«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаевтың айтуынша, Оралдағы ХҚКО-ларға елде уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға «жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру» мемлекеттік қызметі бойынша азаматтардың көптеп келуі байқалады.
– Біздің облыс бойынша 16 халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді, оның ішінде 2-уі Орал қаласында. Ең алдымен, азаматтарымыздың мемлекеттік қызметтерді алуына қолайлы жағдай жасау үшін біз шетелдіктерді Жамбыл көш. 81/2 мекенжайы бойынша орналасқан №1 ХҚО-нда қабылдауды жөн көрдік. Клиенттердің шамадан тыс жиналуын болдырмау үшін Исатай-Махамбет көш. 84 мекенжайында орналасқан №2 ХҚО-нда біздің қала мен облыс азаматтарының мемлекеттік қызметтерді алуына кедергі келтірмеуге жағдай жасалды. Бұл ретте, мемлекеттік қызметтерді №1 ХҚО-нан алғысы келетін жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызмет бірінші кезекте көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетуде ешқандай проблемалық мәселелер орын алған жоқ. Күні бүгінде ЖСН алатын ресейлік азаматтарды тек Жәңгір хан 160/4 мекенжайында қабылдайды. Қазіргі ХҚО бөлімдеріне жолығушы Ресей азаматтарының басым бөлігі ЖСН алуға өтініш беруде. ЖСН алу үшін шетелдіктерден жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі. Ал көрсетілетін қызметті алушының ресми өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат пен өтініші қажет болады, – дейді Надир Шамұратұлы.
Шетелдіктер үшін ЖСН куәлігін беру мерзімі – 1 жұмыс күнін құрайды. ЖСН алу тегін.
Клиенттер «Мобильді ХҚО» қосымшасы, eGov mobile, EgovKzBot2.0 телеграм-боты, eGov электронды үкімет порталы және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы ХҚО-ға кезекке тұру үшін алдын ала тапсырыс бере алады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының БҚО бойынша филиалы жағдайды реттеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Сондай-ақ, қызмет алушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.