Иран қолжазба қорларынан табылған жәдігерлер

4884
Adyrna.kz Telegram

2022 жылы қазан айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы Ғалия Қамбарбекова мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов «Архив – 2025» бағдарламасы аясында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласындағы кітапхана қорларына барып, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты қолжазбалармен жұмыс істеп қайтты.

Иран елінің астанасы Тегеран қаласында қолжазба қорлары бай бірнеше кітапхана бар. Соның бірегейі — қолжазбаның мол қоры сақталған Мәжіліс кітапханасы. Бұл кітапхана —алғаш рет Иранда құрылған парламент құжаттары мен алғашқы мәжіліс депутаттарының жеке коллекцияларынан құрылған кітапхана.

Бұл күнде Мәжіліс кітапханасының қорында 43 272 қолжазба сақтаулы тұр. Қолжазбалар негізінен араб және парсы тілдерінде жазылған. Бұл қолжазбалардың тақырыптық ауқымы да саналуан. Негізінен қолжазбалардың үлкен бөлігі діни және әдеби тақырыпқа арналған деуге болады. Алайда бұл қолжазбалардың ішінде тарихи және географиялық, сапарнамалар мен естелік шығармалар да аз емес.

«Архив – 2025» бағдарламасы аясында жасалған іссапар барысында бірнеше дереккөзді анықтау мүмкін болды. Оның бірі “Шахнаме Чингизи “атты тарихи дастан. Бұл тарихи дастанның авторы – Шамсуддин Кашани. Илхандар әулетінің билеушісі Сұлтан Әбу Саидтың тұсында өмір сүрген Шамсуддин Кашани Шыңғыс ханның ерлігіне арналған тарихи жыр жазып, оны Сұлтан Әбу Саид Бахадүрге сыйға тартады. Алайда ол кезде Сұлтан Әбу Саид Бахадүр дүниеден озады да бұл шығармамен таныса алмайды. Шығарманың аты “Шахнама-йе Чингизи” деп атаған себебі Фирдаусидың танымал “Шахнама” поэмасына еліктеп таңдағанын автор өзі еңбегінде атап көрсеткен. Өлең түрінде баяндалған тарихи оқиғада Дешті Қыпшақ жерін мекендеген көптеген түрік тайпалары, бүгінгі Қазақстанның жер-су атауларына қатысты атаулар көптеп кездеседі. Аталмыш жырдың бірнеше нұсқасы бар. Оның бірі Мәжіліс кітапханасында сақталса, енді бірі Тегеран университеті Орталық кітапханасында сақталған. Әдетте тарихи жырларды халықтың еңсесін көтеру мақсатында жазатын болған. Алайда Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының ерлігіне арналған жырды жазудағы мақсаты не еді деген заңды сұрақ туындайды. Шамсуддин Кашани ақын ретінде елге кеңінен танылып кете қоймайды. Сондықтан автор сол кездегі Ирандағы билеуші Сұлтан Абу Саид Бахадүрді таңқалдыру үшін және сол арқылы өзінің ақындық қабілетін көрсету үшін осы жырды жазғанын аңғару қиын емес. Алайда моңғолдардың Ирандағы билігі тұсында парсы тілінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының ерліктерін дәріптеген шығармалар жазылған болатын. Олар: Жамиғ ат-тауарих, Жахангушаи Жувейни, Тарих-и Вассаф, Тарих-и Хафиз Абру және т.б. Зерттеушілердің пікірінше осыншама ауқымды еңбектердің тасасында қалып қалған бұл тарихи жыр әлі де тиісті бағасын алмаған.

Тағы бір назар аудартқан шығарма “Қашғар тарихы” деп аталады. Атауы шартты түрде берілген деген мәліметті қолжазбаның форзац бетінен кездестіреміз. Бұл шығарма басында түрік (осман) тілінде Осман сұлтандарының тапсырысымен жазылған. Бірақ іле-шала парсы тіліне аударылған. Негізгі автор – Мұхаммед Атифбек. Ал парсы тіліне сол кездегі Иран шахы Насираддиннің тапсырысымен аударылған. Аудармашы – Қажар әулеті патша сарайының бас аудармашысы «тәржімә баши» Мұхаммед Хасан хан. Аударма 1303 жылы 20 шағбанда жазылған (1886), ал 1307-жылы (1890) Мирза Риза ибн Әли Насауажи қайта көшірген. Аудармашы «Жарраһ» деген лақаб атпен танылған. Мұхаммед Атифбек бұл шығарманы 1886 жылға дейін жазғаны белгілі. Шығармада Қашғарда билік құрған билеушілер Әмір Темір заманынан бастап XIX-ғасырға дейінгі тарихы қысқаша баяндалады. Маңызды қалалары ретінде Ақсу, Йаркенд секілді қалаларды атап көрсетеді. Сонымен қатар Ауғанстан, Кабул, Бадахшан, Памир, Хорезм және Қыпшақия жері туралы да қызықты мәліметтер қамтылған. Бір қызығы “Қыпшақия жері туралы баяндадым енді осы жерде билік құрған патшалардың атын келтірейін деп” таблица түрінде Қыпшақия билеушілерінің тізімін береді. Таблицада патшаның аты-жөні мен дүние салған жылдары көрсетілген. Тізімнің басында Жучи хан ибн Чингиз хан тұрса, ең соңында Шах Ахмад хан тұр.

Сонымен қатар, таблицада әр ханның билігі тұсында орын алған маңызды тарихи оқиғалар жазылған. Бұл жазулар диоганалды түрде және ұсақ әріптермен жазылғандықтан оқылуы қиын екенін айта кеткен жөн. Бұдан басқа Хорезм аймағын баяндағанда онда негізінен төрт маңызды тайпалар бірлестігі бар екендігі айталады. Олар: қаңлы-қыпшақ, үнкүл-маңғыт, ұйғыр-тайман (мүмкін найман?) және қият-қоңырат. Билік негізінен соңғы топтың қолында деп жазады автор. Бұл шығармада Қалмуқстан мемлекеті, яғни қалмақтар туралы да біршама мәліметтер кездеседі. Олардың 150 тайпадан тұратыны мен тайпалық ерекшеліктері де сөз болады. Бір қызығы аудармашы Мұхаммад Хасан хан автордың сөзін аударып қана қоймай оған қосымша түсініктер мен толықтырулар жасаған. Мысалы Ауғанстан деп аталатын шағын бөлімнің аудармасынан кейін «Аудармашыдан қосымша» деп жазып оның астына автор Ауғанстан туралы аз жазғандықтан бұл мәліметті толықтыруды жөн санадым деп біршама мәліметтерді аудармашының өзі қосып жазған. Одан басқа «Ғибрат» деп тақырып қойып осы патшалардың, билеушілердің, сұлтандардың өмірінен не түйеміз деп аудармашы сұрақ қояды. Сосын сол сұраққа өзі жауап береді. Ислам әлімінде бірлік жоқ, билеушілер бірігіп бас көтеріп бір-біріне болысып, қажет жерінде келісіп билік құруды білмейді. Сол себепті де артта қалып барады. Бір кездері ұлан байтақ жерге ие болған ұлыстар бұл күндері ағылшындар мен орыстардың қыспағанда қалды деп ашынады. Бұл сөздерге қарап аудармашының осы еңбекті аударған кезі XIX ғасырдың ауыр да ащы шындығын жеткізуге тырысқанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ аудармашының көзі ашық, бірнеше білді меңгерген, ағартушы әрі ислам елдерінің бірлігін қалаған азамат екенін байқаймыз. Жалпы, шығарма қай жағынан алып қарасақ та қызықты және сан алуан мәліметтерге толы.

Бұдан басқа қолға түскен тағы бір шығарма «Ауған, Қабул, Бұхара, Хиуа және Қоқанд билеушілерінің тарихы» деп аталады. Бұл еңбектің авторы – Мир Әбдул Карим Бұхари. Шығарманың авторы Бұхара хандығының билігіне Әмир Хайдар төренің (1775-1826) билікке келген (1800-1826) жылдарында өмір сүрген. Бұхара ханының елшісі Мирза Мұхаммед Юсуф ибн Суфи Ражап Бай Киши Бухари 1222/1807 жылы Осман сұлтанының сарайына, яғни Стамбұлға елші ретінде бір топ адаммен аттанады. Мир Әбдул Карим Бухари аталмыш елшінің бас хатшысы ретінде бірге аттанады. Мәскеу арқылы ұзақ жол жүріп Стамбұлға келеді. Бұл кезде Осман императорлығының тағында Мұстафа IV (1779-1808) отырған. Бар жоғы екі жыл ғана (1807-1808) билікті болған Мұстафа төртіншінің тұсы тарихи оқиғаларға толы кезең. Ал Бұхарадан Стамбұлға аттанған елшіліктің өкілдері жолға шыққан соң бір жыл өткен соң барлығы дерлік опат болады. Жалғыз тірі қалған тарихи оқиғалардың куәгері Мир Әбдул Карим Осман сұлтандарының сарайында қалып, өз естеліктерін баяндап оны есеп беру ретінде (отчет) жазып шығады. Елшілікке аттанған бір топ адамның қалай қаза тапқандары туралы Мир Әбдул Карим ешбір мәлімет бермейді. Әдетте елшілікке аттанғанда сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша елшілік құрамына сақшылар, жол бастаушылар мен аспаздардан басқа тілмәштар, мәміле жасасқанда шариғат тұрғысынан ақыл-кеңес беретін шейх не молдалар, саясат мәселесі бойынша ақыл-кеңес беретін кеңесшілер, хат пен грамоталарды құжат ретінде дайындайтын кәсіби көшірушілер мен бас хатшы алыс жолға аттанатын болған. Бұхара елшісі де ұзақ та қатерлі сапарға Мәскеу арқылы аттанғанда осындай бір топ адаммен аттанғаны белгілі. Бірақ не себептен бәрі бір жылға жетпей көз жұмып, тек қана бас хатшы тірі қалады деген сұрақ өз зерттеушілерін күтеді. Ал бұл еңбектің авторы әрі Бұхара елшінің бас хатшысы Мир Әбдул Карим сөз жоқ білімді, бірнеше тіл білген, тарихты жақсы меңгерген адам екенін жазған шығармасына қарап білеміз. Мир Әбдул Карим «Өзбек хандары туралы баян» бөлімінде Нәдір шах Үндістаннан қайтып оралғанда Бұхараның билеушісі Абул Файз Субханкули хан (Әбілпейіз хан) – Шыңғыс хан әулетінен шыққан билеуші болатын. Хорезмде Елбарыс хан қазақ – ол да Шыңғыс хан әулетінен шыққан – билеуші еді деп жазады. Сонымен қатар Хорезм, Хиуа туралы баяндағанда қазақтар туралы мәліметтер кездесіп отырады. Бұл оқиғалар XVIII-XIX ғасырлар арасына тиесілі екенін айта кеткен жөн. Парсы тіліндегі шығармаларға тән арасында өлең шумақтары да кездеседі. Бұл еңбектің зерттелуі XVIII-XIX ғасырлардағы Хиуа мен Бұхара хандығы мен оған көршілес елдер, әсіресе сол кездегі Хорезм мен Хиуа маңында өмір сүрген қазақтардың тарихын зерттеуге өзіндік үлесін қосады деген ойдамыз.

Иран қолжазба қорларынан табылған тағы бір қолжазба - “Хикмати Султан Ходжа Ахмад Йасави” деп аталады. Бұл шығарма шағатай түрік тілінде жазылған. Қолжазба Тегеран қаласындағы Мәжіліс кітапханасының қолжазба қорында сақталған. Бірақ тура осы атпен каталогқа немесе электронды картотекаға енбеген. Шығарманың кітапханада сақталған аты – “Асари Шах Машраб Намангани” (Шах Машраб Наманганидың еңбегі). Барлығы 270 парақтан тұратын қолжазбаны каталог құрастырушылар біртұтас еңбек деп ойлаған болса керек. Сондықтан шығармаға бір ғана ат берген. Бірақ бұл қолжазбаны парақтай отырып басында бір шығарма, яғни Шах Машрабтың диуаны, ал екінші жартысы Қожа Ахмет Ясауидің Диуан хикмет шығармасы екендігіне көз жеткізілді. Шах Машраб – өзбек классикалық әдебиетінің өкілі Боборахим Машраб (1657-1711). Сопылық тариқатта болған және сопылық сарында өлеңдер жазған ақынды Шах Машраб деп атап кеткен. Сопылық ойлары үшін көптеген қысымға ұшыраған ақын Ауғанстан, одан ары Үндістан жеріне кетуге мәжбүр болып ақыр соңында Балх әміршісі оны дарға асып өлтіруге бұйрық береді. Ал қолжазбаның екінші бөлімінде кездесетін Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани хикмет” шығармасына келсек, бұл Иран жерінде сақталған осы аттас Ясауи жинағының үшінші нұсқасы деуге болады. Бұған дейін Иран кітапханаларынан “Диуани хикметтің” екі қолжазбасы табылған болатын. Мәжіліс кітапханасының 45 томдық каталогының ешбір жерінде аты аталмаған “Диуани хикмет” осылайша кездейсоқ Шах Машраб диуанымен бірге бір қолжазба етіп көшірілуіне байланысты табылып отыр. Бұл дегеніміз Иран кітапханаларында әлі де Қожа Ахмет Ясауидың “Диуани хикмет” нұсқаларының табылуы мүмкін екендігін білдірсе керек. Екінші жағынан “Диуани хикмет” шығармасы тек түрік халықтарының арасына ғана емес, парсы тілдестер арасына да кең тарағанын білдіреді. Орта ғасырлардан бастап хикметтер жинағы Иран, Үндістан және Анадолы жеріне дейін кең тарағаны белгілі. Одан қала берсе, Иран жерінде көптеген түріктілдес халықтардың тұратынын, тіпті қазақ қандастар мен түркмендердің жаппай қуғын-сүргін кезінде Иранды бас сауғалағанын ескергенде кейбір қолжазбалар осы кездерде Иран жеріне жеткізілуі мүмкін деп шамалауға болады.
Қорыта айтқанда, «Архив – 2025» бағдарламасы аясында Тегеран қаласындағы кітапхана қорларынан бірқатар қолжазбалардың көшірмелері елге әкелінді. Қолжазбалармен жұмыс істеу үлкен ыждағаттылық пен ұзақ уақытты талап ететіні белгілі. Олай болса, алдағы уақытта бұл жұмыс өз жалғасын табады деп сенеміз. Алдағы уақытта елге әкелінген қолжазбалар зерттеліп, ғылыми айналымға енетін болады.

Ғалия Қамбарбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы
Шығыстану факультеті

Пікірлер