Президент:  IT-компанияларының 40% - дан астамы Алматыда орналасқан

1874
Adyrna.kz Telegram

Ағымдағы жылдың соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басышсы Тоқаев Алматы халқымен кездесуінде:  «Бұл аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, Алматы агломерациясы шеңберінде өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Осы жылдың соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл заң екі аймақтың арасындағы өзара тығыз байланыстар орнатуға негіз болмақ»,-деген ойын жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзіне сүйенсек, әлемнің көптеген мегаполистерінде креативті индустриялар экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Бүгінгі таңда біздің талантты азаматтарымыз осы салада шетелде кеңінен танымал екен.  Осыны басты назарға алған Тоқаев,  «олардың өз елімізде толыққанды дамуы үшін барлық жағдай жасауымыз керек», деген пікірін ортаға салды.

Президенттің айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстанның креативті секторында 19 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл ретте еліміздің барлық IT-компанияларының 40% - дан астамы Алматыда орналасқан.

«Мегаполис цифрлық көшпенділер үшін тартымды орталыққа айналады. Азаматтардың шығармашылық бастамаларын іске асыру үшін жақын арада қалада креативті хабтар мен кластерлер іске қосылады. Мен әкімдіктің бастапқы капиталдандыруы 10 миллиард теңгені құрайтын қалалық венчурлық қор құру туралы идеясын қолдаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жеке қаражат тарту маңызды»,-деді кездесуде Президент.

 

Жиын барысында Мемлекет басшысы шаһардың туристік әлеуеті туралы ой қаузады.

 

«Алматының сұлулығы мен алуан түрлілігі бойынша бірегей табиғаты, бай тарихи-мәдени мұрасы бар. Бұл ішкі және шетелдік туристерді тарту үшін жақсы негіз болып табылады. Коронавирустық шектеулер алынып тасталғаннан кейін Алматыда туристік ағынның қарқынды өсуі байқалады. Тек бірінші жартыжылдықта ішкі туристер саны 1,5 есе, шетелдік туристер саны 2,8 есе өсті. Ашылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Пікірлер