Шетелдегі қазақтарға он жыл уақытша елде тұруға мүмкіндік беріледі

1279
Adyrna.kz Telegram

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова шетелдегі  қазақтарға ашылған жаңа мүмкіндіктерді баяндап, Қазақ картасының ерекшеліктерін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ендігіде шетелдегі этникалық қазақтар он жыл уақытша Қазақстанда тұра алады. "Қазақ картасы" аталатын жоба қандастардың ежелгі тамырын тауып, тарихи отанымен байланысуы үшін дайындалған.  Бұл картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, ел тұрғынның құқығымен бірдей болатын мүмкіндіктерге ие болады. Ондай мүмкіндіктерге елге жеңілдетілген кіру құқығы (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу) жатады.

«Қандастарымыз жөнінде еш мәселе жоқ. Олардың келуі бүгінгі таңда қолданыстағы заңда толық қамтылған. Сонымен бірге, шетте жүрген, өз бизнесі бар, бірақ елмен тарихи байланыста болғысы келетін этникалық қазақтар да бар. Сондықтан "Қазақ картасы" деген әлемдік тәжірибеде бар карталардың бірін қолданбақшымыз. Ондағы негізгі түйін – егер шетелдегі этникалық қазақ сол елде тұра берем, бірақ еліме келіп, бизнес ашып, өз елімнің дамуына үлес қосам десе, олардың келіп-кетуіне толық мүмкіндік беріледі және жеңілдетілген визалар беріледі, 10 жылға дейін уақытша тұру мүмкіндігін алады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, биылғы ҚР Президентінің кезекті Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылғаны белгілі.

Пікірлер