Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар.Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланып, соған байланысты ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарыпынан қызу талқыланып жатыр. Мақала екі бөлімнен тұрады. Біріншісі «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Жалпы қазақ халқы «жеті» санын ерекше қадірлеп қастерлеп келеді. Елбасының мақаласында да осы қасиетті жеті санды қастерлеп , пайдаланған. Ұлы даланың жеті қыры да осы қасиетті санмен байланысты сипатталады. Яғни қазақ халқының тарихы айрықша беріледі. Негізгі бөлімде Ұлы даланың жеті қырын айқындап береді, соның ішінде «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп әрқайсысына ерекше тоқталады.
Алдымен мақалада қазақ халқының жеті қазынасының бірі болған жылқыға ерекше назар аударылады және жылқыны қолға үйрету қазақ даласынан басталғаны айтылады. Ұлы даланың металлургиясы, яғни соңғы жылдары табылып жатқан тарихи мұралар бабаларымыздың сол кезеңде озық технологиялардан хабары бар екендігінен сыр шертеді. Аң стилі біздің аталарымыздың бұрында өте жоғары өндірістік тәжірибесі бар екенін байқатады. Алтын адамның қазақ жерінде табылуы әлемдік ғылымына қосқан үлесі айрықша екенін көрсетеді. Түркі әлемінің бесігі болып табылатын Қазақстанның рөлі ерекше екенін атап өтуге болады. Ұлы Жібек жолының жаһандық сахнада алар орнын бағалайды. Қазақстанның таулы аймақтары алма мен қызғалдақтың отаны екенін ғылыми түрде дәлелдер береді.
Осы орайда тарихқа үңілетін болсақ, жоғарыда аталған Ұлы Жібек жолы адамзат өркениетіне зор үлес қосты. Батыс пен шығысты, бейбітшілік пен татулықты қалаған әр халықты бір-бірімен қатынас жасауға мүмкіндік берген ұлы да мәдени және сауда-сатық жолы болды. Сол кезде бұл жолдың халықтар арасында экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше септігін тигізді. Соған орай, Елбасымыздың мақаласында аталмыш керуен жолын тілге тиек етуі өте орынды. Келешекте осы жолдың сұлбасымен экономикалық байланыстарды қайта жаңғыртудың әлемдік деңгейдегі маңызы өте зор.
Мақаланың екінші бөлімде «Архив-2025» жобасы жайында айтылуы, өте құптарлық және бұл жобаның көптеген тарихшы мен зиялы қауым тарапынан қолдау тауып отырғаны қуантатын жай. Архив – тарих айнасы, біз келешек ұрпаққа төл тарихымызды қалдыруымыз керек және мұның өзі тарихты тереңірек зерттеуге бетбұрыс жасайды. Өйткені, тарихты білмей, болашақты бағдарлау мүмкін емес. Ұлы даланың тарихына қатысты толғанатын керемет тарихи дүниелер жатыр.
Қазақ елінің қарыштап өркендеп өсуіне, жаһандық өркениеттің маңызды жақтарына көңіл бөлінеді, қоғамда тарихи сананың қалыптасуына серпін береді. Осы орайда, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірген деректер мен дәйектер қазақ ғылымының, ата бабаларымыздың жаһандық өркениетке қосқан үлесі айрықша екенін байқатады.
Осы мақала аясында біздің мәдени құндылықтарымызды қорғау арқылы мәдениеттер тоғысында төл тарихымыз әлемге танылады, басқа үлкен өркениетті елдермен тереміз тең түседі, түркі тайпалырының жаһандық өркениетке қосқан үлесін зерттеулер жүргізу арқылы әлі күнге дейін зерттелмеген дүниелердің кілті табылады, келешекте кең форматтағы жұмыстар атқарылады, тарихшы, шығыстанушыларға өз тарихымызды одан әрі зерттеуге жол ашылады, тарихи сананың жаңаруына септігін тигізеді. Біздің тарихымыз – ұлттың коды, халқымыз өз санасынан бай құндылықтарымызды өз жадыларынан шығармай,қастерлеп,келешегіне сеніммен қарай алады.
Мақала тарихи сананы жаңғыртудың жаңа бастамасы болады, қазақ халқы үшін өте маңызды, тағлымы мол болып, ұлы даланың жеті қырын одан әрі тереңірек ұғынуға және рухани болмысымызға барынша тереңірек үңілуге, оның түйінін шешуге мүмкіндік береді.
Садықова Р.К.