Алматы қалалық мұрағатында «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері мен қала тұрғындарының кездесуі өтті. Оған осы бірлестіктің төрағасы Болат Құрымбаев, мүшелері Серік Мұхамметаллин, Ералы Мәмбетбаев, Алмагүл Мұхаманова, Гүлжамал Кенжеалиева, Ғани Қалмақбаев және т.б. қатысты.
Кезедесуде желтоқсаншылар өткен күнге шегініс жасап әңгіме бастағанда жиылған қауымның жүрегін шымырлатып, көзіне жас келтірді. Мысалы, Алмагүл Мұхаманова желтоқсан оқиғасы кезінде орыстармен бірге жұмыс істегенін, бірінші күні алаңға барып, милиция қызметкерлерінің жастарды адам айтқысыз айуандықпен қорлағанын езіле жеткізді. Ертесіне бет-аузы үсіп, жұмысқа барғанын, ол жақта алаңға шыққанын біліп, жазаламақ болғанын айтты. Абырой болғанда жұмыс орынындағы жасы егде тартқан қазақ әйелі бәледен аман сақтап қалған. Ал Гүлжамал Кенжалина: «Көтеріліс жайдан-жай болған жоқ. Қонаев атамызды орнынан алып тастаған себебі де аз болатын. Араларыңызда байқап отырмын, жастар да менен үлкен де кісілер отыр екен. Бізді сол кісілер түсінеді деп ойлаймын, 86 жылға дейін де біздің елде қазақ ұлтына қатты қысым жасалған еді. Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды. Қоғамдық көліктегі орыс әйелдерінің қысымы, осындай-осындай қазақты толғандырған мәселелер жиылып келіп желтоқсанда шырқау шегіне жетті» – деді.
Жиында сөз алғандар бірауыздан енді мұндай зұлматтың болмауын тілеп, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалауға шақырды. Бұл шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырды.
Жасұлан Наурызәлі