күнге қалай жеткіземіз? - Ринат Заитов билікке үндеу тастады

2074
Adyrna.kz Telegram

Белгілі айтыскер ақын Ринат Заитов жоғары билік өкілдіріне үндеу тастап, тапқан нәпақасы қант-шайынан аспайтын халықтың қазіргі хәл-жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берулерін сұрады. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы жазады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайыловқа,

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қаринге

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Босымбековна Дуйсеноваға

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа

Бұл хатты жоғарыда аты аталған лауазымды тұлғаларға жолдауымның себебі, қойылғалы тұрған сұрақтың нақты жауабын тек солар ғана бере алатынын білемін. Өкінішке қарай, көтерілгелі тұрған мәселе жалғыз Алматы қаласы  әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ғана емес, күллі халықтың қабырғасына батып тұр.

Құрметті хатта аты көрсетілген ханымдар мен мырзалар!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы, мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының  директоры, айтыскер ақын  және өткенде ғана өткен Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде тікелей болып, президентті өз көзімен көріп, айтқанын өз құлағымен естіген адам ретінде сіздерге бір сұрақ қойғым келеді.

​«Алатау» дәстүрлі өнер театры Алматы қаласына ғана емес, Қазақстан мемлекетінің барлық аумағына атадан қалған асыл мұра - ұлттық дәстүрлі өнерімізді жаңаша үлгіде таныстырып, насихаттап отырған бірден-бір мекеме.

Менің бұл Театрға тағайындалғаныма 703 күн болды. Аталған уақыттың ішінде Қазақстанда Ұлттық өнерге, мәдениетке бар күш-жігерімен үлес қосып, өз мемлекетінің қарыштап дамуын қалайтын азаматтардың бар екеніне менің көзім әбден жетті.

Ол аталмыш Театрдың ұжымы.

Жанға бататыны, жұмысын адал істеп, әкімдіктің жұмсағанына жүгіріп, керегіне жарап, жаңа Президентпен жаңаша өмір сүруге үміттеніп отырған қызметкерлердің жағдайын қанша жасырсақ та күннен-күнге төмендеп барады.

Өйткені, айналаны жайлаған қымбатшылық Театрды да айналып өтпейтіні анық. Күні кеше, біздің депутаттардың ішінен «Қазақстанда кез-келген азаматтың өмір сүруі үшін айына 100 мың теңге жетеді»,- деп жұртты  шулатыпты. Халық депутатты жерден алып, жерге салып «100 мың теңге қайда жетеді?»,- деп өкпеледі.

Дәл осы кезде екі жылға жуық уақыт бойы бірнеше бухгалтерлермен ақылдасып, өзім жауабын таппай жүрген бір сұрақты өздеріңізге қоюға бел будым.

Ендігі сұрақ: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кассирі Сарсенова А.М. үш баланың анасы, ипотека төлеп отыр, айлығы - 74 705 тг. Дәл осындай жағдайдағы контролер Рахымгалиева Г. У. 72 791 тг алады. Ал үйі жоқ  үш баланың анасы контролер Табанова Р. С. 67 044 тг айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. (Тағы сол сияқты 100-ден аса мысал келтіріп бере аламын)

Айтыңыздаршы, дүкендегі бағалармен балалардың қарапайым негізгі қажеттіліктерін ескере отырсақ, көрсетілген ақшаны олар 30 күнге қалай жеткізбек?!

Жауабын сіздер білулеріңіз  керек. Олай дейтін себебім, Мемлекеттің шешуші лауазымдарына орналасып, теледидардан «Қазақстан дамып келе жатыр, елдің жағдайы жаман дейтіндер экстремистер, популистер мен арандатушылар» деп айдар тағып отырған өздеріңіз.

Мені де сол қатарға оңай қоспауларыңыз үшін сұрағыма қанағаттанарлық жауап тауып бере алсаңыздар қызметімді өз еркіммен босатып, сіздердің тараптарыңызға бірде бір жаман сөз айтпай, берген барлық мадақ-атақтарыңызды қайтарып беріп, сонымен қатар айтыстан ұтқан «Асыл домбырамды» сыйға тартуға уәде беремін.

Ертеңге деген үмітпен Ринат Заитов

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер