“Бұл заңды белден басу ма?»: Депутат прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуді сұрады

2337
Adyrna.kz Telegram

Балағат сөздер насихатқа айналды! Ал сахнаға шығып ұлттық құндылықтарды аяқ асты еткендер неге жай ғана кешірім сұрап құтылуда? Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тәжмағамбетова Мақпал, ҚР бас прокуроры Берік Асылов пен мәдениент және спорт министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Елімізде соңғы уақытта мазмұны боқауыз сөздерге толы, сериалдар қаптап келеді. Мұндай көріністер желіде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын шыққан «Қайрат болма, Адам бол» сериалында қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Мұндай веб-сериалдардың бірі енді толық метражды болып, кинотеатрлардан көрсетілуде. Осыған дәлел қазір Қазақстанда көрсетіліп жатқан «Пацанская история» фильмі. 

Әрине мұндай киноларға ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бұл әрекеттер өскелең ұрпақтың санасын улап, қоғамға кері әсер ететіні анық. Ал ҚР кинематография туралы заңында «21 жастан бастап жас санаты бар фильмдерді кино залдарда кешкі сағат 22:00-ден кейін, таңғы сағат 6-ға дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген. Алайда мұндай фильмдер кешкі сағат алтыдан бастап көрсетіліп жүр. Сонда олар бұл заңды білмегені ме? Әлде заңды белден басу ма?»,- деді депутат.

Одан бөлек, депутат  мұндай қойылымдар тіпті театрларда да көрсетіле бастағанын айта кетті. Ол жоғарыда аталғандарды ескере отырып, заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелерді тексеріп, жауапқа тарту керек деп есептейді.

Ел боламын десең, экраныңды түзе! Бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз!

Пікірлер